Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында Елен Әлімжанның «Бір қазаққа – бір қатын» атты комедиясының тұсаукесері өтті.

Комедиялық қойылымда бір аулада тұратын көршілердің бастан кешкен қызықты оқиғалары, ерлі-зайыптылардың бір-біріне сенбеуі, бірін-бірі қызғануы секілді сезімдері суреттеледі. Дүниенің қызығы – бала деген… Алайда, басты кейіпкерлер отбасын емес, кәсібін ойлап басты орынға шығарып алады. Олардың бірі бала орнына итін құшақтаса, екіншісі үй толған алтынын жанға серік еткен.
Қамшының сабындай қысқа өмірдің мәні ақша емес, ұрпақ екендігін көршілерге жаңадан қосылған Азат пен Гүлжан өздерінің парасат пайымының арқасында ұғындыра отырып, «қызмет» деп жүріп бала сүю бақытынан кеш қалған екі отбасының «жетімдер үйінен» бала асырап алуына ұйытқы болады.
Жиылған көрерменнің езуіне күлкі үйіре отырып, көңілдеріне ой салған премьера екі күн қатарынан көпшілікке ұсынылды.
«Түркістан-ақпарат».