«Жаңа өмір, Жаңа күн», «Нұр -Наурыз, Наурыз, думан» әмбебап кітапхана Әз-Наурыз мерекесін ұлықтады

779 көрілім

Тұран даласының тұмарына айналған киелі шаһардың қақ ортасында орналасқан Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасы «Жаңа өмір, Жаңа күн» « Нұр-Наурыз, Наурыз-думан» атты мерекелік іс-шараны жоғары деңгейде атап өтті. Думанды жиынға қаламыздың құрметті азаматтары, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Мерекелік шараның басын теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетайұлы ашып «Рухани жаңғыру, тарихи жаңғыру, елдік жаңғыру, экономикалық жаңғырудың барлығы осы қасиетті Түркістаннан бастау алады. Ясауи бабамыздың құрметіне бүгінгі таңда Түркі елдерінің Рухани астанасы болып отыр.  Фараб кітапханасының осынау киелі мекенде бірнеше адамның басын қосып ұйымдастырғанының өзі жақсылықтың бастауы» деп сөзін аяқтады.   

Салтанатты шарада кітапхана қызметкерлері әннен шашу шашып, қонақжайлылық танытты. Айта кетелік, кітапхана қызметкерлері балиғат жасына келген қызды «оң босаға отырғызу» ата-салтын әуенді көрініспен өрнектеп, ұмыт қалған дәстүрді жаңғыртты. Сондай-ақ «Бексұлтан» триосы «Жарапазан» әнін ұлттық аспап домбырамен сүйемелдей отырып орындады. Келген қонақтар ұйымдастыру алқасына өз алғыстарын білдіріп жылы лебіздерін жеткізді. ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласы әжелер алқасының төрайымы Серім Айғаным Абанқызы «Балаларымыздың рухы биіктеу үшін қызмет етіп жатқап сіздерге басымды иемін. 

Әз-наурыз теңдесі жоқ мереке. Себебі, 62 жыл бойына бұл мереке елімізде тойланбады. Тек 1988 жылдан бастап тойланып, 1991 жылы заңға еніп қол қойылған болатын. Наурыздың жалпы мақсаты адамдарды достастыру, қыстан шыққан халықты бір бірімен көрістіру. Бұл жаңарудың мерекесі. Үйлене алмай жүргендерді үйлендіріп ренжіскендерді татуластырады. 22 наурыз әдемі киімдерін киіп алып тал егіп табиғатты сақтауға да еңбек етеді. Наурыз – береке бастауы, Әз наурыз құтты болсын!» деп ыстық ықыласты құттықтау сөзін жолдады. 

Наурыз күні сауысқан үй төбесіне қонып шықылықтаса жақсы ырымға балаған деседі. Олжадан, жақсылықтан сүйінші келеді деп сенеді. Осылайша сауысқанның әдемі үнін қосып, жыл көже-наурыз тағамын ортаға әкелді. Кітапханашылардың тағамды осылай ұсынуы жыл бойына береке несібеңіз мол болсын деген ниеті екен.

«Құрмет» орденінің иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі , Түркістан қаласының құрметті азаматы Адырбек Баян Садыққызы Түркістан облыс орталығына айналғанына 5 жыл толса, сол 5 жылдың жемісі Фараб кітапханасы: «Тәрбиелік мәні зор шараға қатысып жатқаныма дән ризамын. Қазақта айтады екен дүниені бөліссең азаяды, білімді бөліссең көбейеді деп. Сол білімімізді шыңдай түсетін, кітаппен дос қылатын, өрісімізді  кеңейтіп, жаңартатын кітапханаларыңыз өркендей берсін» деп кітапхана жұмысына баға берді.  

Сонымен қатар Түркістан газетінің қызметкері, Сауран газетінің редакторы Ләззат Сарыбаева, «Оңтүстік фильм» мекемесінің басшысы Нарикова Райхан айтулы мерекемен барша жиналған қауымды құттықтап, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.   

Думанды мерекенің соңында кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова келген қонақтарға өз ризашылығын білдіріп, ұжымына алғыс айтты Сөз соңында Наурыз мейрамымен құттықтай отырып мерекелі шараны қорытындылады.

Ұлыстың ұлы күні осылайша кітапхана төрінде, кең көлемде аталып өтті.

Жазира ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ

ХҚТУ-дің 4 курс студенті  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы