БАТЫРЛАР ЖҮР АРАМЫЗДА НАР ТҰЛҒА

1  557 көрілім

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерін біржола тастап шыққанына биыл тұп-тура 30 жыл толды. Қазақ жерінен интернационал борышын өтеуге аттанған сол күндегі жас жігіттер бүгінде алпысты алқымдаған ел ағалары. Жастарға айтар ойы, қоғамда өзіндік орны бар тұлғаға айналған жандар. 10 жылға созылған сұрапыл соғысты көзбен көрген ардагерлер арамызда жүр.


Бүгін Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде “Аталар аманатын абыроймен орындаған ұрпақтар» тақырыбында мән-маңызы айрықша кеш өтті. Тарихи сәтке толы мағыналы басқосу майдангерлердің ерлікпен көз жұмған 11 қарулас серіктерін минут үнсіздікпен еске алу рәсімімен басталды.


“Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалының Саясат бөлімі кеңесшісі Қазыбек Тәжиев, Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Қыдырәлі Юсупов мерейлі күнмен құттықтап, еліміздің тыныштығы мызғымасын деген тілегін жеткізді.


Шараның екінші бөлігінде марапаттау сәтіне кезек беріліп, ардагерлерге кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына отыз жыл толуына орай 40-қа жуық азаматқа мерекелік медаль табысталды. Бұған дейін мұндай құрметке бөленгендердің санын қоса есептегенде барлығы 90 адамға жетті.
Төсбелгіні салтанатты түрде ұсыну құрметіне облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесінің төрағасы Тұрғанбек Бегимов және қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Букебаев ие болды.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы