АЛТЫНДАЙ БОЛМАС АСЫЛ ТАС

2  642 көрілім

Қазіргі таңда Түркістанды түркі дүниесінің түп төркіні десек, еш қателеспейміз. Өйткені, қаншама саяхатшылар алыс-жақын шетелдерден ағылып келіп жатыр. Олардың дені Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне зиярат етуге келеді. Алдымен Арыстанбапқа барып, түнейді. Ел арасында: «Арыстанбапқа түне, Ясауиден тіле» деген мәтел бекер қалыптаспаған.

Кеше Керуен сарайда болып, тамаша әсер алдық. Мен Түркістанға осыдан алты жыл бұрын келгенмін. Айырмашылығы жер мен көктей. Әлі де бұдан да ғажайып қалаға айналатындығына сенімдімін. Түркістан қазақ даласының керемет мақтанышына айналған қала болыпты. Ризамыз. Соған қатты қуанып жүрміз.

Осыдан бірер жыл бұрын Түркі дүниесінің рухани орталығы деген абыройлы атақ берілді. Енді биыл күзде өтетін түркі әлемінің 10-саммитінде осы атағын одан да зорайта түспек. Осы қарсаңда Түркістанның рухани дамуына көз жүгіртіп көрдіңіз бе?

Жаңадан ашылған әкімшілік орталығының сыртында мәдени, бұқаралық спортты дамытуға арналған әсем ғимараттар бой көтерген екен. Алдымен адам салауатты өмір салтын ұстанса, дініне кәміл сеніп иман келтірсе, ол жастың рухани дамуына даңғыл жол ашылады емес пе? Өзім кинорежиссер, документалист болғандықтан рухани жағына тоқталайын. Түркістанның «Тұран Түркістан» телеарнасының басшысы Мұрат Бекбаевқа жолығып төрт-бес фильмімді бердім. «Айғақ», жаңадан ашылған «Түркістан» телерналарының тұрақты көрушісімін. Бұған Тельман Бейсенов, Жанахмет Ағыбаев секілді елге танымал жігіттер келіп жатыр екен. Бәріне ақжол тілеймін. Кереметтей жақсы бағдарламалар, тың ізденістер бар. Енді осы телеарналар өздерін бұдан да әрі шыңдап, түркі дүниесіне шыға алатындай еркін форматтағы мәдени, тарихи, танымдық бағдарламаларға ойыса түссе, халықаралық дәрежеге көтерілсе деген тілегім бар. Оған министрлік те бас-көз болуы тиіс. Өйткені, қазақ елінің қаншама даналары мен батырлары, билері кесене ішінде жатса, Түркістанға бүкіл Алаштың ардақтылары тоқтаған. Түркі дүниесіне ортақ қызмет еткен.

Сіз осы киноиндустрияға қалай келдіңіз және қандай туындыларыңыз бар?

Мен киноиндустрияға 2004 жылы келдім. Оған дейін «Қазақфильмнің» дубляж студиясында керемет талантты тұлғалармен бірге қызмет еттім. Майталмандар кешегі Әнуарбек Молдабеков, Мұхтар Бақтыгереев, Шарипа апай, Әмина Өмірзақова, Атакелді Смайыловтардың көзін көрдік. Сол кісілердің шарапатына бөлендік. Дубляжды алғаш рет көрдім. Ұлжан Қолдауова деген апамыз болды. Ол кісі таяуда қайтыс болды. Сондай талантты режиссерлерден көп тәжірибе алдым. Одан кейін Сатыбалды Нарымбетов, Болат Қалымбетовпен қызметтес болдық. Қастарында жүріп, режис­сураның қыр-сырын үйрендім. Негізінен, актер­лікті, әншілікті Кәукен Кенжетаевтың класында оқып, 1986 жылы бітіріп шықтық. Көптеген талантты курстас жігіттер мен қыздар өңірлердегі драма театрларында жемісті қызмет етіп жүр. 2004 жылы «Шахар» телестудиясында қызмет етіп жүргенімде Зейнегүл Сейсенова деген апайымыздың қолдауымен алғашқы фильмді түсірдім. Гүлфайрус Смайылова туралы өзі актриса, суретші «Ботагөзде» басты рольде, «Қыз Жібекте» оның анасының ролін сомдаған ғажайып талантты жан болатын. Хадиша Бөкеева туралы «Сахна саңлағы», Кәукен Кенжетаев ағамыз туралы «Кенжетайдың кенжесі», тұңғыш бишіміз Шара Жиенқұлова туралы «Есіңе мені алғайсың», одан кейін 397 фашистің көзін жойған батыр атамыз Панфилов дивизиясының мақтанышы Төлеуғали Әбдібеков жайлы «Сұрмерген» деген фильм түсірдім. Ол кісіге былтыр «Халық Қаһарманы» атағы берілді. «Желтоқсандағы жеті қыз» деген фильмінде Сәуле Жиреншина, Ұлбосын Айтөлен, Айсұлу деген журналист қыздардың «Қазақстан-1» телеарнасында көрсеткен ерліктері туралы баяндадым. 2008 жылы «Шырағың сөнбесін» деген қазақ әйелі туралы фильм түсірдім. Бұл туындыларымның барлығы республикалық телеарналарда көрсетілді. Әлі де қайталап көрсетіп жатқандары бар. Еліміздің халқының он миллионға жуықтаған қазағы мол оңтүстіктің халқы көрсін деген ниетпен «Тұран Түркістан» телеарнасының директоры Мұрат Бекбаевқа аманаттап, тапсырдым. Жалпы өнер адамдарының, журналистердің түпкі мақсаты -халыққа сапалы қызмет ету. Халық үшін қызмет етіп жатқаннан кейін ел оны көріп, өзі бағасын береді.

Осы фильмдеріңіздің жаңа форматтағы нұсқалары өзіңізде сақталды ма, бар ма қазір? Жаңадан ашылған телеарналарға да бере аласыз ба?

Қазір өзіммен алып жүрмін. Барлық телеарнаға бере аламын. Сандық форматтағы нұсқалары бар. Мен алғаш актерлік қызметімді
театр өнер институтын бітірген соң екі жыл Жетісай халық драма театрында қызмет еттім. Жетісайда жетілдім. Көптеген рөлдерді ойнадым. Алтынбек Оңалбаев, Бөрі Исаев секілді ұстаздарым болды. Ол кісілерден театрдың қыр-сырын үйрендім. Кейін бұл кісілер де Кәукен Кенжетаев ағам да ренжіп қалды. Менің театрды тастап киноиндустрияға кеткенімді қаламады. Кино саласында мен желтоқсан оқиғасына қатысты «Аллажар» фильмінде Қалдыбай Әбеновпен бірге алты жыл жұмыс жасадым. Сол кісінің желтоқсан оқиғасына қатысты ассистенті болдым. Қалдыбай енді оңтүстіктің тумасы. Мәскеудегі ВГИК-ті бітірген. Атақты «Азаттық» фильмін түсірген Озеровтің шәкірті. Мен осындай талантты тұлғалардың ізін жалғастырушымын. Ол кісінің шәкіртімін деп айтсам жарасады. Ендігі жерде оңтүстіктің телеарналарымен тығыз байланыс жасауды жоспарлап отырмын. Тельман, Жанахмет деген журналист жігіттермен тез тіл табысамыз деген ойдамын. Түркістан түркі дүниесінің бесігі болғандықтан оның рухани баюына әрқайсымыз қолдан келген көмегімізді аямауымыз керек. Қалай болғанда халықаралық дәрежеде, адамзатқа ортақ құндылықтарды насихаттауымыз керек.

Өзіңіздің қазіргі киноиндустрияға көңіліңіз тола ма?

Жақында талантты, көнекөз қариямыз журналиске берген сұхбатында «Шыңғыс Айтматов қалай кетті қырғыздың киноиндустриясынан береке кетті. Қазақстанда қалай Шәкен Аймановтың көзі кетті ұлттық киномыздың берекесі қашты» деген пікірін білдірді. Қазіргі таңда қазақтың исі аңқып тұрған ұлттық киномыз жоқтың қасы десе де болады. Қазір киноны бизнеске айналдырып жүрген жігіттер бар. Бүгін көрсең, келесі күні көргің келмей қалады. Одан кейін көрерменнің талғам деңгейін түсіріп жібердік. Қандай жағдай болғанда да, қазақ қазақ болып қалатындай ұлттық идеология қажет. Қазақшылығымыздан аулақтап кетіп бара жатқанымыз өте өкінішті. Жастарымыздың бәріне топырақ шаша алмаймын. Теледидарда арзан күлкі. Ұлттық рухты көтеретін сүбелі нәрселер тумай тұр. Қазақтың тарихын, тілін білмейтін дүбәрә жандар ұлттық киноны бассалып, бизнеске айналдырып жатыр. Ұлтжанды, тарихты терең білетін режиссерлар аз. Саусақпен санарлық.

Қазақтың алғашқы ұлт зиялылары, Алаштың арыстары осы Түркістанда қызмет еткен жоқ па?

Иә дұрыс айтасыз. Ұлттық арналар әдемі дүниелер жасап жатыр. Өткенде Әлкей Марғұлан жайлы фильм түсірілді. Мен ол фильмде эпизодтық рөлді ойнадым. Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтпаев, Әлихан Бөкейханұлы жайлы көптеген фильмдер қолға алынып жатыр. Қадамдары жаман емес. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Жақсы дүниелер өмірге келеді деген ойдамын.

«Көш жүре түзеледі» екен деп қол қусырып қарап отыра беруге бола ма екен? Біздің киноиндустриямыз көршілес өзбектен де, қырғыз­дан да қалып кеткені жасырын емес. Оның сыртында түріктің, корейдің көне фильмдерін талғажау қылып отырған жоқпыз ба?

Оныңыз рас. Мен ұлттық арналардан түріктің, корейдің, Индияның драмалық фильмдерін көрсетуге қарсымын. Соны сатып алуға кеткен ақшаға, өзіміздің телеарналарымызда кереметтей сериалдар түсіруге мүмкіндігіміз жетеді. Жас­тарымызда осы фильмдердегі кейіпкерлерге еліктеу­шілік пайда болады. Қазірдің өзінде шетел фильмдерінің кейіпкерлеріне сөз сөйлегенде, киімін кигенде еліктеушілік бар. Осыны тиісті министрліктер қолға алуы керек. Әрине, түсіріліп жатыр. Бірақ көңіл көншітпейді. Алдағы уақытта әрбір телеарнаға өзіміздің дәстүріміз, салтымыз, тарихымыз, тарихи тұлғаларымыз жөнінде жазуға тапсырыс беріліп, қаржыландырылуы керек.
-Сіз енді театрдың да, киноның да актерісіз. Киноға түскен театр актерлерінің даусы дарылдап кететінін түсінбеймін.

Театрдың өз стилі бар. Онда сонау артқы орындықта отырған көрерменге актердің дауысы жетуі керек. Кинода ондай емес. Онда театрдағыдай керемет ойнаудың қажеті жоқ. Осыны түсінген мықты, майталман актерлар кино мен театрды қатар алып жүре береді. Оның әрқайсысының өзіндік мектебі бар.

Кімге еліктейсіз. Кімді ұстаз тұтасыз?

Менің еліктейтіндерім театр тарландары, қариялар, көненің көздері ғой. Өзімнің ұстазым Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев ағам. Әрине, бәріміздің піріміз – Шәкен Айманов. Мен концерттік бағдарламаларымда ол кісінің «Жиырма бес» атты өлеңін орындаймын. Оны театр басшылары жоғары бағалады.

Қазір кәсіби журналистерден гөрі бло­герлерді жоғары бағалау көрініс алып бара жатыр. Осы туралы не дейсіз?

Менің ойымша, барлық мәдени салада жылдар бойы тер төккен кәсіби, майталман мамандарды бағалау кемшін. Соның бірі журналистерден гөрі бесіктен белі шықпағандардың шала сауатты жазбалары шығатын, тик-токерлердің дәуірі жүріп тұр. Блогерлер белгілі бір тараптың мүддесіне сатылады. Кейде «ары таза» адамды да қаралап жатады. Бүкіл өмірін халыққа арнаған талантты ақын, әншілеріміз, актерлеріміз өкінішке орай, екінің бірі алып жатқан атаққа жете алмай жатады. Мен ондаған жылдар бойы Алматыда, Астанада пәтер жалдап тұрып жатқан өз саласына шынайы берілген таланттарды білемін. Олардың бар кінәсі билікті жағаламауы, жарамсақтанбауы. Көзінің тірісінде «вальстің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовты өз дәрежесінде бағалай алдық па? Сол кісі қайтыс боларының алдында ғана Қазақстанның халық әртісі атағын алды. Өмірінің соңында гаражда тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қараңызшы?! Сондай таланттар ел арасында өте көп. Соны іздей білу керек. Кезінде Шәкен Айманов таланттарды ел ішінен іздеп тапқан. Мәселен, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болып тұрған кезінде Шерхан Мұртаза атамыз өңірлерден Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова сынды таланттарды қызметке шақырып алған. «Қазақстан» телерадиокомитетінің төрағасы бол­ған тұсында қала әкімі Заманбек Нұрқаділовке кіріп, 200 журналиске пәтер әперген. Қайда біздің осындай көреген, тұлғалы ағаларымыз?

Қазіргі таңда кітап шығару. Оны оқыр­мандарға ұсыну жайы да аса өзекті мәселеге айналып кеткен жоқ па?

Қазір білесіз бе? Кезінде Әзілхан Нұршайықов, Мұқағали Мақатаевтардың кітабын іздеп жүріп, қолдан –қолға тигізбей оқитын едік. Қазір жастар мүлдем кітап оқымайды деп айта алмаймын. Біз кітаптың беделін түсіріп жібердік. Қазір екінің бірі, кімнің ақшасы бар, сол өзінің әкесі туралы кітап шығарады. Қарапайым тілмен айтқанда ақша билеген заман. Небір талантты жігіттер оқылатын кітабын шығара алмай жүр. Өкіметтің қолдауымен шығып жатқан тамаша кітаптар да бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Олардың насихаты төмен.

Түркістанның бес жылдығына орай айтатын талап-тілегіңізді білсек.

Мағжан Жұмабаев көреген ақын болған екен деп ойлаймын. Түркістанды Мағжандай көкке көтерген ақын жоқ. «Түркістан екі дүние есігі ғой» деуінің өзі ғажап емес пе? Түркістанның әлемдік дәрежеге көтерілетін кезі алда. Ол болашақтың еншісінде.
Мен кеше ғана Ясауи кесенесіне келген кезімде, онда жиналған нөпір халыққа таң қалдым. Керуен сарайда да халық толы. Халықтың қызығушылығы, қолдауы үлкен биік белестерге бастайды. Жаңа қаламыз 21 ғасырдың ғажайып қаласы болғалы тұр. Адамдары да өте бауырмал, кішіпейіл, қонақжай. Нағыз қазақи орта қалыптасып келеді. Қаймағы бұзылмаған қазақшылық осында екен. Бұл қазағымыздың мақтанышы. Бүкіл түркі дүниесінің басы қосылатын құтты мекен. Соңғы жылдары өзіңіз де байқап отырсыз, саяси жағдайларға байланысты түркі жұртының басы қосылып жатыр. Жаһандануға жұтылып кетпеудің амалы осы. Біз бейбіт халықпыз. Ешқашан ешкімге жаманшылық ойлап, қарсы шықпаған халықпыз. Елімізді, жерімізді бейбіт аспан астында қорғап жүрген елміз. Сондықтан түркістандықтарға, өзімнің әріптес шығармашылық жолындағы жандарға сәттілік тілеймін. Мемлекетіміздің мәртебесі биік болсын!

Ғазизхан, салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы