ЕҢ ҮЗДІК МЫҢ УНИВЕРСИТЕТ ҚАТАРЫНА ЕНДІ

462 көрілім

Он бір жылдан бері 12 сәуір – Республикамыздағы Ғылым қызметкерлерінің күні ретінде аталып келеді. Қазіргі жаһандану дәуіріндегі ақпараттық технологиялардың барынша қарыштаған кезеңінде адамзат өркениетіндегі рухани өмірдің ерекше саласы ғылым екендігі белгілі. Ғылым адамзат тарихының өн бойында дами отырып, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Өйткені, қоғамдағы барлық мәселелер көбінесе ғылымның дәйегімен шешіледі.

2023 жылдың 3 сәуірінен бастап Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде он күн бойы үлкен іс-шаралар зор белсенділікпен өтіп, өзінің межесіне жетті. Ғылым декадасының мақсаты – университеттегі ғылым саласындағы жетістіктерімен таныстыру, жаратылыстану, инженерия, әлеуметтік-гуманитарлық және медицина бағыттарындағы ғылыми іс-шаралар арқылы ғалымдар арасында өзара тәжірибе алмасу, білім алушылардың ғылыми-ізденушілік дағдыларын жетілдіру. Декада аясында 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орай университет «Салауатты университеттер» жобасына қосылды. Бұл жоба республиканың жоғары оқу орындарының денсаулықты нығайтудың үйлесімді және кешенді саясаты мен бағдарламасын жүргізе отырып халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Оқу ордамызда ЮНФПА – БҰҰ-ның халықты қоныстандыру саласындағы қорының қолдауымен «Y-PEER QAZAQSTAN» орталығы ашылды. ЮНФПА қорының негізгі мақсаты – әлемдегі әйелдер мен жастардың репродуктивті денсаулығы мен құқықтарын дамыту. Осы мақсатта техникалық көмек көрсету мен салауатты әрі толыққанды өмір сүруге мүмкіндік жасау. Бұл – Түркістан облысында құрылған алғашқы орталық, ЮНФПА-ның Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында ашылған екінші желісі. Алдағы уақытта орталықта гендерлік теңдік, салауатты өмір салты, отбасылық зорлық-зомбылық, буллинг, т.б осы сынды әлеуметтік маңызы бар тақырыптарда тренингтер өткізілетін болады.

Университет жастарына ғылыми-зерттеумен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, университетте білім алушылардың ғылыми-техникалық және әлеуметтік ой-өрісін кеңейту, жаңа идеяларды меңгеруге, ғылыми ақпараттарды тиімді қолдануды машықтандыруға мән беріледі. Жас ғалымдар кеңесі құрылған. Кеңеске факультет деңгейінде 40 жасқа дейінгі ғылыми қызметкерлер, магистранттар, PhD докторанттар, ғылым докторлары мен кандидаттары, ғылыммен айналысатын университет оқытушылары кірген. Білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатыстыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мысалы, 2022 жылы 17 білім алушының ғылыми-зерттеу жұмыстары Республикалық байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылып, ҚР ҒжЖБМ дипломдарымен марапатталды. 2022 жылғы қараша-желтоқсан айларында университетте өткен ХХХІ Студенттік ғылыми-теориялық конференцияның нәтижесі бойынша 3 білім алушы Лингвистикалық орталықта тегін 8 ай тіл курстарына қатысуға мүмкіндік алды және олар 2023 жылдың жаз айларында Түркия Республикасына жазғы оқуға жіберіледі. Сонымен қатар, магистрант, докторанттарымыз гранттық, келісім-шарттық жобаларға қатысып зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ақылы негізде ғылыми-зерттеу жобаларын орындауға 71 жас ғалым, оның ішінде 17 магистрант және 20 PhD докторант тартылды.

Ғылым бағыты бойынша 2022 жылы университет көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда: 6 оқытушы ҚР ҒжЖБМ-нің ЖОО Үздік оқытушысы атағын алды, 3 оқытушы ҚР ҒжЖБМ 2022 жылдың «Мемлекеттік ғылыми стипендиясының» иегері, 11 оқытушы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында ғылыми тағылымдамадан өтті. Қазіргі уақытта 11 оқытушы осы бағдарлама бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге өтініш берді.

Атқарылған ғылыми жұмыстардың нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті беделді Халықаралық үздік университеттер рейтингі QS World University Rankings 2023 бойынша 714-ші орынға шығып, ең үздік 1000 университет қатарына енді.

Декада аясында 26 ғылыми семинар, 7 мастер-класс, 6 дөңгелек үстел, 3 тренинг, 1 баяндама, 1 турнир, 2 лекция-семинар жалпы 50-ге жуық ғылыми іс шаралар өткізілді. Сонымен қатар, Декаданың ресми жабылу рәсімі мен университеттің ғылым саласында қол жеткізген елеулі жетістіктеріне сүбелі үлес қосқан ғалымдарды марапаттау рәсімі университте аталып өткен Наурыз мерекесі кешінде жалғасын тапты.

Ақерке ИСАБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы