Қаламызда “Мәуліт мәртебесі” атты рухани кеші өтті. Дін өкілдері мен тұрғындар қатысқан мағыналы жиын “Мәлік патша”, “Сахаба Біләлдің Пайғамбарды аңсауы” тақырыптарындағы қойылыдармен есте қалды. Сахна төріндегі сомдалған Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры әртістерінің спектакльдағы образы құдды бір көне заманға бойлатқандай әсер қалдырды.

Облыстық және қалалық мешіттердің ұйымдастыруымен өткен мерекелік кеште ұстаз Сүлеймен Моллатілеуұлы мен Камран Шерахмет бастаған жас қарилар тобы “Мәуліт” жырын араб және қазақ тілінде оқыды. Тағылымды шара қала әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұловтың құттықтау сөзімен жалғасты.

Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді театр ұжымына ҚМДБ-ның төрағасы Серікбай қажы Ораздың алғыс хатын тапсырды. Еліміздің бас мүфтиінің дәл осындай құрметіне қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов пен “Бірлік” елді мекеніндегі “Жұма” мешітінің имамы Жахонгир Адилханұлы да ие болды.

Пайғамбарымыздың өміржолы дәріптелген күнде Дәурен Әбдуәлиевтің отбасына баспана кілті табысталды. Ұлық мерекеде “Сарыағаш” медресе-колледжінің директоры, ұстаз Абдіғаппар Сманов мәртебелі меймандарға Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) жайлы насихат айтты.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
“Түркістан”.
Суреттер автордікі.