Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 10 мемлекеттік және 100 жеке сот орындаушылар жұмыс жасауда. Қолда бар мәліметке сүйенсек олардың қолында 171 679 атқару құжаты бар. Жыл басынан атқару құжаттарының 30,7 пайызы аяқталған. Бұл туралы облыстық Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық Кеңестің кезекті отырысында баяндады. Жиынды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық Кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев ашып, жүргізіп отырды.


Мәжіліс барысында жеке сот орындаушылар тарапынан атқарушылық құжаттарды орындау барысында қолданыстағы заңдардың сақталуы талқыланды. Күн тәртібіне сәйкес облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Алмасбек Момбеков баяндама жасап, жыл басынан бері прокуратурамен жеке сот орындаушылардың іс жүргізуіндегі атқару өндірісіне жасалған талдаулар мен тексерулердің нәтижесімен бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, прокурорлық қадағалау актілері енгізілгендігін мәлімдеді. Прокуратурамен 9 наразылық, 5 тәртіптік іс қозғау және 82 ұсыну енгізіліп, қарау нәтижесімен 151 сот орындаушылар жауапкершілікке тартылғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, 17 жеке сот орындаушының лицензиясы уақытша тоқтатылғандығын баса айтты.
Қоғамдық кеңес мүшелері сот орындаушылардың заң аясында халыққа сапалы қызмет көрсету керектігін айтып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Алимент төлей алмай жүрген борышкерлерді жұмыспен қамтып, сот орындаушылардың этикасын жақсарту, жұмыс бөлмелеріне сенім телефонын орнату секілді мәселелерге назар аудару керектігін сөз етті. Облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының төрағасы Сауран Мақсат қойылған сауалдарға жекелей тоқталып, жауап берді. Жиын қорытындысында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық Кеңестің қаулысы қабылданды.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».