ЕЛ НАЗАРЫНДАҒЫ ТҮЙТКІЛ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС БАҚЫЛАУЫНДА

434 көрілім

Өткен аптада Түркістан қаласының «Қоғамдық кеңесі» осы жылғы алғашқы отырысын өткізді. Кеңес мүшелерінің жыл көлеміне бекіткен жоспарына сәйкес ұйымдастырылған отырыстың күн тәртібінде бұған дейін кеңесте қаралған жылумен қамту жұмыстарының іске асырылу барысы еді. Қаһарына мінген қытымыр қыстың қыспаққа алып тұрғаны қала тұрғындарына оңай соқпағаны белгілі.

Табиғи газдың бейнетсіз рахатына бой үйрете бастаған түркістандықтардың арасында әлі көмір жағып, қара күйеге малынып отырғандары да бар. Тұрғындардың осы тобының жағдайына баса мән берген кеңес мүшелері осы отырысты шаһарды толық газбен қамту жайын талқылаудан бастады.

Басқосуда Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Е.Бұхарбаев алғаш болып баяндама жасады. Айтуынша қазіргі таңда жылу жүйесінің жұмысына алаңдайтын негіз жоқ. Барлық қазандық жауапты салалардың бақылауында. Десе де қазандықтардың техникалық жабдықтарынан кез-келген уақытта ақау шығуы ғажап емес екенін де еске салып өтті.

Иә, техникада тіл жоқ. Бұл ретте бөлім басшысының сөзінен ұққанымыз «арық айтып, семіз шық» дегенге саяды. Қазіргі таңда мәселенің бірқатары «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалына тіреліп тұр. Жалпы жұрттың жанайқайы осы бағытта жиі естіледі. Тұрғын үйлерге табиғи газ кіргізу кезінде үйдің құжаттарын рәсімдеу секілді басы артық жұмыстар көпшілікке қиындық тудыруда. Бұл жөнінде сала мамандары құжат дұрыс болмай келісім беруге құқығы жоқ екенін алға тартады. Неге десеңіз адам өміріне қауіпті газ тұтыну қағидасы бойынша барлық талап сақталуы тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда мамандардың уәжіне құлақ аспасқа лаж жоқ. Осыған байланысты қоғамдық кеңес мүшелері газ орнату бойынша қажетті құжаттар мен өзге де талаптар жөнінде ақпараттар әлі де мардымсыз болып тұрғанын атап өтті. Сонымен бірге, газ тұтынуға әрекет еткен азаматтар белгісіз адамдардың арбауына түсіп қалып жатқанын жеткізді. Белгісіз деп отырғанымыз көшедегі құбырдан үйіңізге дейін газ кіргізу қызметімен айналысатын жеке кәсіпкерлер арасында рұқсат құжатты рәсімдеу үшін қажетті қаржыны алып, хабар-ошарсыз кетіп жатқандары бар екен. Мұндай кәсіпкерлермен жұмыс істеу немесе істемеу жөнінде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының қызметкерлері «Нақты ештеңе айта алмаймыз. Оларды алалап, арасында өзге біріне басымдық берсек біздің әрекетіміз заңсыз болып табылады» – дейді. Сондықтан әрбір тұрғын үйіне табиғи газ орнататын кезде қызмет көрсетушілермен құжат арқылы сөйлескені жөн екенін еске саламыз. Ауызша келісіп, берген қаржыңызды дәлелдей алмай мәселе үстіне мәселе жамап жүрмеген жөн.

Осы тектес жағдайлардың алдын алу жөнінде қоғамдық кеңес мүшелері Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Е.Бұхарбаевқа, «Жылу» мекемесінің директоры Е.Рысбековке, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының бастығы Н.Тюмебаевқа арнайы ұсыныстарын жеткізді.

М.Атамбаев төрағалық ететін қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібіндегі мәселенің бірі қаладағы қоғамдық көліктерде жолақысына қатысты тарифті белгілеу болатын. Өткен жылдың соңында Түркістан қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі дәл осы мәселені кеңес қарауына ұсынған. Онда қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін енгізу үшін жолақы құнын біршама көтерген еді. Тарқатып айтсақ, қолма-қол төлем жасайтындар 100 теңге, электронды төлем жасайтын жолаушылар үшін 70 теңге болып бекітіліп, ұсынылған еді. Әкімдік өкілдерінің мұндай баға ұсынудағы тәсілі аталған электронды төлем жүйесіне тезірек өтуге басымдық берілген. Бұл ретте қолма-қол төлем құны 100 теңге болған соң көпшілік қаржысын үнемдеу үшін электронды төлем жүйесіне тезірек өтеді деген ой. Алайда, сол кезде қоғамдық кеңес мүшелері жолақысы бірінші кезекте халыққа тиімді болуы қажет екенін ескертіп, ұсынылған жобаны кері қайтарған-тын. Сол мәселе осы жолы тағы да кеңес назарына ұсынылды. Бұл жолы аталмыш жобаның етек-жеңі жинақталып, әлгі 100 теңгелік жолақы құны алынып тасталып және қаладағы барлық көліктерге емес бағыттағы 20 жолаушы тасымалдайтын көліктің 10 бағытына ғана енгізу көзделіпті. Айта кетерлігі, электронды төлем жүйесін енгізудегі басты мәселе көлеңкелі бизнестің жолын кесу. Яғни қолма қол төлемнен күнделікті табыс көзін есептеу мүмкін емес. Соның салдарынан жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелер кіріс көздерін жасырып, мемлекетке салықты мейлінше аз төлейді деген күмән бар. Ергер жолақысы электронды төлем түріне өтсе, қаржы айналымында көз қысты бармақ басты әрекеттерге жол берілмейтіні белгілі.

Осылайша қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің ұсынған жолақы тарифі бағыттағы нөмірі 1, 1а, 6, 10, 14, 15, 17, 18, 20, 30 қоғамдық көліктеріне енгізілетін болды. Бағасында да айырмашылық жоқ, қолма-қол немесе электронды түрде төлесеңіз де 70 теңге бересіз. Дегенмен ел қазынасына мол қаржы түссін десеңіз электронды жүйені меңгергеніңіз абзал. Бұл жаңашылдыққа бастайтын әрекетті де әрбір жанның азаматтық борышы деп қарастырсақ артық болмас.

Осы баяндалған мәселені бүге-шүгесіне дейін талдауға тырысқан қоғамдық кеңес мүшелері билік өкілдеріне қандай да бір жаңашылдықты енгізер кезде ең әуелі қарапайым халықтың ыңғайына қарай жұмыс жасау керектігін ұсынды.

М.ДӘУЛЕТОВ,

Қоғамдық кеңес мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы