«ФОРУМНАН НАҚТЫ ТҮЙГЕНІМ,  МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАР ЖОЙЫЛМАЙДЫ»

290 көрілім

Өткен апта журналистер үшін көптен күткен жаңалыққа толы сәтті апта болды. Өйткені БАҚ туралы жаңа заң жобасы қаралып, онда журналистердің мәртебесін көтеру, ақпарат алу мүмкіндігін жеңілдету мәселесі, тілшілердің жұмыстарына қатысты көптеген артықшылықтар қамтылатын болды дегелі осы сала өкілдерінің көңілі қобалжулы. Сонымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында 25-26 қаңтар күндері «Өңірлік мерзімді басылымдар»  форумының алғашқы жиыны да өтті. 200-ден астам өңірлік БАҚ басшылары мен өкілдері бас қосқан жиында әсіресе мерзімді басылымдардың бүгінгі жағдайы, қордаланған мәселелері қызу талқыға салынды. Жиынға Түркістан облысынан барған бірқатар журналистердің арасында әріптесіміз, медиа менеджер, «Turkistan Media Holding» ЖШС-ның басқарушы директоры Тельман Бейсенов те бар. Тельман ағадан осы форумнан кейінгі ойымен, әсерімен бөлісуді сұраған едік.

– Иә, баршамызға белгілі, БАҚ-қа қатысты заң соңғы рет 1999 жылы қабылданды, содан бері енді қолға алынып, кеше форумда талқыланып, журналистердің, оның ішінде аймақтық тілшілердің көңіліне үміт отын жаққандай болды. Президентіміз Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заң қабылдауды тапсырғанын білеміз. Жаңа заң енді «Масс-медиа» туралы заң деп аталады. Міне, осы жаңа заң қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі мен міндеттеріне, құқықтарына қатысты өзекті тұстарын қозғап, онда журналист мәртебесі, блогерлерлер мен әлеуметтік желілердің рөлі қамтылады деп күтілуде.

Бүгінде ақпараттық технологияның қарқынды дамып жатқан кезеңінде әсіресе әлеуметтік желі т.б платформаларда жалған ақпараттар көп кездесетіндіктен мерзімді басылымдардың шынайы ақпараттарды жариялаудағы маңызы зор. Сондықтан, форумда ақпараттық технологияны пайдаланудың тиімді тұстарын жетілдіре отырып әсіресе өңірлік мерзімді басылымдарға мән беру қажеттігіне баса назар аударылды. Өздеріңізге белгілі, өңірлік журналистика соның ішінде баспа журналистикасының соңғы жылдары көтеріп жүрген мәселелері өте көп. Жиын барысында түйткілді мәселелерді шешу жолдары жан-жақты талқыланып, медиа саласындағы білікті мамандар, белгілі тұлғалар өз ойларын ортаға салды. Негізі осы форумның алдында  Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлерге арнайы іссапармен барып, жергілікті БАҚ-тың жағдайымен жақын танысқандықтан, сала бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардан хабардар екені аңғарылады.

– Телман аға, алқалы жиында тағы да қандай түйткілді мәселенің тиегі ағытылды?

– Министр Д.Қыдырәлі жаңа заң аясында жоспарланған мәселелердің қатарында өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсету, шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту, жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығын алып тастау т.б. өте көп маңызды міндеттердің көзделіп жатқанын айтты. Сонымен қатар ауыз толтырып айтарлық жаңалықтардың бірі журналистердің жеңілдікпен пәтер алуы, ауруханаларда жеңілдіктер пайдалану туралы нормалар, тіпті «Pressa» деген жазуы бар көлікті кез-келген жерге қою немесе мекемелерге кіруде кедергілердің болмауы қарастырылады заңнамада. Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне «Баспасөз картасы» механизмін енгізу жайлы айтқаны көңілге қонды. Баспасөз картасы сол журналистің мәртебесін айқындау үшін, яғни журналист пен блогерді ажырату үшін берілетін болады. Мұның өзі журналистердің еңбегін ерекшелеп тұратын оңды тұсы болар еді.

– Жаңа заңнама шеңберінде бастамашы болатын барлық шаралар саланың қазіргі мәселелерін шешуге, сапалы жаңа формат құруға ықпал етеді деп ойлайсыз ба? Өңірлік газеттердің жай күйі туралы не айтылды?

– Министр мұндай шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік беретінін тілге тиек ете келе, аймақтық БАҚ-қа қатысты біршама іргелі жобаларды, оның ішінде аймақтағы басылымдарды да қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатқанын айтты. Иә, өңірлік мерзімді басылымдар: аудандық, облыстық басылымдардың жай-күйі, олардың баспа шығынын  өтеуге субсидиялар қарастыру, оларды тарататын мекемелерге субсидиялау жағынан қарастыру туралы айтты. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдету сияқты көптеген жеңілдіктердің қарастырылуы журналистердің жүрегіне сенім ұялатқаны  рас.

Жалпы, өзімнің де осы кезге дейін газет-журналдар жабылып қала ма деген қауіптің көкейімде жүргенін жасырмаймын. Қоғамның қазір газет-журнал, кітап оқудан қол үзіп бара жатқаны өкінішті, әрине. Бірақ кешегі форумнан кейін нақты түйгенім, мерзімді басылымдар жойылмайды, керісінше қандай жағдай болғанда да газет-журнал керек екен! Қазір біз қолдағы мерзімді басылымдарды сақтап қалуымыз қажет. Ақпараттың технологияның дамыған заманында газет-журнал ең алдымен идеология құралына айналуы тиіс. Алдағы уақытта мемлекетте үлкен өзгерістер орын алып, мұның бәрі қолға алынады, идеология деп ойлаймын, ал бұл әлбетте газет-журналдарсыз мүмкін емес. Сондықтан қазір жаңа технологияның дамыған заманында дәстүрлі БАҚ-ты заманауи медиамен сабақтастыра отырып, сәтті трансформациялану үрдісі жалғасуы тиіс.

-Тельман аға, әңгімеңізге рахмет. Өзіңізге шығармашылық шабыт тілеймін!

Сұхбаттасқан:

Несібелі  ИМАНҚҰЛОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы