САХНАНЫҢ САРДАРЫ СЕЙТМЕТОВ

280 көрілім

Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов – профессор, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» және Мемлекеттік сыйлықтарының, «Кафка» атындағы сыйлықтың иегері, Түркістан театрының негізін қалаушы, өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға.

Бір ғасырда бір туатын, қазақ сахна өнерінің жарық жұлдызы атанып қана қоймай, түйір тасын түртіп қалса тарихтан сыр шертетін төрт қақпалы Түркістанға табан тіреп, тақыр жерден театр шаңырағын көтеріп, Халықаралық қазақ – түрік университетіне өнер бөлімін ашып, жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Бүгінде ұстаздың есімін дәріптеп, сахна жолында жүрген шәкірттері де жетерлік. Қазақстанның халық жазушысы Ш.Мұртаза: «мен қарапайым прозаик едім, менен сен драматург жасадың» деген екен. Түркістан қаласында 2000 жылы 9-наурызда еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қолдауымен Райымбек Сейтметов өзінің арманына қол жеткізіп, театр ашты. «Алматыда екі бірдей театрды басқарған Райымбектің Түркістанға кеткені басында бәрімізге жұмбақ болды. «Цезарь покидает Рим чтобы покорить Рим» деген сөз бар. Сөйтсек, Райымбек Юлий Цезарьше Қазақстанның театр әлеміне жаңа өзгеше театр қосу үшін кетіпті», – деген екен Ш.Мұртаза.

Талант иесінің есімін естіртіп жүрген жан жолдастары жуырда Түркістан облыстық «әмбебап» ғылыми кітапханасында бас қосып, сахна саңлағын еске алуға арналған іс – шарада ер есімін ел есіне қайта бір танытты. Аталмыш кеште Райымбек Сейтметовтің бар естеліктері жаңғырып, үзеңгілес жолдастары мен көзкөргендер , төл шәкірттерінің басын қосты. Сахна төріне шығып, сөз тізгінін алған кез-келген қатысушы Райымбек туралы әдемі естеліктерді жас ұрпаққа жеткізіп, өнер адамының болмысы қандай болуы керек екенін танытты. Кеш соңында Райымбек Сейтметовтің барлық шәкірттері сахна төріне шығып, «Ұстазым» әнін шырқап, жиылған қауымды өнерлерімен тәнті етті. Қазақ театрының аңызы алпысты алқымдап, жетпіске жақындаған тұсында бұл дүниеден озды. Оның қазақ театрына, қазақ өнеріне қосқан үлесі ел есінде мәңгі қалары анық. Осындай құрметке ие біртуар перзентіне Түркістан төрінен, Райымбек Сейтметов атындағы облыстық сазды драма театры жанынан алып ескерткіш қойсақ та артық етпес еді деген ойдамыз.

Ержан СМАҒҰЛ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы