- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
НЕМЕСЕ АҚЖАҒАЛЫЛАРДЫҢ ТҮРКІСТАНДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ТӘСІЛІ ӘЗІРГЕ ТҮСІНІКСІЗ БОЛЫП ТҰР
Шырылдаған шеберлердің базынасы бір. Олар: «Сүріледі деп сылтауратқан нысанды қайта қолөнер орталығына айналдырсақ. Туристерді қоғамдық тамақтану орнымен емес, ұлттық өнерімізбен қызықтырып тарту әлдеқайда артық» деген ниетте. Енді осы өтінішке құлақ асатын жан бар ма екен деп журналист жолға шықты.
Арзанға сатылған мемлекет меншігі, сенімсіздеу сенімгерлік, турист тартамыз деп тартып алынған ғимарат. Бұл облыс орталығына айналған Түркістанда жиі айтылатын сөздер. Бүгінде бұрынғы қалалық әкімдік ғимараты жекенің меншігіне айналып, әкімдік қызметкерлері елміздің тарихы тұнып тұрған этномузейге қоныстанған еді. Сондай-ақ, талай жылдан бері рухани шаһардың мәдени ошағы болған Мәдениет үйі де жекеге сатылды. Соның салдарынан осы сала мамандары әлі күнге дейін мәдениет үйіне қол жеткізе алмай, әр жерге бір қоныстанып келеді. Біздің айтпағымыз бұл емес. Осыдан он жыл бұрын ел игілігіне берілген Қолөнер орталығы жайында болмақ.
Қолөнер орталығы 2013 жылы 28 желтоқсанда сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметовтың қатысуымен салтанатты түрде ашылған.

Жергілікті қолөнершілерді бір орталыққа шоғырландырып, олар өндірген өнімдер мен туындыларын тап сол жерде саудалайтын және аталған тіршілікпен біте қайнасып жүріп оқушыларды ата кәсіпке баулитын арнайы үйірмелері бар осынау жобаның ел аумағында баламасы жоқ еді. Үш бөліктен тұратын нысанның бірінші бөлігінде 20-дан астам халық шебері алғашқы күннен бастап, шеберханаларда жұмыс жасаған. Осыдан он жыл бұрынғы есеппен осында орналасқан шеберлердің айлық орташа табыс көзі 200-250 мың теңгені құрайтын еді. Кесенеге келген туристердің күре жолының бойына орналасқан қолөнер орталығы жергілікті шеберлер мен сатушылардың таптырмас табыс көзіндей еді. Екінші бөлігінде 2 көрме залы және 300-ге тарта балаға арналған үйірме сыныптары мен қолөнер мектебінің әкімшілігіне арналған кабинеттер орналасқан. Ал ғимараттың үшінші бөлігі ұлттық қолөнер бұйымдары мен кәдесый бұйымдарын сатуға арналған сауда орталығы еді. Алайда бөркін аспанға атып қуанған қолөнершілер, сауда жасаушылар мен ұл-қыздарын ұлттық өнерге баулуды көздеген ата-аналардың қуанышы небәрі алты-ақ жылға созылды.
Жүйелі жұмыс істеп келген шеберлер ордасы Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы аласапыранға түсті. Онда қоныстанушы мемлекеттік мекемелер көбейіп, соңында нысан мемлекет мұқтаждығы үшін сүріледі деген желеумен шеберлерді басқа жерге көшуге мәжбүрлеген. Шырылдаған шеберлер сүріледі деген ғимарат сол қалпында осы күні асханаға айналғанына ашулы.

«Қолөнер мектебі ашылғалы сонда жұмыс істеп келемін. Лентасы қиылып пайдалануға берілгенде бүкіл түркістандық қуанды десем артық айтпағандық болар. Балалар мен жасөспірімдер бос уақытын тиімді пайдалануы үшін бой тіктеген еді. Алты жылға жуық жаңа ғимаратта дәріс бердік. Жеткен жетістіктеріміз де жоқ емес. Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы мектебімізден мән кетті. Себебі ғимаратымызға түрлі мекемелер келіп жайғасты. Бұл сабақ беру мен бұйым жасауға кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті дүние. Алдағы уақытта нысан сүріледі деп биліктегілер басқа жерге қоныс аударуымызды сұрады. Сұрады дегеннен бұйырды дегеніміз дұрыс шығар. С.Қожанов бойындағы үш бөлмелі кеңес дәуірінде козарма болған орынға жайғастық. Бүгінде ата-аналар тозығы жеткен орынды көріп балаларын үйірмеге жіберуге үрейленеді. Қыста астымыздан сыз, төбемізден су өтіп жалаңаяқ адамдай күн кешудеміз»,- дейді Нұрдәулет Аманқұл.
2000 жылдан бері осы орталықтың салынуына күш салған жанның бірі Жантөре Байдәулетов өз сөзінде түркістандықтардың арманына айналған өтінішін жинақтап билік басындағыларға шаһарға қолөнер орталығы керек екендігін жеткізгенін айтады.

«250 адамның қолы қойылып, қолөнер орталығы салынсын деген ұсыныспен қақпаған есігіміз қалмады. 2000 жылдан бері Түркістанда қандай әкім қызмет етсе соның барлығының табалдырығын тоздырдық. 2013 жылы марқұм сол кездегі қала басшысы Әліпбек Өсербаевтың қолдауымен орталық бой көтеріп пайдалануға берілген болатын. Бірнеше жыл сол орталықта басшылық қызметте болдым. Жас шәкірттерді тәрбиелеп осы салаға баулыдық. Сол шақта мұндай орталық елімізде рухани шаһарда ғана болды. Көптің тілегімен салынған ғимарат біреудің бизнесін дамытуға берілгені жанға батады», дейді бұрынғы директоры Жантөре Байдәулетов.
Кімге сатылды немесе сенімгерлікке берілді деген сауалмен қалалық әкімдіктің есігін қақтық. Орналасқан жері оңтайлы орталық қалалық инфрақұрылым және коммуникация бөліміне тиесілі болған. Бөлім басшысы Ерсейіт Бұқарбаевтың айтуынша туризмді дамыту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында нысан бір жыл бұрын «Асель & Co» мекемесіне сенімгерлікке берілген. Арнайы құжаттарымен танысуға ниет білдіріп едік, мекеме басшысы ресми құжатты көрсетуден бас тартты. Алдағы уақытта бұл мәселені әлі де зерделей түсуді көздеп отырмыз.
М.ДӘУЛЕТОВ,
О.ҚАСЫМБЕК,
«Түркістан».