Ө.ШӨКЕЕВ: “ОБЛЫСТЫҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ АРТЫҒЫМЕН ОРЫНДАЛЫП ЖАТЫР”

1  173 көрілім

  Бүгін шаһарда Түркістан облыстық мəслихатындағы “Nur Otan” партиясының депутаттық фракция мəжілісі өтті. Жиынға облыс əкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Ө.Шөкеев, облыстық мəслихаттың хатшысы Қ.Балабиев жəне депутаттар қатысты.


  “Nur Otan” партиясы фракциясының жетекшісі М.Төлтебаев төрағалық еткен басқосуда 2016-2020 жылдарға арналған Түркістан облысының аумағын дамыту бағдарламасының іске асырылуы жəне проблемалық мəселелерді талқылау жайы қаралды.


  Облыс əкімінің орынбасары Ж.Аманбаев өз баяндамасында: “Өңіріміздің 2016-2020 жылдарға арналған “Даму” бағдарламасын экономика, əлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік жəне құқық тəртібі, инфрақұрылым, экология, жер ресурстары, мемлекеттік қызметтер жалпы, 6 бағыт бойынша жүзеге асыру жоспарланған. 9 ай ішінде аймақтағы өнім көлемі 718,0 млрд. теңгені құрады. Көлем өткен жылмен салыстырғанда 105,5 пайызды көрсетіп отыр. Ал, өнеркəсіп өнімі бойынша республикада 5-орынды иеленді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдері де 3,4 пайызға артып, былтырғы жылмен қарағанда 70 млрд. теңгеге көп”, – дей келе, базалық индикаторлардың оңтайландырылғанын мəлім етті.


  Аталған ақпарат бойынша фракция мүшелері ұсыныс-пікірлерін білдірді. Шара аясында жан-жақты талқылаған соң, назарға алып, қаулы қабылдады.   
  Сонымен қатар, облыстық мəслихат сессиясының төрағасы С.Ибадуллаевтың төрағалығымен алтыншы шақырылымдағы Түркістан облыстық мəслихатының кезектен тыс қырық үшінші сессиясының күн тəртібіндегі 10 мəселе қаралды. Ондағы Түркістан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту жəне Бас жоспары туралы шаһар басшысы Рашид Аюпов: “Бүгін облыстық мəслихат депутаттарының қолдауымен Түркістан қаласына қатысты екі маңызды құжат қабылданды. Ол 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы мен Бас жоспары. Жоспар 2025, 2035 жəне 2050 жылдарға арналған үш кезеңнен тұрады. Соған сəйкес, 2025 жылы қала халқы 250 мыңға, ал 2035 жылы 350 мыңға жетеді деген болжам бар. Туристер саны, сондай-ақ, білім ошақтары, денсаулық сақтау мекемелері мен қонақ үйлер де екі есеге өседі деп көздеп отырмыз. Шаһардағы қонақ үйлер бүгінде 166 орындықты ғана болса, 2035 жылда 2200 орынға жеткізу қажет. Қала 19600 гектардан тұрса, енді 22500 гектарға өсті. Халықаралық əуежай орны жəне Кентау, Қызылорда, Шəуілдір қалаларына шығу бағыты бойынша қосымша жерлер қосылды. Ол жерде көпқабатты тұрғын үйлер мен қонақ үйлер салу жоспарға енгізілді”, – деді.
  Өңір басшысы Ө.Естайұлы өз сөзінде облыстың қазіргі даму қарқыны тіпті артығымен орындалып жатыр деген баға беріп, жұмыстарды ширатуды тапсырды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы