ОРТАҚ МҮДДЕ ТҰРҒАНДА АДАМ ҰЛТҚА БӨЛІНБЕЙДІ

560 көрілім

Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдің тумауы мүмкін емес. Сол себепті жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Ата-бабамыз қысылтаяң шақта қашанда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. Осындай қағиданы ұстанып, адам тағдырын ұлыс тағдырымен тығыз байланыстырған халқымыз кешегі бауырлас елдегі тосыннан келген апатта да сүйеніш болып, қайғыға ортақтаса алды. Түркияда болған жер сілкінісіне байланысты бір ай көлемінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген құтқару топтары жұмыс істеді. Бұл жер сілкінісінің ауқымды болғаны соншалық, тербеліс тек Түркияда ғана емес, алыс-жақын мемлекеттерде де сезілді. Түркістан облысы және Шымкент қаласы жинаған гуманитарлық көмектің 75 тоннасы Түркияға алғашқылардың бірі болып жөнелтті. Сондай-ақ, 32 миллион теңге жиналып, тікелей AFAD қорына аударылған. Жоғарыда аталған деректерге сүйенсек, қайырымдылық акциясында

Түркістан облысы белсенділік танытты. Мәселен, Түркістан жастары небәрі екі күн ішінде он тонна гуманитарлық көмек жинап, бауырлас елге көмек көрсеткен. Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған еріктілер тобы зардап шеккендерге қажетті жабдықтарды (көрпе-кереуеттер, балалар жаялықтары, жеке гигиена құралдары, қысқы жабдықтар және т.б.) жинап, «Turkistan» халықаралық әуежайына бірінші болып жеткізген. Осы орайда, Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Дінислам Бимаханбетовпен сұхбаттасып, дәл осы жағдайдағы жастар белсенділігі туралы толық мәлімет алдық.

– Дінислам, әлеуметтік желіден сізді байқап қалдық. Түркияға жіберілген көмектің басы-қасында бір кісідей атсалыстыңыз. Жалпы, бұл қайырымды істің бастамашысы кім, жастар орталығы штаб құру керек деген шешімді қай кезде қабылдады?

– Түркиядағы қайғылы жағдайды естігеннен бастап шұғыл түрде Түркістан жастары бас қосып, штаб құрдық. Негізінен осы қайырымдылық шараға студенттер, тіпті мектеп оқушыларына дейін белсенді атсалысты. Біз әлеуметтік желіге Түркиядағы жағдайға байланысты ерікті жастар керек екенін айтып, хабарландыру жасадық. Сол күннің өзінде біраз жастар жиналып, ерікті түрде көмектесті. Ал оларға берілетін түскі ас пен жол шығынын қаламыздағы кәсіпкерлерге қолқа тастадық. Олар да бірден келісе кетті. Бізден бөлек, ардагерлер мен ХҚТУ штабы болды. Жалпы облыс бойынша 20 штаб жұмыс істеді. Барлық штабтың мүддесі мен ұраны бір болды. Аудан, қалалардан жиналған керекті заттардың барлығын штаб мүшелері сұрыптап, тексеріп отырды. Мәселен киілген, жарамсыз заттарды мүлдем жөнелтпедік. Себебі онсыз да соққы алып отырған халыққа біреудің пайдаланылған дүниесі керек емес екенін білдік. Ал бізде сұрыптаудан өтпей қалған заттарды жуып, тазалап өз өңіріміздегі су тасқынынан зардап шеккен жандарға үлестірдік. Әрине, оны да әркім өз еркімен әкетті. Өйткені олардың арасында да жарамды, тұрмыстық техникалар болды.

– Түркияға қанша тонна көмек жіберілді? Жинау қиынға соқпады ма?

– Түркияға аптасына екі мезгіл екі ұшақ ұшса, соның әрқайсысына 3,5 тоннадан заттарды жөнелтіп отырдық. Одан бөлек, арнайы жүк көліктерімен де тасымалдадық. Алғашқы уақытта облыстың түкпір түкпірінен келген көмекті сұрыптап үлгере алмадық. Тіпті 55-60 тоннаға дейін заттар әуежайда тұрып қалды. Осыдан-ақ Түркістан халқының бұл қозғалысқа бейжай қарамағанын пайымдай берсек болады. Көмек жинау барысында бір ерекше оқиға орын алды. Заттардың арасында бірден көзге түсетін ойыншық аю болды. Сонша дүниенің арасында бұл ойыншық неге тұрғанын білмей сұрастыра бастадық. Сөйтсек, штабқа бір кісі арнайы келіп, тастап кетіпті. Түркиядағы зілзаладан зардап шеккен кішкентай бүлдіршіндерді жаңағы кісінің қызы көріп қатты қайғырған екен. Содан қоярда қоймай әкесіне ең сүйікті ойыншығын ұстатып жіберіп, «мынаны Түркиядағы достарыма апарып беріңіз, осымен ойнап, жыламасын. Көңілдерін көтерсін» деген екен. Осы оқиғаны естіп, көзімізге жас келді. Себебі әрбір түркістандық бұл оқиғаға шын қайғырды. Тіпті еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін көмек қолын созды. Өңір халқының осындай кеңпейіл, ақжарма ықыласының арқасында өзіміз күткеннен де көп көмек жиналды. Дәл осы қозғалысқа Түркістан халықаралық әуежайының басшысы Хакан Клавуз ерекше таңданды. Мұнша жылу жиналатынын елестетпеген болуы керек, жұмыс барысында тілегін айтып, алғысын жаудырды. Осы тұста, ол кісіге де үлкен алғысымды айтқым келеді. Себебі ерікті топты қолдап, жанашырлық танытып, әуежайға емін-еркін кіріп-шығуымызға үлкен көмегі тиді.

– Түркістан жастарының осындай істерге көзқарасы қандай екен? Ерікті жастардың басын қосып, біріктіру қиынға соқпады ма?

– Түркістан жастарымен жұмыс істеу өте оңай. Себебі біз кез келген уақытта бірігіп, сөзге еріп, тоқтамға келе аламыз. Біздің басты ерекшелігіміз де осы. Жалпы Жастар орталығы облыстағы бүкіл ерікті, ұйымдармен тығыз байланыста. Штаб құрылған уақытта біз алдын ала хабарласып, барлығымен келісіп қойдық. Сол күндері уақытпен санаспай жұмыс істедік. Тіпті бәрі бітті деп, кетуге ыңғайланып қалғанда аяқ-асты келіп қалған жүк көліктеріндегі заттарды сұрыптауға да ерінбедік. Себебі жастарды тоғыстырып, үнсіз келістіріп тұрған бір ғана мүдде болды. Біз сол мүдде үшін аянбай еңбек еттік. Тек Түркиядағы жағдайда ғана емес өңір жастары әркез қайырымды істе жанын салып, жүгіріп жүреді. Мәселен, өткен жолғы облысымызда болған су тасқыны кезінде бірінші болып бас көтерген ерікті жастар. Жоғарыда айтып өткенімдей, еріктілерді жинау біз үшін ешқашан қиындық тудырған емес. Тіпті кейде олар біз ойлағаннан да көбейіп кетеді. Менің ойымша, осының бәрі оңтүстік өңірдің қанға сіңген асыл қасиет пен тағлымды тәрбиесінің арқасында. Себебі «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген керемет аталы сөз бар. Үңіле білсек, тұтас халықтың болмысын білдіріп тұр. Осы тұрғыда өңір жастарының белсенділігін мақтан етемін және сол қайырымды жастардың қатарында көрініп, бастамашы болып жүргеніме ризамын.

– Әр қозғалыс бір тәжірибе дейді. Сіз осы Түркияға берілген қайырымды істен не түйдіңіз?

– Шынында да бұл қозғалыс өзім үшін үлкен тәжірибе болды. Себебі 17 ауданнан ерікті жастарды жинау, оларды бір мүдде үшін біріктіре алу, әрқайсысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Одан бөлек, менің таңғалдырған дүниелерде көп болды. Түркияға көмек ретінде жөнелтілетін заттар керек екенін жариялап, облыс көлемінде хабарландыру беріп қойғаннан кейін үлкен қорқыныш болды. Себебі әуежай қоймасына бөтен адамдарды кіргізбейді екен. Ал біз 30 ерікті жас күндіз-түні заттарды сұрыптап, басы-қасында жүрдік. Барлығымыз істі соңына дейін аяқтап, бірге болып, заттарды сенімді өкілге тапсыруға барғымыз келеді. Содан бүкіл батылдықты жинап, әуежай басшысымен жолықтым. Әуежай директоры Хакан есімді түрік азаматы екен. Ол біздің жағдайымызды толық түсініп, қоймаға ерікті жастарды алып кіруге бірден рұқсат берді. Ол кісі халықаралық әуежай директоры бола тұра қарапайымдылығы таңғалдарды. Себебі ол кісі жұмыс барысында ерікті жастармен бірдей жұмыс істеді, бізбен бірге тамақтанды, бірдей қайғырды. Біз түрлі ұлт болсақ та бір-бірімізді жақсы түсіністік. Ұққаным ортақ мүдде тұрғанда адам ұлтқа бөлінбейді екен. «Біртұтас» деген сөздің түпкі мағынасын осы кезде түсіндім. Сосын бұл қозғалыстан тағы бір түйгеніміз, ерікті жастар осындай апатты жағдайда қалай әрекет етуі керек, не істеуге болады деген тақырыптарда түрлі машықтар өткізіп тұрған дұрыс. Себебі апат айтып келмейді. Оны біздің тәжірибеміз арқылы пайымдай берсек болады.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет! Ерікті жастар қанаты одан әрі құлаштай берсін демекпін!

Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы