Қала әкімі Р.Аюпов: “ҚЫЗМЕТ ТҮРЛЕРІНІҢ БАРЛЫҒЫН ЦИФРЛАНДЫРУҒА КҮШ САЛАМЫЗ”

1  186 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына ерекше назар аударған болатын. Осы мақсатта, кеше еліміздегі барлық өңір, қала, ауылдық маңызы бар қала, аудан, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдері республикалық бірыңғай азаматтарды қабылдау күнін өткізді. Аталмыш шара Түркістан облысында да өз жалғасын тауып, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындардың өтініштеріне зер салды. Тарқатып айтсақ, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың халықпен тікелей байланыс орнатып, көкейдегі сауалдарына ден қоюды мақсат еткен қабылдау күнінде шаһар тұрғындары шешімін таппай жүрген сансыз сауалдардың жауабына қанық болды.


Республикалық бірыңғай азаматтарды қабылдау күні (ашық есік күні) аясында газ, жер, жұмыссыздық, жол, пәтер сынды көптеген күрмеулі мәселелер кеңінен қозғалды.


Қыс мезгілінде кез келген тұрғын үшін көмір мәселесі сұрақ туындатады. Соның ішінде, көше бойында қаппен сатылуына тосқауыл қою жайы да айтылды. Нәтижесінде, адам денсаулығына зияны мен қала экологиясына төнетін қауіп азаяды деген ойларын айтты. Мәселен, Кеңес үкіметі кезінде көше жиегінде қаптап сатылатын көмірлердің сапасын қарайтын арнайы мекемелер болған. Ал, қазір оны бақылап, таразыдан өткізетін, бақылайтын ешкім жоқ. Сондықтан, көше бойында сатуға енді тосқауыл қойылуы ықтимал. Дегенмен, қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ету ісі әлі де жалғасуда. Қала әкімінің сөзінше, Түркістан 2020 жылдың күз мезгіліне дейін толықтай газдандырылады.


Түркістандықтардың жұмыссыздықты жою үшін зауыт салу керектігі жөнінде айтылған сауалдарға шаһар басшысы өңірде түрлі зауыттар салу бағытында тиісті қолдау және инвесторларды тарту шаралары жүргізіліп жатқандығын, сонымен бірге, азық-түлік бағасын тұрақтандыру барысында күнделікті ішіп-жемге арналған Үкімет бекіткен 19 тағам түрінің қымбаттамау жайы да жіті қадағаланатынына тоқталды.


Мүмкіндігі шектеулі азаматтары бар немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға берілетін көмектерде кезегімен немесе уақытылы бермеу сынды мәселе де айтылды. Бұл бойынша Рашид Абатұлы шынайы болу үшін цифрлық қызметке көшу бойынша мәслихатта қаралатынын және балалар үшін мерекелік кештер де ұйымдастырылатынын баса айтты.


Айта кетейік, сағат 9:00-де басталған ашық кездесу кешкі 19:00-ге дейін жалғасады. Ал, тұрғындардан түскен барлық ұсыныстар мен өтініштер бойынша тиісті бөлім басшыларының қадағалауына тапсырылып, белгілі уақытта нәтижесін көрсетеді деген сенім бар.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы