Бүгін Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде «Қош келдің, әз-Наурыз!» мерекесі атап өтілді. Аталған жиынға өңір басшысы Дархан Сатыбалды қатысып, жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтады.

– Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Халқымыз үшін Наурыздың орны ерекше. Наурыз – жанға шуақ, жүрекке жылулық сыйлайтын мейрам. Наурыз – жылдың басы ғана емес, жаңару мен жаңғырудың айқын белгісі. Наурызды Түркістанда қарсы алудың жөні бөлек. Себебі бұл тарихи шаһар – ұлтымыздың алтын бесігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс тұрғындарымен кездесуде Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерді. Облыста осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады. Ұлт жұмысында бәріміз сергек, белсенді, елге шынайы жанашыр болайық. Еңбекқор халықпен бірге өңірді дамыта аламыз деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды спортшылармен жүздесіп, сәбидің тұсауын кесті. Бұдан соң ұлттық тағамдар жәрмеңкесіне қатысты. Наурыз думанын кең көлемде тойлауға арналған биылғы жылдың күнтізбесіне енген Ұлттық тағамдар көрмесінде төл тағамдарымыз молынан жасалды. Сонымен қатар ұмыт болып бара жатқан кейбір тамақ түрлері дәл осы күні жаңғыртылды. Әсіресе, төрт түліктің сүтінен жасалатын тағамдардың орны ерекше. Аталған іс-шара аясында «Керуен сарай» туристік кешенінде 30 киіз үй тігіліп, әр киіз үйге атау берілді: Тұран ауылы, Яссауи ауылы, Түркістан ауылы, Ақындар ауылы, БАҚ ауылы, Абыздар ауылы, Ұстаздар ауылы, Палуандар ауылы, Диқандар ауылы, Теміржолшылар ауылы, Фараб ауылы, Шеберлер ауылы және т.б. Мұнда келген қонақтар тәтті тағамдардан дәм татып, қызықты ойын-сауық бағдарламаларын тамашалады.

Сондай-ақ, тұрғындар бас қосқан думанды тойда көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынылды. Мерекелік кеште «Art-east» би ансамблі және Р.Сейтметов атындағы театр актерлері «Тіршілік бастауы – Наурыз» театрландырылған музыкалық-хореографиялық қойылымын ұсынды. Сонымен қоса ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, отаншылдық дәріптелетін әндер шырқалып, облысқа және республикаға танымал әншілер өнер көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, күндізгі сағат 11.00-де салтанатты түрде бастау алған мерекелік шара кешке дейін жалғасын табады. Ұлттық спорттық ойындар, соның ішінде қазақ күресі, қол күрес, арқан тарту, тоғызқұмалақ, қой көтеру сынды сайыстар өтуде. Наурыз мерекесі кешкі сағат 19.00-де эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік гала-концертпен жалғасады.
Азамат ӘЛІБЕК.