КӨРШІ ЕЛГЕ КӨМЕК 41 ҚҰТҚАРУШЫМЕН ШЕКТЕЛЕ МЕ?

303 көрілім

Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және құтқарушы иттер Түркияға көмекке аттанды. Деректерге сәйкес, түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында зілзала құрбандарының саны 2921-нен асты, кемінде 15 834 адам жарақаттанды.

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министрі Ибрагим Құлшымбаев айтып берді.

«Өздеріңіз білетіндей, бүгін таңертең Түркия Республикасының орталық бөлігінде бірқатар жер сілкінісі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Қазір ТЖ министрлігінің құтқарушылары «Бүркіт» әуе компаниясының ұшағына мініп, Астанадан Алматыға барады. Алматыда министрліктің күш-құралы толығымен Түркияға аттанады», – деді Ибрагим Құлшымбаев «Жібек жолы» телеарнасының тікелей эфирінде.

Спикердің айтуынша, Түркияға республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары бара жатыр, олардың көпшілігінде халықаралық құтқарушы санаты бар. Сондай-ақ, «Апат медицинасы» орталығының медицина қызметкерлерін қосқанда, жалпы 41 адам Түркияға ұшады.

«Өзімізбен бірге апаттық-құтқару автокөліктерін, медициналық жабдықтарды, пневмо-модульдік шатырлар, гидравликалық құтқару құралдарын алдық. Оған қоса, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы кинологиялық тобы қызметтік иттерді алып барады. Түркияға жеткен соң тағы да байланысқа шығып, жағдайды баяндаймыз», – деді бірінші вице-министр.

Соңғы деректер бойынша, Кахраманмараш, Килис, Диярбакыр, Адана, Османие, Газиантеп, Шанлыурфа, Адияман, Малатия және Хатай провинцияларында 2824 ғимарат қираған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы