- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Бір аптада ғана кредиттен құтылу үшін он мыңнан астам қазақстандық борышкерлер өтініш берген. Борышкердің басым бөлігі Түркістан мен Алматы облысында болып шықты.
Өзін банкрот деп танығысы келетіндердің қатары Алматы мен Астана қаласында да аз емес. Өзге өңірлерден 200-ден бастап 400-ге дейін өтінім түскен. Солтүстік пен Ұлытау облыстарында басқалармен салыстырғанда аз. Ал, Оңтүстік өңірдің кей азаматтары әзірге өтініш бере алмай отыр. Себебі, «талапты толық түсінбедік» дейді. Оның сыртында жеті жылға дейін, еш жерден несие ала алмайсыз. Қаржылық операция жасауға құқыңыз жоқ.
«Қазіргі кезде шоттарымның бәрі бұғатталған. Өзім қара тізімге еніп кеткем. Әлі түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Келесі жұмада салық органынан кісі келіп түсіндіруі керек. Оның жинайтын құжаттары көп көрінеді»,- дейді Түркістан қаласының тұрғыны Балзия Нәбиева.
Қазіргі кезде әлеуметтік желілер мен банктер маңында «банкроттыққа ақылы түрде бүкіл құжаттарыңды өткізіп беремін» деген алаяқтар да бой көрсете бастады.
Негізі банкроттыққа өтініш беру қызметі – тегін. Егер банк немесе халыққа қызмет көрсету орталығында ақы сұраса, алданып қалмау қажет. Кірістер комитетінің өкілдері қазақстандықтардан осыны ескеруді сұрайды. Әрі өтінішті «егов» және «е-салық», «азамат» мобильді қосымшасы арқылы беруге мүмкіндік бар.
«Адамдардың бес пайызы мобильді қосымша арқылы берсе, қалған басым бөлігі 95 пайызы «егов» арқылы беріп отыр. Соттан тыс банкроттыққа азамат өтініш бергеннен кейін 15 жұмыс күні ішінде оның заң талаптарына сәйкестігі тексеріліп, 15 жұмыс күнінен кейін ақпарат алатын болады»,-дейді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Меруерт Сисембаева.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары түркістандықтар арасында бір несиені екінші несиемен жабуды әдетке айналдырғандар да жиі кездеседі. Ипотекалық несиеге ұрынғандар енді есін жия бастағанда, тәжтажал індеті келіп, бүйірден қысып бергенде, тұтынушылық микрокредит мекемелері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, шыға келді. Әсіресе, тұтынушылық микрокредит беретін шағын мекемелердің тым көбейіп кетуі және олардың қызылды-жасылды жарнамалары, тапқаны қапқанына жетпей жүрген жергілікті тұрғындардың басын отқа үймелеген көбелектердей шырмап алған. Бұған құзырлы органдар қалай назар аудармай отыр деген орынды сұрақ халықтың атынан айтылып та, жазылып та жатыр. Осыған орай, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшеріне өзгерістер енгізетін қаулы жобасын әзірлеп жатқандығы туралы ақжолтай хабар таратты.
Атап айтқанда, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін мынандай шамада бекіту көзделген: екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар беретін банк қарыздары бойынша – кепілсіз банк қарыздары бойынша 44%; кепілмен қамтамасыз етілген банк қарыздары бойынша 40 (қырық) пайыз; ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 25 (жиырма бес) пайыз; микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер бойынша – 44%.
Мұның өзі де ыңыршағы айналған, көктемге әрең ілінген көтерем қаракөздер үшін әлі де жоғары пайыздық үстемелер. Себебі, шетелден 3 пайыздық заем алып, оны халқына 40-56 пайызбен беріп, үріп ішіп, кертіп жеп отырған банкілерге сенуге бола ма?
Банк қарызы шартын, микрокредит беру туралы шартты жасау, банк қарызын берумен және қызмет көрсетумен байланысты банк қарызы, микрокредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі өзгерген және (немесе) комиссиялар мен өзге төлемдер өзгерген немесе жаңадан енгізілген күні сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі осы тармақта бекітілген шекті мөлшерден асып кете алмайды.
Түсіндірме құжатта қаулы жобасы кепілсіз тұтынушылық кредиттер үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 56% – дан 44% – ға дейін төмендету мақсатында әзірленгені жазылған. Құжат 29-наурызға дейін талқылау үшін ашық ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында жарияланды. Осы аса күрделі мәселені жаңадан сайланған депутаттар жалпыхалықтың талқылауына ұсынып, қайта қарап әлі де сыйақы мөлшерлемесін төмендете түссе, елдің еңсесі бір көтеріліп қалар еді.
Бұл өз кезегінде агенттіктің сайлау қарсаңындағы борышкерлердің наразылығын төмендетіп, билікке сенімін көтерудің саяси ойыны болмаса екен деп тілейік.
Ескендір ЕРТАЙ