ЖАСАНДЫ КӨЛДЕР ЖАЙЛЫЛЫҚ СЫЙЛАЙДЫ

586 көрілім

Бүгінде Түркістанда заманауи ғимараттармен қатар демалыс орындарының да саны артуда. Рухани шаһар қолайлы географиялық аймақта орналасқандықтан мұндағы халық ежелден отырықшы тұрмыс салтын ұстанады. Ал облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері бұл қалада тұрғын үйлер көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен 2018 жылы Түркістан облысы халқының саны 1 983 969 адам болса, 4 жылдың ішінде ол 285 216 адамға көбейіп, жалпы 2 269 185 адамға жеткен. Ал қаланың өзінде 221 102 адам тұрады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түсетіні анық.

Сондай-ақ, Түркістанда туризмдік бағыт қарқынды дамуда. Соның ішінде жағажай туризмін ерекше атап өтуге болады. Мәселен, мемлекет басшысының жолдауына сәйкес, аймақта жасанды көл құрылысы қолға алынған. Осыған орай, 2025 жылға дейін жалпы көлемі 1,7 миллиард текше метр болатын 9 су қоймасын салу жоспарланған болатын. Тиісінше, олар Қазақстанның 6 облысында пайда болады делінген. Нәтижесінде, Түркістан облысында «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасының құрылысы аяқталып, бүгінде өңір климатына едәуір үлес қосты. Мәселен, өткен жылы құрылысы басталған жасанды көлге су “Кеңсай-Қосқорған” су қоймасынан жиналады. Бұдан бөлек, Түркістан қаласы аумағында жағажай демалыс орындарын ұйымдастыру мақсатында жасанды көл, ескек есу каналы, туристік-рекреациялық аумақ салынып жатыр. Сонымен, қала аумағындағы жасанды көлдің сыйымдылығы мен орналасқан аймақтарына тереңірек үңілсек.

«ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫ»


Жалпы алғанда Түркістан қаласында 4 жасанды көл бар. Оның ең алғашқысы былтыр қолданысқа берілген «Президент саябағы». Аумағы 40 гектар болатын саябаққа 7 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы – 100 мың текше метрге жуық. Тереңдігі – 4 метр.

Президент саябағындағы жасанды көл

Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жалпы, саябақтың көгалдандырылған аумағының көлемі – 25 гектарға жуық, 3500 шаршы метрге гүл егілген. Аллея, субұрқақтары мен балалар ойын алаңшалары, орындықтары мен жүгіру және веложолы бар. Сонымен бірге, жаңа саябақта 7 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Әлемнің бірнеше мемлекетінен елімізде сирек кездесетін ағаш түрлері әкелінген. Жарықшамдар орнатылған. Алдағы уақытта саябақта кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған біршама жобалар жүзеге аспақ. Аталған саябақ құрылысын «Bazis Construction» ЖШС жүргізген. Аталмыш нысан құрылысына 13,510 млрд (13 510 632 522) қаржы бөлінген. Құрылыс 2020 жылы басталып, 2022 жылы аяқталды.

«ШАҒА» ЖАҒАЖАЙЫ

Қаладағы екінші демалыс аумағының құрылысы 2020 жылы қараша айында басталды. Жалпы ауданы – 81 гектар. Ал суының сыйымдылығы – 2,5 млн. текше метрге жуық. Қазіргі таңда жасанды су айдынында 2 млн. текше метр су бар. Көктемгі суды қабылдайтын, су жіберетін каналдар да дайын.

Шаға жағажайы

Жағажайда емдік қасиетке ие шағыл құм төселіп, ағаш отырғызылған. Жаңа туристік нысанға баратын жолдың сапасы да жоғары деңгейде. Алдағы уақытта балалар демалыс аумағы, элиталық коттедждер мен қонақүйлер, аквапарк салынады деп жоспарланып отыр.
Аталған саябақ құрылысын «Bas construction» ЖШС компаниясы жүргізген. Аталмыш нысан құрылысына 8,845 млрд (8 845 819 956) қаржы бөлінген. 2022 жылдың маусым айында №1 участок пайдалануға тапсырылды.


13 КӨШЕНІҢ БОЙЫНДАҒЫ ЖАСАНДЫ КӨЛ


«Жаңа қала» аумағындағы жасанды көлі бар саябақ құрылысы қарқынды. Жасанды көлдің аумағы – 56 000 м3. Жаңа саябақ Түркістандағы тартымды демалыс орындарының бірі болады деген жоспар бар. Жасанды көлдің аумағына тірек қабырғасының бетон құю жұмыстары жүргізілген. Нысан аумағында орналасқан 6 ғимараттың инженерлік желілері тартылған. Жаяу жүргіншілер көпірі ортанылған.

Бүгінгі таңда, шатыр жабу жұмыстары, сонымен қатар, қоршауларды бояу, абаттандыру, ғимараттардың ішкі әрлеуі, көгалдандыру, субұрқақтың құрал-жабдықтарын орнату, шатырларды орнату, ғимараттардың қасбет жұмыстары жүргізілуде.
Аталған саябақ құрылысын «Павлодарский речной порт» ЖШС компаниясы жүргізуде. Аталмыш нысан құрылысына 5 млрд (5 067 537 669) қаржы бөлінген.

ЕСКЕК ЕСУ КАНАЛЫ

Одан бөлек, облыс орталығында «Түркістан қаласында спорт кешендері бар есу каналын салу» жобасы қолға алынған. Құрылыс-монтаж жұмыс­тары барысында ескек есу базасының топырағы қайта нығыздалып, төселген. Резервуарларын бетондау жұмыстары жүргізілген.

Олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектар жерге жайғасқан. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңіне сәйкес облыс орталығының жан-жағы жасыл белдеумен көмкеріліп, бау-бақша аумағын арттыру жоспарланған. Нысанның жалпы жер ауданы – 99га, су сыйымдылығы – 2 млн.м3. Жоба құрылысы 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Аталған саябақ құрылысын «Қаратас Майнинг» ЖШС компаниясы жүргізеді.

2025 жылға дейін жасанды көлдер әлеуеті артып, өңір халқына пайдалы болатыны сөзсіз. Себебі, Түркістандағы жағажай туризмі қалаға келуші қонақтарға таптырмас демалыс орнына айналады. Рухани шаһарға зиярат етіп келген туристер, өздері ұнатқан саябақта демалып, қала халқының негізгі әлеуетімен таныс болады. Сондай-ақ, аталмыш жобалар іске қосылып, туристік нысан ретінде жұмыс бастаса жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады.

Ғалия БИСЕЙІТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы