Отбасы – шағын мемлекет. Сол шағын мемлекетте өзара түсініспеушілік орын алып тұрады. Оған екі тарап та себепкер. Осындай жағдайлар орын алмас үшін қаламызда «Отбасылық сот» пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында пікірталас өтті. Қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Десе де, қазіргі таңда кей отбасы мәңгі бірге болуға серттесіп, уақыт өте келе бір-бірін түсінісе алмай екі жаққа кетіп жатады.

«Жоғары соттың бастамасы бойынша қазіргі таңда «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жүргізілуде. Соның шеңберінде біз бірқатар мемлекеттік және мемлекеттік емес органдармен меморандумға отырған болатынбыз. Нәтижесінде, неке бұзу туралы талап-арызбен жүгінген азаматтармен жұмыс жүргізетін топ құрылған. Сол топтың құрамы келіп, неке бұзу туралы талап-арызымен жүгінген азаматтармен кездесу жүргізіп, өз ақыл кеңестерін айтады. Бүгінде әрбір отбасыны сақтап қалуға мүмкіндіктер жасау үшін осындай жұмыстар атқарып жатырмыз. 25 отбасымен психологтар жұмыс жасауының нәтижесінде біршама отбасы тату күн кешіп жатыр», – деді Түркістан қалалық сотының судьясы Қымбат Шыңғысбаева.
«Қарты бар елдің – қазынасы бар». Пилоттық жоба аясында қарттарымыздың үлестері орасан. Облыстық ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Жұмаділлә Кішібаевтың айтуынша, отбасы мәселесі бойынша көп арыздар түседі. Былтырғы жылы 56 отбасымен жеке байланыс орнатудың нәтижесінде сотқа жеткізбей өзара татуластырған. «Ортақ» елді мекенінде 9 отбасы ажырасқан. Соның ішінде 6 жанұяны қайта табыстырған. Ажырасудың басты себебі қаржы жетіспеушілігінен туындайды деген қариямыз, отбасын сақтап қалу үшін екі тарапты бітімгерлікке шақырды.

Жоба аясында келеңсіз жайттар орын алған жағдайда мобильді топ құрылған. Ол жерде психолог мамандары жұмыс жасайды. Мемлекеттік емес ұйымның өкілдері, психолог мамандарының сөйлесу нәтижесінде неке бұзу істері міндетті түрде азаятын болады. Егер сізге күш көрсету немесе келеңсіз жағдай орын алса +7(7253-3) 7-23-83 сенім телефонына хабарласыңыз. Келіп түскен хабарлама бойынша тұрғылықты жеріңізде көмек көрсетілетін болады.
ШЫНАР ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
«Түркістан»