Түркістанда саялы демалыс орындарының саны күн санап артып келеді. Бұл әрине облыс орталығының тұрғындары үшін жағымды жаңалық. Жуырда ғана саябақтардың қатарын ресми түрде лентасы қиылып, пайдалануға берілген «Гүлдер» саябағы толықтырды. Одан өзге Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының маңындағы аллея қаланың ажарын көркемдей түссе, Нұртас Оңдасынов кешені де өзіндік оны бар жанға жайлылық сыйлайтын демалыс аймағы.

Сәні мен салтанаты келіскен саябақтардың көркемдігіне сын боларлық әрекеттерді көргенде еңбектің еш кеткеніндей көрінеді. Жігерлі жастар деп сенген өскелең буын өкілдерінің немқұрайлылық танытқаны әбестік болып тұр. Демалыс аумақтары серуенге емес сезім білдіру тақтасына айналып кеткен дерсің.

Мақаланы әзірлеу кезінде «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мекемесінің жұмысшыларымен әңгімелескен едік. Көңілдерінде реніш, қаланың қарапайым тұрғыны ретінде жанашырлық пейілде. «Әсем дүниені тәрк етпесе» деген құптарлық ойда.

Көпке топырақ шашуға негіз жоқ. Дегенмен, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» баламасыз кейпінің нақ үлгісі осы. Көзге қораш көрінер орындықтар мен бастырмалардағы (беседка) түрлі-түсті жазбаларды үңіліп оқып, ғашықтардың хат алмасу бекеті ме деген ойға қаларыңыз анық. Сіз қандай пікірдесіз, қайтпек керек?..
Мүмкін ерсі әрекет Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы қорғанның қабырғаларындағы жазулардан бастау алған ба екен беймәлім? Жергілікті тұрғындар бұл жайттың сан рет куәсі болған. Қазіргі уақытта жазбалар өшірілгенімен жарадан қалған іздей байқалып тұр.

«Хош делік» – деп мән бермей өтуге болмас. Олқылықты болдырмауды, қате қадам екені санаға сіңдіріп, түсіндіру шараларын қолға алмаса әдет – дағдыға айналмасына кім кепіл…
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».