МҰХАММЕД (с.ғ.а) ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ АТЫНДАҒЫ МЕШІТ БОЙ КӨТЕРДІ

1  189 көрілім

Қайырымдылық жолында үлкен-кіші немесе қымбат-арзан деген ұғым жоқ. Қасиетті Рамазан айында әр адам қолынан келгенінше әрекет етуде. Осы орайда, киелі мекен Түркістанда имандылық пен қайырымдылық ошағы аталатын мешіттер көптеп бой көтеруде. Діни аңыздарға сүйенсек, алғашқы мешіт 7 ғасырдың 1-ширегінде Мәдина қаласында салынған екен. Яғни, Алланың үйі деп аталатын қасиетті мекенге мұсылмандар намаз оқуға, діни өсиеттер тыңдаумен қатар қоғамдық мәселелерді талқылау үшін бас қосатын болған. Дәл осы Мәдина қаласында орналасқан «Масжид әл-Набауи» мешіті әлемдегі ең үлкен екінші мешіт болып саналады. Ғибадатхананың құрылысы 622 жылы басталған. Ал әлем бойынша көш бастап тұрған ең үлкен ғибадатхана, Меккеде орналасқан «Масжид әл-Харам» екені белгілі. Себебі, халықтың жүрегінен орын алған «Қағба» сонда орналасқан. Аңыз аяттардағы деректер бойынша «Қағбаны» аспан періштелері салған деседі. Бүгінде бұл ғибадатхана бір миллионға жуық адамды қабылдауға қауқарлы. Жалпы мұсылман мекендеген жерде, иман үйінің болмауы адам нанғысыз. Мешіт тұрғызу көп адамның ізгі арманы болуы мүмкін. Алайда арманын мақсатына айналдырып, иман ошағын өз есебінен салған ағаларымызда жоқ емес. Осы ретте, түркістандық кәсіпкер Жомарт Бердиевпен әңгіме өрбіткен болатынбыз.

– Жомарт мырза, Алланың үйін ашуға не түрткі болды? Шамамен қанша уақытта құрылысы аяқталды? Мешіттің атауы қандай?

– Мешіт салу кез-келген мұсылманның ізгі арманы деп білемін. Мен де кәсібімнің нәсібін көріп отырған азамат ретінде мешіт соғуды парызым деп санап, мешіт құрылысын бастадық. Қасиетті Құранда «Бұл дүниеде құрқылтайдың ұясындай мешіт соқсаң да, о дүниеде Алла саған жұмақтан зәулім сарай тұрғызып береді» делінген ғой. Алланың қалауымен жаңа шаһардың Қорқыт ата көшесінің бойынан жер бұйырып, 2020 жылы алғашқы ірге тасы қаланды. Осылайша, сабақты ине сәтімен дегендей, биыл наурыз айында жамағаттың және ҚМДБ бас мүфтиінің және Түркістан облысының бас имамының қатысуымен мешітті салтанатты түрде аштық. Ашылу салтанатына ақжарма тілектерін алып келген ағайында шек болмады. Мен бүгінде асыл дінімізге адал қызмет жасап жүрген жастарды көргенде қатты қуанамын. Міне сондай жастардың тағы да бір ғибрат алатын, ұстаздардан тәлім алатын мешіттің ашылып, ел игілігіне берілуіне себепкер болғаныма өзімді шын бақытты сезінемін. Қасиетті Алла үйіне өз тарапымыздан ардақты пайғамбарымыз, адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.ғ.а) атауы берілуі жайында ұсыныс болды. Бұл өтінішім ҚМДБ тарапынан қолдау тапты.

– Құпия болмаса Мешітті салуға қанша қаржы жұмсадыңыз? Онда діни сауат ашу дәрістерін өтетін үйірмелер бар ма? Қайырымдылық марафондары ұйымдастырылады ма?

– Қазақта жақсы сөз бар, «Оң қолыңның бергенін, сол қолың көрмесін» деген. Бұл жерде қанша кеткені емес, осы мешітке асыл дінімізге деген құштарлықпен қанша жанның келетіні маңызды. Өйткені мешіт бұл ­­- құлшылық пен шынайы дұғалар жасалатын жер. Сондай ізгі дұғамның бірі қабыл болып, отбасыммен бірге осы иман үйін тұрғыздық. Мешітіміз екі жоғарғы және төменгі қабаттардан тұрады. Мешіт салу барысында өңірдің бірқатар ақсақалдарымен, имам, ұстаздармен ақылдаса келе, мүмкіндігінше көптің тілегін қамтуға тырыстық. Бір сөзбен айтқанда көптің ақ батасымен және дос бауырлардың, аға-інілердің қолдауымен құрылыс жұмыстары сәтті аяқталды. Мешіт жанында арнайы діни сауат ашуға арналған дәрісхана жұмыс істейді. Онда діни сауат жағынан мықты ұстаздар сабақ өтеді. Қаланың әрбір тұрғыны ұл-қыздарын мешітке жіберуге толықтай мүмкіндігі бар. Ал қайырымдылық марафондарын ұйымдастыру жоспарлы түрде жасала беретін дүние. Менің ойымша, қайырымдылық жасау арнайы марафон мен уақытты күтпейді.

– Мешіт қазіргі таңда қолданысқа берілді ме? Және Алланың үйі көбінесе имамдардың тұрғылықты мекеніне айналып жатады сіздің көзқарасыңыз қандай? Үйсіз жүрген бірақ, мешітте өмір сүргісі келетін жандар қаламыздан табылып жатса рұқсат етер ме едіңіз?

– Мешіттің құрылысы толықтай аяқталып, бүгінгі таңда ресми ҚМДБ-ның Түркістан қалалық өкілдігінің құзырына берілді. Бірақ қайыр қылсаң бүтін қыл деген елдің ұрпағымыз. Мен де сол мешіттің жамағатының бірімін. Сол себепті, мешіттің кей қаржылық және т.б мәселелері менің жіті бақылауымда. Еліміздің кез-келген өңіріндегі мешіттерді алып қарасаңыз сол Алла үйінің жақсы сақталып қалуына аянбай қызмет ететін сол мешіттің имамдары мен қызметкерлері және жамағаты. Сондықтан да, имамдардың мешіт жанында отбасымен бірге өмір сүріп, жұмыстарын бақылауда ұстауы заңдылық деп ойлаймын. Ал иман үйінің есігі тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн кез – келген мұсылманға ашық. Бастысы мешіт табалдырығын ережелерге сай аттаса болғаны.

– Болашаққа деген жоспарыңыз қандай? Қайырымдылықпен айналысу ойыңызда бар ма? Қасиетті Рамазан айында игі істер жасай алдыңыз ба?

– Келешегінен күдер үзген адам мақсатсыз келеді. Аллаға шүкір, алға қойған межелерім мен мақсаттарым жетерлік. Басты мақсатым сол нысанаға жету жолында аянбай еңбек ету. Ал қайырымдылық жасауды әрбір адамның өз іші білу керек шығар деген тұжырымдамын. Жасағанымнан жасайтыным көп деп жауап бергенім жөн болар!

– Билікте көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма?

– Тұтас бір қоғам болғандықтан билікті мақтайтын да, даттайтын да топтардың табылатыны анық. Осы тұста рационалды ойлану керек секілді, себебі билікті даттай бергеннен біз ештеңе ұтпаймыз. Керісінше биліктің функциялары халық мүддесі үшін дұрыс бағытта жұмыс жасауына әрбір тұрғын өз үлесін қосу керек. Ол үшін кез-келген адам өз саласында адал қызмет жасап, үздіктер қатарынан көрінуге талпынуы керек. Сонда ғана еліміз оң қадамдарға басады.

– Түркістанның облыс болғанына биыл бес жыл толып отыр, көне шаһардың тұрғыны ретінде не айта аласыз? Қалай ойлайсыз Түркістан өз деңгейінде өзгере алды ма?

– «Түркістан ер түріктің бесігі ғой» – деп Мағжан ақын жырлағандай Түркістан бүгінгі күні Түркі әлемінің рухани астанасы деген атауға әбден лайық. Сонымен қатар, еліміздегі басты туристік нысандарының біріне айналып, әлем назарына ілікті. Расымен де, байырғы Түркістан мен қазіргі түрленген Түркістанды салыстыруға келмейтіні хақ. Бірақ кешегі тарих, бүгінгі жаңғырудың басты себебі болғанын ұмытпағанымыз жөн. Дей тұрғанмен әлі де киелі шаһардың ажарын аша түсетін ғимараттар мен нысандардың көптеп бой көтергенін қалаймын. Жаңа Түркістанның қазіргі абаттанған келбетін осы қалпында сақтап, одан әрі гүлдендіру шаһарымыздың әрбір тұрғынына аманат деп ойлаймын.

-Риясыз әңгімеңізге көп рақмет, жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы