САУРАН АУДАНЫ ҰЛЫС КҮНІН АТАП ӨТТІ 

553 көрілім

Бүгін Сан қырлы Сауран ауданында “Ежелгі Саурандағы әз-Наурыз” мейрамы атап өтілді. Жас та, жасамыс та жадыраңқы жүзбен, жарқын көңілмен қарсы алған бұл мейрамның ерекшелігі де аз емес. Себебі биыл мерекелік жиын Сауран ауданының орталығындағы жаңа іскерлік алаңда тойлануда. Мұнда салынып жатқан жаңа ғимараттар мен елеулі жұмыстарға келушілер де оң бағасын бергенін байқадық.

Татулық пен меймандостықты ту еткен мейрам Сауран ауданының әкімі Үсенбаев Ғалымжан Қарабайұлының аудан тұрғындарын Ұлыс күнімен құттықтауымен басталды. 

Салтанатты мейрамда Сауран ауданына қарасты ауылдардан 10 киіз үй тігіліп, жиынға келушілерге ұлттық тағам түрлерінен дәм ұсынылды. Атап айтсақ, 

“Ұлы Жібек жолы”, “Сауран аудандық емханасы”, “Бабалар аманаты”,  “Тарихи өлке”,  “Ақ орда”,  “Алаш жолы”, “Ынтымағы жарасқан ауыл – Бабайқорған”,  “Жаңа Иқан”, “Ежелгі Сауран”, “Оранғай, Үшқайық, Яссы” атауымен тігілген киіз үйлер қонақтарға ақ дастарханмен қоса, дәстүрлі ән мен күмбірлі күйден де шашу шашты.

Сахнада наурыз мейрамының мәнін ашатын қойылымдар сахналанып, әуезді ән шырқалып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұдан бөлек балаларға арналған ойын алаңшалары қойылып, балалар шаттыққа бөленді. Сондай-ақ, мазмұнды мейрамның мәртебесін арттыратын тарихи-мәдени мұралар көпшілік назарына ұсынылды. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, мейрамның көркін қыздырды. Әртүрлі салмақта белдескен балуандар қазақ күресі бойынша өзара мықтыны анықтады. Күн мен түн теңеліп, табиғаттың жаңа сипат алатын ерекше күнде саурандықтар береке мен бірліктің үлгісін көрсетті деуге болады. 

Жиын соңында ауыл ақсақалдары бата беріп, ақ жаулықты аналар ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғыртты.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Азамат ӘЛІБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы