ЖАҢА ТУРИСТІК МАУСЫМ АШЫЛДЫ

559 көрілім

15 наурызда биылғы жылдың туристік маусымның ашылуына орай «Наурыз – қонақжайлық мерекесі» атты апталығы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен «Керуен сарай» кешенінде өтті. Туризм бағыты бойынша ақпараттық стендтер және тақырыптық фотозоналар орнатылған іс-шарада сахна жарық құралдарымен безендірілді.

Іс-шарада облыс әкімі Дархан Сатыбалды түркістандықтар мен шаһарға келген саяхатшыларды келе жатқан Наурыз мерекесімен және туристік маусымның ашылуымен құттықтады.

– Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады. Осы қысқа ғана уақытта облыс пен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды. Тарихи шаһарда жүздеген нысан бой көтеріп, адам танымастай өзгерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс тұрғындарымен кездесуінде Түркістанға тарихи және рухани астана мәртебесін беру туралы заң дайындауды тапсырды. Қазір бұл бағытта белсенді жұмыс жүріп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, туризм – облыс экономикасының басым салаларының бірі. Облыс аумағында 1700-ден астам тарихи және мәдени ескерткіш бар. Соның ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра нысандарының тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар. Біз алдағы уақытта туризмнің салаларын жан-жақты дамытып қана қоймай, экологиялық сауаттылықты, саяхаттау мәдениетін де көтеруіміз керек. Бұл ретте Түркістан облысында саяхатшыларды қызықтыратын орындар көп. Отандастарымыз бен шетелдіктерді Түркістан өңіріне саяхаттауға шақырамыз! Сіздерді жаңа жылда жаңарған Түркістанда қарсы алуға әрқашан дайынбыз! – деді Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, алдағы 21-22 наурыз күндері «Этнофестиваль» ұлттық киімдер мен музыкалық аспаптар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің, салт-дәстүрге арналған қойылымдар ұсынылатын болады.

22 наурыз күні «Тайқазан» Gastrofest Turkistan 2023 мәдени рухани орталықта гастрофестивалі өтеді.

23-26 наурызда «Жанды сабақтар» Түркістан қаласы мен Отырар ауданында экскурсиялық бағдарламасы өтеді.

Туристік маусымның ашылуына орай «Керуен сарай» кешенінде түрлі байқаулар, жалпыхалықтық серуендер ұйымдастырылды. Музыка (DJ), алып батырлар, садақшылар, бүркіт, тазы, бишілер кешенді аралап халықты әсем көрінісімен қызықтырып, ұлттық болмысымызды паш етті. Көрермендер арасында қол күресуден (армрестлинг), гір тасын көтеруден, ұлттық тағамдарымыз бауырсақ пен қымыз ішуден, жаттығу жасаудан түрлі қызықты сайыстар өткізіліп, арнайы ұтыс билеттері ойнатылды. Өңір басшысы солардың бірқатарын марапаттады. Жеңімпаздарға түрлі сыйлықтар, қонақүйлерге сертификаттар тапсырылды.

Ұлттық нақыштағы киімдер, қазақтың күйлері мен әндері көпшілікті әдемі әсерге бөледі. Өте әсерлі субұрқақ шоуы ұйымдастырылып, әуе шарлары көкке көтерілді. Іс-шара соңы әсем де әуезді концерттік бағдарламаға ұласты.

Динара БЕКТАС.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы