ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ ӨМІР – ӨЗЕН

1  322 көрілім

Жақында Түркістан қаласындағы «Ерқанат Тәңірбергенов атындағы индустриалды техникалық» колледжінде Рақымберді Тәңірбергеновтің «Өмір – өзен» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жиын барысында шаһарымыздың зиялы қауым өкілдері бас қосып, кітаптың мазмұны жөнінде ой бөлісті.

Кешке келген ел ағалары естеліктерден сыр шертіп, жастарға жөн көрсетіп, бар білгенін ортаға салды. Дөңгелек үстел үстінде пікір алысқан зиялылар қауымы өз замандасына сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

Кітаптың тұсаукесері жоғары дәрежеде өтіп, кешке келген қонақтардың көңілін көтерді. Үнемі өтетін іс-шаралардан бұл жиынның ерекшелігі көп болды. Олай деуімізге бірден-бір себеп, жиынның соңы өңіріміздің маңдайалды өнерпаздары келіп, ән айтса, облыс ақындары сахна төріне шығып, сырға толы естеліктерді қойнына бүккен кітаптың сырын жырға қосты.

Кешке келген зиялылар қатарында философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай жиналған қауымға кітаптың мазмұнын тарқата отырып, пікір білдірді: «Ислам философиясында үш деңгей бар. Біріншісі құдайды тану. Екіншісі дүниені тану. Үшіншісі өзіңді тану. Міне, осы үш деңгейді де біздің қазақтың маңдайына біткен ақыны Абай Құнанбайұлы да 38-қара сөзінде айтып кеткен «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала» дейді. Міне, осы тұста біз өз ұрпағымызға білім мен ғылымды үйретуіміз арқылы ғана Алланы, дүнияны және өзін танытамыз. Сол секілді бүгінгі басқосуымызға арқау болып отырған Рақымберді Көлбайұлының «Өмір-өзен» атты авторды толғандырған ой-пайымдары келер ұрпаққа үлгі-өнеге болар жинақ ретінде бағалауымызға болады», деп қорытындылады. Сондай-ақ, Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлектер қауымдастығы координаторы Мариям Тасболатқызы да тұсаукесер шарасының мәні мен маңызы жөніндегі ойларын ортаға салды. Сөз барысында « Мен бұл кітапты оқи отырып, көп нәрсеге ой жүгірттім. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарға ақсақалдарымыздың жас отбасыларға берген ақыл-кеңестері жатады. Міне, осы секілді ортамызда жүрген ел ағаларымыз жаңадан отау құрған отбасыларға өзіндік ақыл-кеңестерін айтып отырса қазір белең алып тұрған басты тақырыптардың көбісіне тосқауыл болар ма едік. Осы секілді түйіндерді тарқатудың көп жолы осы «Өмір – өзен» кітабында тайға таңба басқандай жазылған. Қолыма осы кітап тиген сәттен кітап беттерін парақтап отырып-ақ кітаптың мазмұны ағамыздың өз өмірінен түйгені туралы екенін байқадым. Осындай өміршең туындылар көп болсын!» деп жылы лебізін білдірді.

«Өмір – өзен» кітабының мазмұны, қазақ жастарына керекті тәлім-тәрбие туралы жазылған. Кітаптың алғашқы бетін ашқаннан-ақ автордың «Мен Алла қаласа, амандық болса келесі жылы 75 жасқа қадам басамын» деп бастаған жолына куә боласыз. Ауызын ашса жүрегі көрінетін әр қазақтың кеудесінде бір адалдығы мен шындығы болары сөзсіз. Осы сөзге бірден бір себеп «Өмір – өзен» кітабының авторы Рақымберді Тәңірбергенов десек те болады. Кітап авторы 75 жасқа дейінгі жүрген жолын еске алып, қателігі мен кемшілігінен бір түйін түйіп, соны кітап бетіне түсірген. Рақымберді Тәңірбергеновтің мамандығы инженер-механик болса да, әдебиетке бір қадам жақын адам. Олай деуімізге бірден-бір себеп, талай ақын-жазушылар мен айтыскер ақындарға демеуші болумен қатар, өзі де өмірден көрген – түйгендерін қағаз бетіне түсіріп, бір кітаптың авторы атануы.

Ержан СМАҒҰЛ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы