ЖЕҢІМПАЗДАР АНЫҚТАЛДЫ

1  221 көрілім

  «Бала шақтан болашаққа – ана тілімен». Қаламызда осындай атаумен облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет балабақша бүлдіршіндері арасында облыстық байқау болып өтті. Өнер мен білім додасының мақсаты – мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету, оны отбасында қолдану аясын кеңейту, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кәсіпқойлығын арттыру, балабақша бүлдіршіндерінің қазақ тілінде сөйлеу деңгейін көтеруге, олардың ой-өрістерін, танымдық қабілеттері мен белсенділіктерін арттыруға, сөздік қорларын молайтуға, өз ойларын тез әрі жылдам жеткізуіне ықпал ету.

  Мемлекеттік Әнұранмен басталған сайыстың салтанатты ашылуында облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан құттықтау сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.

Өңіріміздің барлық аудан, қаласынан 6 жасқа дейінгі 15 үміткер «Мен және балабақшам» (отбасын және балабақшасын таныстыру), «Ойдың көркі – тіл, тілдің көркі сөз» (суретке қарап тақырыпты ашу, берілген тапсырманы бүлдіршін еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізе білуі қажет), «Алақай, менің өнерім!» атты ән, би, өлең оқудан сайысқа түсті. Бойында дарыны мен талабы ұштасқан бүлдіршіндер көп алдына суырылып шығып, өнер көрсетіп, ұлттық салттың сәні мен салтанатын паш етті.

  «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, жарқырап дара озған Құрал Бақдәулет (Сарыағаш) бас жүлдені қанжығасына байлады. Бірінші орынды Айару Нұрланқызы (Бәйдібек ауданы) мен Азилия Бауыржан (Отырар ауданы) жеңіп алды. Екінші орынға Бекжан Талғат, Нұрсанжар Душанов (Түркістан қаласы) және Рабия Айдарқұл (Шардара ауданы) қол жеткізді. Ал, үшінші орынды Айат Болысбек (Төлеби ауданы), Кәусар Минтай (Мақтаарал ауданы), Ұлбосын Қонысбек (Түлкібас ауданы), Айша Ауесхан (Арыс қаласы) иеленді. Ал, қалған қатысушы балғындардың барлығына ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдармен бірге бағалы және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

  Еліміздің болашағы бүгінгі бүлдіршіндер мен жастар. Сондықтан, олар алғыр, білгір, зерек, полиглот болуы қажет. Осындай қасиеттерді бойына сіңіру отбасыдан, балабақшадан басталады. Бүлдіршіннің бойына білім мен Отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда балабақшаның рөлі мен орны ерекше. Негізгі білім іргетасын қалау, қызушылығын арттыру, еңбек пен тәртіпке баулуда тәрбиешілердің ықпалы мен еңбегі зор. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен байқау осы бағыттағы жолдың бір баспалдағы десек болады.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы