Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «12 айда 12 кітап» атты мектеп оқушылары арасындағы байқау өтуде. Кітап арқылы ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау, оқырманға ой салу – кітапхананың еншісіндегі елеулі еңбек.
Аталған байқаудың мақсаты да техниканың дамыған кезінде, смартфондардың жетегінде кеткен жастарды кітап оқуға шақыру болатын. Осы арқылы көпшілікпен араласып, ойын еркін түрде жеткізетін оқушылардың ойлау қабілеті де жақсарып, бәсекелестік қабілеті шыңдалары сөзсіз. Байқау ережесі бойынша қатысушыларға әр айдың басында оқитын кітаптың (шығарманың) атауы белгілі болады.
Сонымен қатар қатысушылар берілген шығарманы оқып болғасын «Фараб» кітапханасына жиналып, шығарма жайында ойларын айтып, өзара талдайтын болады. Байқау жыл соңына дейін жалғасады. Дәлірек айтсақ, желтоқсан айының соңында қатысушылар оқыған 12 кітаптан 120 сұрақтан тұратын тест тапсырады. Ең жоғары ұпай жинаған қатысушылар арнайы сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталады. Бұл жолы жас оқырмандарға белгілі жазушы Тобық Жармағамбетовтің «Отамалы» шығармасы ұсынылды. Төменде аталған туынды туралы №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп гимназиясының 10-сынып оқушысы Жанна Сатыбалдының пікірін ұсынып отырмыз.
– Әр заманның өз тарихы бар. Алайда бүгінгі айтар тұлғамыз – Тобық Жармағамбетов. 1934 жылы туған жазушының әрбір шығармасы ерекше, әрі өзге шығармаларға ұқсамайды. Соның бірі – «Отамалы» шығармасы. Жас оқырмандарға дәл осы Т.Жармағамбетовтің «Отамалы» кітабын ұсынамын. Бұл әңгіме көктемде қар еріп, боран қақап кеткенде еріксіз еске түсетін мұз тауларының арасында ұмыт болып қалған аңыз. Бұл аңыздың басты кейіпкері – Отамалы. Әңгіменің басы былай басталады. Ертеде қазақ даласын борандар мен аңызақтар, жұт пен қасқырлар сосын… аздаған қазақтар жайлайтын. Қазақтың даласы төбелерден тұратын. Сол көп төбелердің бірінің баурайында Отамалы деген қойшы өмір сүрген екен. Отамалы – 50 жастан асқан малшы. Өмір бойы жалғыз өмір сүреді, отбасын құрмаған. Өмірден бар көргені осы ошақ, лашық, иттері, байдың үйі. Отамалының дүние тануы осымен шектеледі. Оның әрбір сәті ауа-райына байланысты. Ол қайғырғанда қарлығаштар маңайлап ұшып жұбатқандай болатын.
Ол жадырағанда күн де күліп, нұрын шашатын. Төбелері, өзендер, қырқа-сайлар, жусан, қияқ, дала гүлі – мұның әкесі де, шешесі де, сүйген жары да еді. Аңыздың негізгі бөлімінде оның қиын шақтары баяндалады. Дәл солай аңыз соңында Отамалы жалаң аяғымен күрпілдеп қар кешіп, көкірегіне мұз қатып ақыры соңында құлағы тұнып қалады. Жел де, шу да, боран да тоқтаған сияқты. Міне аңыз осылай бітеді. Оны халық өз бетінше жалғастырып кетеді. Содан бері бес күн соққан боранды халық «Отамалы» немесе «бесқонақ» деп атап кеткен. Бұл қазақ даласында содан бері жылда сол уақытта бір соғып тұрады екен. Мен «12 айда 12 кітап» байқауына қатысу арқылы осы кітапты оқыдым.
Бұл байқау еш байқауға ұқсамайтын 12 айға созылғанымен ерекше. Осы сайысқа қатысып жаңа орта, жаңа достар тауып, кітапқа деген құлшынысты арттыра аламыз. Жас оқырман, керемет әсер алғың келсе саған да жарысқа қатысып, бізбен бірге қызықты шығармаларды оқуға кеңес беремін!
Түркістан ақпарат,