ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАР КӨП БОЛСЫН!

374 көрілім

Ар ма, ардақты оқырман!

Биыл газетіміздің бесінші саны оқырманға жол тартты. Негізгі атауы «Түркістан медиа» ЖШС деп аталатын мекемеміздің меншігінде осы күнге дейін «Түркістан», өзбек тіліндегі «Туркистон» және «Yassy-tur.kz» ақпараттық порталы жұмыс істеп келген болатын. Енді осы қатарға өңірімізде жаңадан құрылған Сауран ауданына қызмет ететін «Сауран» газеті қосылды.

Өздеріңіз білетіндей 2021 жылы облыста құрылтайшысы жергілікті әкімдік болып табылатын басылымдардың барлығы дерлік сенімгерлік басқаруға беріліп, соның ішінде бірқатары жекешелендірілген болатын. Сол тұста құрылған Сауран ауданына бір газет керек қой деп өзімізбен серіктес баспа қызметімен айналысатын жеке кәсіпкер аталған басылымның арнайы куәлігін алған еді. Оған біздің ұжым өз тарапынан қолдау көрсетіп, уақытындағы ауыртпалықтарға қарамай саурандық оқырмандар үшін аянбай еңбек етуде.

Алғашында айына бір рет шыққан газет жаңадан құрылған ауданның жылнамасын сол күннен бастап тарих беттеріне түсіріп үлгерді. Тұңғыш деген сөзді қолданғанды жақсы көреміз ғой. Тарихи мекеннің тізгінін алғаш болып қолына алған Ғани Құрмашұлы ауданға осындай басылымның қажет екенін ескеріп, ауданмен бірге тәй-тәй басқан газеттің қанат жаюына барынша қолдау көрсетті. Сөйтіп 2022 жылы жас басылымға саурандықтар жазылып, өз газеттеріне көп болып демеу жасады. Қазіргі күні газеттің әлеуеті анау айтқандай керемет демесек те, көштен қалмай қадам жасауына мүмкіндігі бар.

Осы уақытқа дейін ардагер ұстаз, белгілі журналист Оразбек Әміреев бастаған ұжымда өңірімізге танымал Ләззат Сарыбаева, Ескендір Ертай сынды майталман мамандар қал-қадірінше қызмет етіп келеді. Бұл азаматтардың қатарында қазіргі таңда Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне жетекшілік етіп жүрген Қуаныш Тасыбаев та болатын. Оған қоса редакциямызда енді ғана көзге көрініп келе жатқан жас журналистеріміз де осы басылымның аяғынан тік тұруына атсалысып келеді. Осылайша өмірге келген жаңа басылымның қанаттануына көп болып күш салып жатырмыз. Әрине, мұндайда бірінші кезекте қаржы қажет. Тапсырыс берушілер мен оқырмандар тарапынан «жаңа ауданның газеті неге түрлі-түсті болып шықпайды?», деген де ұсыныстарын жеткізіп жатыр.

Әлеуметтік желі қарыштап дамыған заманда газетте мазмұнды мақалалар, сараптамалар мен танымдық материалдардың көптеп жарыққа шыққанын құп көреді жұртшылық. Сонымен бірге, газет редакциясы Сауран ауданының орталығында болса деген ұсыныстарды да естіп жатырмыз. Барлығы орынды. Алдағы жоспарларымызда аталған мәселелердің басым көпшілігі күн тәртібіндегі басты орында тұр. Осы межелі істерге қол жеткізуге бізге айтарлықтай күш-қуат қажет. Бойымыздағы әлеуетімізді сарқа жұмсап, оқырманның талап-тілегін барынша тез орындауға да болады. Әйткенмен «заманың түлкі болса, тазы боп шал», дегеннің кері келіп тұр, ағайын. Амандық болса ойға алған істерімізді біртіндеп жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Оның ішінде бірқатар жоспарларымызды осы жылға да межелегенбіз. Жаратқан жар болса, жыл көлемінде сүйіншілейтін жаңалықтарымыз көп болады деген сенімдеміз.

Бастысы саурандық оқырмандарымыздың қатары арта түссе деген ниетіміз бар. Сіздердің «Сауран» газетіне жазылғандарыңыз, біз үшін үлкен қолдау. Осы ретте Ақмарал Батырбекова бастаған ұстаздар қауымына, адам жанының арашашысы медицина саласының қызметкерлеріне, құзырлы органдар мен жергілікті атқарушы органдардың барлық тармақтарындағы азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.

Әкімдік қызметтің тізгінін қолына алған Ғалымжан Үсенбаев мырзаның қызметіне табыс тілей отырып, алдағы уақытта ауданның өсіп-өркендеуі жолында иықтаса жүріп қызмет атқаруға әзір екенімізді атап өткім келеді. Жаңа заманның ағымына ілесіп жаңашылдыққа бет алған еліміздің әрбір өңірінде әділеттілік салтанат құрса біз алмайтын асу жоқ. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру. Сол жолда ханның да, қараның да көздегені жаңа Қазақстанды қалыптастыру. Сондықтан осы мұрат жолында әркім өзіне жүктелген міндетті адал орындаса, жарқын болашаққа бірге қадам басып келеміз деп білейік.

М.ДӘУЛЕТОВ,

«Түркістан медиа» ЖШС директоры.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы