Қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Түркістан жоғары медицина колледжінің белсенді студенттері шаһарымыздың бүкіләлемдік «Біріккен қала және жергілікті билік» атты ұйымға мүше болуына байланысты өз қуаныштарын видеожолдау арқылы жеткізді. Жуырда ғана облыс орталығына айналған киелі мекеннің бүкіләлемдік ұйымның құрамына кіруі түркістандықтар үшін ғана емес, Қазақстан үшін де жетістік екені даусыз. Түркістан жоғары медицина колледжінің жастар ісі маманы Б.Дүкенбай: «Бүгін біз үшін тарихи оқиға. Себебі, қаламыздың тарих пен мәдениеттің ошағы екендігі туралы бейнебаяндар 120 елге еркін тарайтын болады. Қанша мыңдаған қалалар қасиетті шаһардың сұлулығына тамсанып, түркі әлемінің, Шығыстың ғұламалары бас иген, білім алған, топырағын қастерлеген құндылықтар ордасы болғанын өз көздерімен тамашалауға мүмкіндік алады. Кәсіпкерлік дамып, экономикамыз жақсаратындығына шексіз қуаныштымын. Жастар жылындағы керемет жаңалықтардың бірі болды деп есептеймін», – деген пікірін білдірді.
Қазақ хандығының астанасы болған облыс орталығының бүгінгі мәртебесі тағы да асқақтап, жаңа мақсаттар мен жаңа ойларды іске асыруға серпін бермек.
«Түркістан-ақпарат».