Түркістан шаһарына облыстық мәртебе берген тұста келген шығармашылық иелері әрбір салада қаланың саяси, экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосып жүр. Солардың бірі һәм бірегейі республиканың түкпір-түкпірінде қызмет етіп, шыңдалған шағында журналист Ескендір Ертай «Түркістан» газетіне тілші болып орналасты. 2021 жылы мамырда «Сауран» аудандық газеті ашылған кезде жауапты хатшы қызметін қоса атқаруға кірісті. Бүгінге дейін аудандық басылымның 74 нөмірі жарық көріпті. Шағын ұжымның ширақ қимылының басы-қасында жүрген әріптесіміз туралы толғасақ.
Үлкен-кішілі ортада белгілі журналист Ескендір Ертай туралы әңгіме қозғала қалса, танитындардың езу тартпайтындары жоқтың қасы. Себебі, Есағаң Қазақстанның түкпір-түкпірін шарлап, бармаған жері баспаған тауы жоқ көрінеді. Журналистердің ішінде газетті, теле-радионы, ақпарат агенттігі, баспасөз қызметін бес саусағындай меңгерген жан сирек кездеседі.
…Әріден бастасақ, Біржан салдың «Есен-аман жүрмісің, Ләйлім шырақ? Жаңа таптым ауылыңды көптен сұрап» дегеніндей, Ескендір Абытханұлы Түркістаннан жетпіс шақырым жердегі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Бірлік кеңшарында 1960 жылы дүниеге келіп, осы ауылдағы орта мектепті бітірген соң, «Жалын» құрылысшы жастар бригадасында еңбек жолын бастайды. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы кезінде Қиыр Шығыстағы Амур облысында шекаралық әскери қызметте азаматтық борышын өтеді. Сол жылы әскерден жолдамамен келіп С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика мамандығы бойынша дайындық курсына түсіп, оның толық курсын 1986 жылы бітіріп шығады.

Сол кездегі «Қазақстан» телерадиокомитетінің төрағасы С. Әшімбаевтың жолдамасымен Орал облыстық телерадио комитетіне редактор болып кіріседі. Сол жылдары «Орал өңірі» газетінің кілең «сен-тұр мен атайын» Мақсот Ізім, Александр Тасболатов, Боранбай Ғалиев, Ғайсағали Сейтақов сынды қаламы қалыптасқан тілшілерімен етене араласады. Ескендірдің Орал казактарының қозғалысы туралы «Ақжайықтағы айқай», қазақ моласының үстіне мектеп салғысы келген билікке қарсы шығып «Әруақ аттап, ардан безгендер» атты мақаласы «Лениншіл жасқа» шығып республиканың көлемінде қозғау салады. Ертеңіне мақалаға орай ақын Ғ. Қайырбековтің «Төбе шашым тік тұрды» пікірі «Лениншіл жаста» жарық көрген соң қала билігі шешімін өзгертті. Қала билігінің қысастығы салдарынан өздері салған үйлеріне кіре алмай отырған, кіргендері де жарықсыз, сусыз, газсыз отырған жас отбасылары туралы «Социалистік Қазақстан» газетіне «Қараңғыда қармаланғандар» атты мақала жазып, оларға араша түсті. Әділеттілік қалпына келді. Айта берсек Есағаңның мұндай қалам қайраткерлігіне мысал көп-ақ.
Ескендір Ертай одан әрі Қостанай облыстық телерадиокомпаниясына редактор, бас редактор болды. 1996 жылы Ақмолаға қоныс аударып, «Қазақстан» РТРК-ның Парламенттегі тілшісі бола жүріп, «Астана» студиясының іргетасын қаласады. Жаңа ғасырдың басында «Цесна Азия» телекомпаниясында, «Шарайна» ақпарат агенттігінде, «Қазақпарат» ұлттық компаниясында, «Азат Еуропа», «Азаттық» радиосында тілші-репортер қызметтерін абыройлы атқарды.
2008-2018 жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның Бұқарамен байланыс департаментінде менеджер болып қызмет етеді. Айқын», «Қазақстан теміржолшысы» газеттерінде, «Заң» газетінің Астанадағы тілшісі болып қызмет атқарады. Осы жылдары республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын» басылымдарымен етене араласып, «Алтын Орда», «Халық сөзі» газеттеріне мақалаларын үзбей жариялап отырды.
Баспасөз қызметімен қатар шығармашылығын қатар өрбітіп 2013 жылы «Қазақстан» РТРК тапсырысымен «Қазмедиа» холдингпен бірлесіп, операторы Дархан Хасенов екеуі еліміздің қайталанбас табиғаты туралы «Мәлім де беймәлім Қазақстан» атты он екі деректі фильм түсірді. Ол орыс тіліне аударылып «Неизведеный Казахстан» болып республикаға тарады. Ескендір тың тақырыптарға ғана емес, экономикалық-өндірістік тақырыптарға қалам сілтеп, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов ұйымдастырған «Алтын қалам» сыйлығының 2013-2015 жылдары екі мәрте жеңімпазы атанған.
Түркістан облыс орталығы атанған бойда құстай ұшып жетіп, Түркістан облыстық ішкі саясат бөлімінде , «Тұран Түркістан» телеарнасында еңбек етті. 2021 жылдан бастап «Түркістан Медиа» ЖШС-нің «Түркістан» газетінің тілшісі, «Аймақ» ақпарат агенттігінің репортері, «Сауран» газетінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарады.
– Әбден шығармашылыққа берілгені сол Есағаң сенбі, жексенбі дегенді білмейді. Елді аралап, жақсылығын асырып, жаманын да жасырмай орынды сынап отырады. Жалпы еңбек өтілі 46 жыл болса, оның 37 жылын журналистикаға арнапты. БАҚ-тың барлық саласын жетік біледі деуге әбден болады. Енді бірер аптада зейнетке шығады. Әріптесіміздің шығармашылығының толысқан тұсы. Киелі Түркістаннан ешқайда кете қоймас деп ойлаймыз,-дейді «Түркістан Медиа» ЖШС-нің директоры Мәлік Дәулетов.
Есағаңның тағы бір қасиеті жыр термелерді, халық әндерін нәшіне келтіріп орындайды. Зейнет жасына келген әріптесіміздің басқаларға қарағанда ширақ қимылы, шығармашылық ойының ұшқырлығы, тапсырманы жедел әрі тыңғылықты орындайтындығы әлі жұмыстан қол үзбейтіндігі құнды кадр екендігін көрсетеді. Мемлекет тұтастығы, халықтың бірлігі мен ынтымағы жолында аянбай еңбек етіп жүрген әріптесіміз Ескендір Ертайды пайғамбар жасына келуімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Ләззат САРЫБАЕВА.