Жуықта ғана Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус жаяу жүргіншілер жолағынан алты адамды қағып кеткен еді. Салдарынан төрт адам оқиға орнында мерт болды. Қаза болғандардың қатарында 2006 жылғы жасөспірім анықталды. Дәрігерлердің хабарлауынша жеткіншек ауруханаға өлім халінде түскен, бірнеше рет жүрек соғысы тоқтап, есін жимай опат болған. Қайғылы оқиғадан бүгінде көптеген бейнежазбалар тарап кетті. Оқиға былай орын алған деседі. «Жүргізуші соңғы аялдамаға келген. Бір келіншек пен баласы мінейін деп тұрған. Үзілісінде тоқтай тұрып,«Дәретханаға барып келсем бола ма?» деп, есігін сырттан құлыптаған автобустың, қол тежегіші болады ғой, автобусты өшірмей, қол тежегішіне қойғанына нақты көз жеткізбей тұрып, автобустан түсіп кеткен. Біз автобустың ішіндегі видеоларды көрдік, автобус сол жерде шамамен 30-40 секундтай қозғалмай тұрған, бірақ белгісіз себептермен 30-40 секундтан кейін жайлап астыға қарай түсе бастаған. Қол тежегішіне қойылмаған, автобус адамдарды соғып болып, тоқтаған жерінде екі жігіт келіп, автобустың есігін ашып көрген. Одан кейін жүргізуші жүгіріп келіп, қол тежегішіне созылып, кейінірек барып, тартып қалған», – деді
Shymkent bus тасымалдаушы компаниясының директоры Азат Қайыпбеков.
Ал куәгерлердің айтуынша «Біз болғаннан кейін көрдік, осы жерде тұрамыз ғой, терезеден көргеннен кейін қыздарым айтты. Қызым осы жерден 5 минут алдын өткен еді, «Папа, автобус үйге кіріп кетейін деді» деп қоңырау шалды. Жүгіріп келгенім сол, келсем, мына жерде адамдар жатыр екен. Енді бұл жерге барлығы келді, полиция қызметкерлері барлығы түгел осында болды, мына жерден автобусты алып кеткенге дейін, түнгі 1-2-ге дейін осы жерде жүрді», – дейді Шымкент тұрғыны Досмұхан Нұрсейітов.
«Біреуі біздің көршіміз, тірі, аман. Қызыл пальтодағы, ұшып түскен еді, Құдай қағыпты әйтеуір, аман-есен», – дейді оқиғаның тағы бір куәгері Жұмагүл Тұрарова.
6 адамды қағып кеткен автобустың жүргізушісі тергеу изоляторына қамалды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қоғамдық көліктің жарамдылығын тексеруге техникалық сараптама тағайындалды. Ал әлеуметтік желіде бұл апаттан кейін қала тұрғындары кондукторларды қайтару мәселесін көтере бастады. Ал транспорт басқармасының басшысы кондукторсыз жүйе өз күшінде қалатынын айтты.
