Аудан әкімдігі өткізген брифингтегі ең басты мәселелердің бірі жайылымдық жер мәселесі. Жалпы Сауран аудан бойынша жер көлемі – 721,7 мың гектар. 2022 жылы 48,5 мың гектар жерді елді мекенге ортақ жайылымға қайтару жоспарланған болса, нақты 51,3 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылып, жоспар артығымен орындалған. 2023 жылға жоспар 29,5 мың гектар белгіленген. Осы ретте жұмысшы топпен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жайылыммен қамтамасыз ету сызбалары әзірленді. Алдағы уақытта жайылым мәселесі толығымен шешілетінін айтты Ғалымжан Қарабайұлы.
ҚҰРЫЛЫСЫ КҮШЕЙГЕН – САУРАН
Сауран ауданы бойынша 36 елдімекен ішінде, тұрғындарының саны 5 мың адамнан асатын 6 елді мекен және 5 мың адамға дейінгі 26 елдімекен бас жоспармен және оңтайландырылған жобалармен қамтылған. Аудан орталығы Шорнақ елді мекеніндегі әкімшілік іскерлік орталығында 5 ғимараттың және инженерлік коммуникациялық желілерінің құрылысы жүруде. Сонымен қатар, Бабайқорған елді мекенінде «Спорт зал» құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы нысанды тапсыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Бабайқорған елді мекенінде «Клуб және кітапхана» құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, облыстық бюджетке қаржыландыруға ұсынылыпты. Аудандық бюджет есебінен Шорнақ, Иассы, Үшқайық, Шаға ауыл округтерінде ветеринарлық бекеттің құрылысына, Үшқайық және Жаңа Иқан ауыл округтерінен «Спорт зал» құрылысына, Жібек жолы ауыл округі әкімшілігі ғимаратының құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ БАСТАМАЛАР
Білімді жастар – ауданның болашағы. Сондықтан, жаңарған Сауранда да бұл салаға ерекше мән беріліп келеді. Жалпы, Сауран ауданы бойынша бастауыш және жалпы орта білім беретін 48 күндізгі мектеп жұмыс атқаруда. Ондағы балалар саны – 23 мың 719 баланы құрайды. Алдағы уақытта, Шорнақ ауыл округі, Қосмезгіл ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы және Оранғай ауыл округінде 150 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде, нысандар 2023 жылы пайдалануға тапсырылады. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық қанатқақты жобасы аясында 5 мектептің құрылысы жоспарланған. Олар: 2023 жылы Үшқайық ауыл округі, С.Қожанов ауылында 300 орындық мектеп, Иассы ауыл округі, Еңбекші Дихан ауылында 600 орындық мектеп және Шорнақ ауыл округі, Аша ауылында 900 орындық мектеп бой түземек. Ал, 2024 жылға Майдантал ауыл округі, Ынталы ауылында 900 орындық мектеп, Қарашық ауыл округі, Құмтүйін ауылында 900 орындық мектеп құрылысы жоспарланғанын да жасырмады аудан әкімі.
Ауданда 12 мектепте оқушылар тасымалы ұйымдастырылған. 2023 жылы барлық қауіпсіздік құралымен қамтамасыз етілген 5 арнайы автобус алынды.
Мектепке дейінгі 48 бала бақша, 5 мың 198 баланы қамтып отыр.
СПОРТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТТІҢ ДАМУЫ КЕЛТЕ ҚАЛМАЙДЫ
Ауданда 41 спорт нысандары бар. Жалпы ауданда бұқаралық спорттық іс-шаралармен 39,9 мың адам қамтылды. Қазіргі таңда ауданның жастары Кентау және Түркістан қалаларында спортпен шұғылдануда. Осыған байланысты ауданда 2 спорт мектебін ашу бойынша жұмыстар жүруде. Шорнақ елді мекенінде «Спорт кешені» құрылысына, Ибата және Теке елді мекендеріне спорт зал құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, ауданда 4 мәдениет үйі, 11 ауылдық клуб және 29 кітапхана қызмет көрсетеді. 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Ескі Иқан ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Қарашық ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық бюджетке қаржыландыруға өтінім жолданды. Сондай-ақ, Шорнақ елді мекенінде «500 орындық мәдениет үйі» құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді Ғалымжан Үсенбаев.
ТАРИХЫ ТЕРЕҢ САУРАН ТУРИЗМДІ ТҮРЛЕНДІРУГЕ НИЕТТІ
Ауданның экономикалық әлеуетін дамытудың негізгі бағыттарының бірі туристік кластерді дамыту болып табылады. Аудан аумағында 54 тарихи-мәдени нысандар бар. Келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарапынан Ескі Сауран қалашығының аумағынан «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан Жүсіп ата кесенесіне «Сапар орталығы» мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталды. Бекітілген кешенді жоспарға сәйкес 2022 жылы туризм саласында негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 500,0 миллион теңге болса, нақты 811,8 миллион теңге тартылып, 162,3 пайызға орындалған. Ағымдағы жылы туризм саласында жалпы құны 345,0 миллион теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске асырылып, 20 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін жоба құны 2 миллиард 974,0 миллион теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Аталған жобалар іске қосылған жағдайда 80 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП ТЕ РЕТТЕЛЕ ТҮСУДЕ
2023 жылдың І-тоқсанында 30 қылмыс тіркелген. Оның ішінде: ерекше ауыр 1, ауыр 9, ауырлығы орташа 14, онша ауыр емес 4, киын-қылықтар 2. Жалпы қылмыстардың саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға азайған көрінеді.