Түркістанда жаңадан ашылған дендросаябақ ағаштарының қурағаны жайлы әлеуметтік желіде видео тарап кеткен болатын. Артынша қоғам белсенділері мен халық қалаулылары бұл мәселе төңірегінде сын-ескертпелер айтып, ағаштардың күтімсіз қалғанын жазды. Алайда, арадан көп уақыт өтпей «Түркістан дендросаябағындағы қылқан жапырақты ағаштар күн сәулесінің әсерінен сарғайып жатыр» деген болжам ортаға шықты. Сонымен халық арасында талқыға айналған тақырып сарыны екі тарапқа бөлінді. Бірінші топ ағаштарды күн сәулесі қуратып жібергеніне иланса, екінші топ, керісінше, бұл мүлдем ақылға қонымсыз сандырақ деп табандап отыр. Тиісінше біз бүгін, халық көкейін күпті еткен тақырып төңірегінде арнайы сараптама жасап, қураған ағаштарға қарата айтылатын дақпырттарға нүкте қоямыз.
Түркістан дендросаябағындағы қылқан жапырақты ағаштар күн сәулесінің әсерінен сарғайып жатыр деген тұжырымды биология ғылымдарының кандидаты Баһадүр Юсупов мәлімдеген болатын. Алдымен, бұл ақпаратты нақтылау мақсатында ғалымның өзіне хабарласып мән-жайды білдік.
«100 пайыз күн сәулесінен қурап кеткен»

«Дәл солай айтқаным рас. Қазір көбісі менің бұл тұжырымыма келіспеуде. Енді оған сенуді әркім өзі шешер. Мен көп жылдық тәжірибесі бар маман ретінде осындай қорытынды жасадым. Биыл қыс ерекше болды. Қыстың соңғы күндерінде ағаштардағы судың азаюына байланысты әрі күн сәулесінің түсуінен жапырақтар күйіп кеткен. Әсіресе, ұзақ жатып қалған қарға түскен сәуле шағылысып, ағаштарға қатты әсер еткен. Алдағы уақытта күйген жапырақтар түсіп, орнына жаңасы шығады. Бәрі орнына келеді. Осы мәселе ортаға шыққан күні әкімдіктен адамдар хабарласты. Ағаштардың неліктен қурап жатқандығын сұрап, кеңес алды. Мен жасыл желектердің бүгінгі жағдайын көріп осылай қорытынды жасадым. Себебі өзіңіз барып, анықтап қарасаңыз «эльдар қарағайы» ғана қурап кеткен. Эльдар қарағайы өте сезімтал ағаш. Бұл жағдай тек Түркістан қаласында ғана емес, Шымкентте, сондай-ақ көрші Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкент қаласында байқалып отыр. Барлығында эльдар қарағайы қурап, өнім бермей отыр. Оның себебі, тікелей Түркістан климатының биыл күрт өзгеруінен. Басқа ағаштарды қайдам, Түркістан дендросаябағындағы «эльдар қарағайы» 100 пайыз күн сәулесінен қурап кеткен. Бұл тұжырымды енді ағаш егудегі нағыз мамандар ғана біледі» – дейді Баһадүр Юсупов.
Эльдар қарағайы – құрғақшылыққа төзімді өсімдік. Кәдімгі қарағайдан айырмашылығы сабақтары 2-3 есе ұзын болып келеді. Тез өсетін, арзан ағаш болғандықтан Әзірбайжан көшелері мен саябақтары осы ағаштың көмегімен безендірелді екен. Дәл осы ағаштың түрі 2019 жылы Ташкентке егілгені рас. Алайда биыл ағаштардың қурағаны жайлы интернет беттерінен іздеп таппадық. Ал РҚБ «Байтақ Болашақ» экологиялық Альянсының төрағасы Ғани Назарбек ғалым тұжырымдамасымен келіспейтін тұстары да бар екенін айтады.
«Ақшаны желге шашқандай боламыз»

«Ол кісі тікелей күн сәулесінен қурап кеткен деп тұжырым жасапты. Мен бірнеше кәсіби мамандардан осы тақырып төңірегінде пікір сұрап көрдім. Түркістан дедросаябағында қурап жатқан эльдар қарағайлары өкінішке қарай, өткен жылғы қыстың суығына шыдай алмаған. Ақпан айларында қыс қатты болды. Бұрын соңды ондай суық Түркістанда болмаған еді. Міне соның салдарынан ағаштар суықтан қурап кеткен. Бірақ мамандар тамыры тірі екенін айтады. Демек қайта қалпына келуі де мүмкін. Бірақ ешкім оған 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Суыққа төзе алмаған эльдар қарағайлары ғана. Демек қала ішіндегі өзге ағаштардың бұл тұжырымға еш қатысы жоқ. Негізі Түркістанға қылқан жапырақты қарағай егу керек болса онда қырым тұқымдасын егу керек. Болмаса Көкшетау жақта өсетін қарапайым түрлерін ексе болар еді. Біздің табиғатымызға солар ғана бейімді. Қарағайдың дәл осы түрін бұрын Шымкент қаласына да еккен. Бүгінде олардың барлығы қурап қалған. Біздегі ағаштардың көбісі сырттан келген. Ұтылатын тұсымыз осы. Себебі олар бірнеше күн жолда бөгеледі, оларды орналастырғанға дейін тағы уақыт өтеді. Сонымен көбісі жерсіне алмай қурап қалады. Не болса да өзіміздің тұқымбақтардан егу қажет. Екінші мәселе, бізде зерттеу, кәсіби мамандардан кеңес алу деген түсінік жоқ. Мысалы Түркістан облыс орталығы болғаннан бері ағаштар егіліп жатыр. Бірақ өсіп, жайқалып тұрғандары өте сирек. Ал негізінен 5 жылдың ішінде 4-5 метрге дейін өсуі қажет. Ал қалада ағаштардың барлығы әлі бір метр деңгейінде. Ағаштар қурайды, орнын толықтырады. Жалпы осы процесс жүруде. Бес жыл дегеніміз жасыл желектер үшін өте көп уақыт. Одан бөлек, Түркістан қаласының аумағы әр түрлі топырақтан тұрады. Түркістан кішкентай қала болса да бір жеріне ағаш егуге болады, енді бір жеріне егуге мүлдем болмайды. Осындай табиғи технологияларды сақтамайды. Салдары табиғатқа зиян. Ақшаны желге шашқандай боламыз» – дейді Ғани Назарбек.
Ғани Назарбек айтқан мәлімет әбден шындыққа жанасады. Себебі биыл Оңтүстік өңірде бұрын-соңды мұндай қатты суық болмаған. Қала ішіндегі жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарымен «Жасыл Түркістан» КММ айналысады. Мекеме басшысы Ақәділ Қондыбаев бұл даулы мәселеде жалғыз бір мекемені кінәлай беру дұрыс еместігін айтады.
«Қуарап жатқан ағаштардың барлығы біздің мекемеге қарамайды»
«Біріншіден, ол Түркістан дендросаябақ емес «Түркістан саябағы». Ол аймақ 2022 жылы көктемде қала қарамағына алынды. Әлеуметтік желіде қызу талқыға салынып кеткенінен хабардармыз. Бірақ суару жұмыстары нашар, күтімі дұрыс болмады деп айтылатын сындарға келіспейміз. Себебі өзімізге тиесілі барлық аймақтың жасыл желектерін жіті бақылауда ұстаймыз. Түркістан саябағындағы ағаштардың қурап жатқанын көріп, арнайы маманнан кеңес сұрап, Баһадүр Юсуповқа хабарластық. Себебі қанша күтіп-баптасақ та сол ағаштардың бабын таппадық. Ол кісі саябақтағы ағаштарды көрді де күн сәулесінен қурағандығын кесіп айтты. Себебі олардың тамырлары өлмеген. Қайта көгеріп кетуі әбден мүмкін. Одан бөлек, ағаштарға қыруар қаржы кетті деп байбалам салудың қажеті жоқ. Мысалы сол саябақтағы ағаштарды отырғызған «Шымкент жасыл қала» мердігер компаниясы 5 жыл бойы келтірген шығындарды қайта өтеп, қадағалап отыруға міндетті. Қазір «қурады» деген ағаштарға біз тиіспейміз. Осы мәселенің соңын күтеміз. Оларды әдеттегіше суарып, баптай береміз. Себебі маман сөзіне сенсек, олар қайтадан көгереді. Бізге айтылып жатқан сындар өте көп. Мәселен бізде 335 адам қызмет етеді. Оның ішінде кеңселік жұмыскерлер де бар. Мен әр қызметкерімнің жұмысына көңілім толады. Себебі олар жасыл желектердің қамы үшін қызмет етуде. Осы мәселе көтерілгенде олардың ұнжырғасы түсіп кеткені рас. Былайша айтқанда күндіз-түні күтіп баптап, барыңды салып жатасың, бірақ еститінің тек жағымсыз пікір. Мен халық тарапынан айтылып жатқан ескертпелерге мән беріп қарадым. Орынды. Бірақ зерттеп қарасаңыз, қуарап жатқан ағаштардың барлығы біздің мекемеге қарамайды. Түркістан облыс орталығы болған жылы әр аудан әр секторға ағаш егіп, күтіп-баптау жұмыстарын өздері жүргізуге міндеттелген болатын. Бүгінде қала ішінде 16 сектор бар. Сол секторларға бөлінген жасыл желектер жерсіне алмай, қурап жатыр. Ал тұрғындар сол аймақтардың барлығы біздің мекемеге қарайды деп ойлайды. Осы тұрғыда, облыс әкімінің орынбасарына қызметтік хат жолдадым. Онда 16 сектор бойынша аудан, қала әкімдігіне бекітілген көшелерде егілген ағаш көшеттеріне тиісті дәрежеде күтіп-баптау жұмыстары жүргізілмей жатқанын айтып, біздің мекеме меншігіне өткізуге ұсыныс тастадым. Одан бөлек, Түркістан климатына төзе алмаған бірнеше ағаштардан бас тарттық. Мысалы «павловния» есімді ағаштан түбегейлі бас тарттық. Өте әдемі, ерекше болғанымен өңір климатына қолайлы келмеді. Оның орнына қарағай ағаштары егілді» – дейді,«Жасыл Түркістан» КММ директоры Ақәділ Қондыбаев.

Ақәділ Қондыбаевпен сұқбаттан соң қала ішіндегі бірнеше нысандарды аралап шықтық. Көбінесе секторларға белгіленген ағаштар қурап, қараусыз қалғанына көзіміз жетті. Алайда, Түркістан саябағындағы ағаштардың қурап қалғаны ешқандай дәлеудеуді қажет етпейтін дүние. Ендігі ағаштардың тағдыры қалай болады деген сауалымызға мекеме басшысы ары қарай күтіп-баптау жұмыстары жүргізіле беретіндігін жеткізді. Ал ағаштарды «күн сәулесі күйдіріп жібергені рас па» деген сауалымызға екі түрлі маман өз тұжырымдарын келтірді. Дегенмен, ағаштарды жерсіндірмей тұрып, кәсіби мамандармен ақылдасып, жөн сұрамау салдарынан осындай мәселеге тап болып жатқанымыз жасырын емес. Себебі эльдар қарағайын жерсіндірмей тұрып, алдын алуға болар еді. Бірақ болжамға сүйенсек, Түркістан саябағындағы ағаштардың тамыры тірі. Ағаштардың ендігі тағдыры қалай, ары қарай жерсініп кете ме, әлде, сол қалпында қала ма ешкім 100 пайыз кепілдік бере алмайтыны анық. Алайда, даулы мәселеде тәуекел жасап, енді әліптің артын бағуға мәжбүрміз.
Ғалия БИСЕЙІТ