БЕС  АУЫЛДЫҢ  БАЗЫНАСЫ

392 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін. Сондай-ақ, проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», – деп тапсырма берген болатын.

ҚҰМТҮЙІН ЕЛДІ МЕКЕНІ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ

Бұл туралы Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2022 жылы атқарған жұмыстары жөнінде және биылғы 2023 жылы атқаратын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес Қарашық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев ашып, жүргізіп отырды.

 Қарашық ауылдық округіне барған аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың кездесуінде алдымен Қарашық ауылдық округінің әкімі А.Ганиевтің 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Бұдан соң, кездесудің күн тәртібіне сәйкес, ауданның 2022 жылы атқарған жұмыстарының есебі туралы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.

Қарашық ауылдық округ тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2023 жылы аудан көлемінде атқарылатын жұмыстарды баяндап өтті.

Бұдан соң, кездесу сұрақ жауапқа ұласып, тұрғындар тарапынан көптеген мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, электр жарығы, Құмтүйін елді мекенін жарықтандыру, аяқ жол, ауыз су, табиғи газ, ағын су, ауылдық округке қаладан келетін қоғамдық көлікті қамтамасыз ету тағы басқа да ұсыныс пікірлерін білдірді. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев барлық сұрақтарға толымды жауап беріп, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін, бұл бойынша тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Кездесу соңында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев жеке қабылдау өткізіп, ауыл тұрғыны Ж.Айнабеков жер мәселесін көтерді. Аудан әкімі бұл мәселе бойынша аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ш.Алихановқа аталған мәселені бақылауға алып, заң шеңберінде шешуді тапсырды. Қарашық ауылдық округі тұрғындары аудан әкімінің есебіне және алдағы атқарылар жұмыс жоспарына сәттілік тілеп, оң бағаларын беріп, қариялар ақ батасын берді.

ЖҮЙНЕКТЕ БОКСШЫЛАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАЙ ОТЫР

Осыдан бірер жыл бұрын «Жүйнектік жертөледе жаттыққан жігіттер топ жарды» деген мақала жазған едік. Онда мектепте бокс залы жоқтығы соның салдарынан отызға жуық жасөспірім жертөлені тазалап, ешқандай санитарлық талапқа сай келмейтін душы, дәретханасы, ең болмаса қолжуғышы да жоқ сыз подвалда жаттығатынын жазған едік. Соған қарамастан оннан астам оқушылар Республикалық спартакиадада екі мәрте топ жарып Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтың қолынан чемпиондық атақты алғанын жазған едік. Арада үш жыл өтсе де әлі күнге дейін боксшылар жаттығатын зал жоқ. Бұл мәселе Сауран әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың да алдынан тағы шықты.

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2022 жылы атқарған жұмыстары жөнінде және биылғы 2023 жылы атқаратын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Жүйнек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев ашып, жүргізіп отырды.

Жүйнек ауылдық округ тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2023 жылы аудан көлемінде атқарылатын жұмыстарды баяндап өтті.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, ауылдық округ тұрғындарына жер телімдерін беру мақсатында инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу, Шекербұлақ елді мекеніндегі Абылайхан көшесін асфальттау, осы елді мекендегі су мұнарасының сорғысы істемейтінін, егістік бойынша ағын су тапшы екенін, электр бағаналарының тозығы жеткенін, ауылдық округте бокс мектебіне спорт зал керектігін, ауыз су, табиғи газ мәселесі, медициналық пунктке күрделі жұмыс жүргізу, тағы да басқа көптеген мәселелер айтылды. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырма беріп, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін, бұл бойынша тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Кездесуден соң аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдады. Жеке қабылдауға келген өтініштер бойынша алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін, бұл бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырма беріп, алдағы уақытта шешілетінін жеткізді.

ЕГІЗҚАРА ӨРКЕНИЕТТЕН ЖҰРДАЙ

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевпен кездесуде К.Ильясова Егізқара елді мекенінде жол, электр жарығы, Интернет жоқтығын атап өтті. Әлем ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан шақта Майданталдың шалғай ауылында өркениеттен жұрдай болып отырғандығы белгілі болды. Бұл шағын ауылда бұрын ферма болып, жергілікті тұрғындар асыл тұқымды мал өсіріп келсе, қазіргі кезде жастары қалаға қашып, шал-қауқандар мен кемпір-сампырлары ғана қалған. Әсіресе, қыс ауасында ауданға да Майданталға да қатынау мұңға айналады. Себебі, ауылға асфальт жол да жоқ. Табиғи газ жеткізілмеген Егізқараға жеткенше Шұбаркөл көмірінің бағасы қырық мың теңгеге жетеді. Амалсыз қи жағып отырған отбасылар да бар. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев бұл ауылдың мәселесін жан-жақты сараптаудан өткізіп, шұғыл шаралар жасау керектігін тиісті мекеме басшыларына тапсырды.

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2022 жылы атқарған жұмыстары жөнінде және биылғы 2023 жылы атқаратын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Майдантал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев ашып, жүргізіп отырды.

Майдантал ауылдық округіне барған аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың кездесуінде алдымен Майдантал ауылдық округінің әкімі Ж.Досболовтың 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Бұдан соң, кездесудің күн тәртібіне сәйкес, ауданның 2022 жылы атқарған жұмыстарының есебі туралы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.

Бұдан соң, кездесу сұрақ жауапқа ұласып, тұрғындар тарапынан көптеген мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Ахатов ауыл тұрғындарының басым бөлігі егістікпен айналысатынын, ауылдық округке қарасты Тоғандағы судың аздығын көтеріп, ағын су мәселесін шешіп беруін сұранды. Бұдан бөлек, ауылдық округ тұрғындары Қаражон елді мекеніндегі тас арықты ауыстыру, жайылымдық жерлерді суармалы жерге алмастырмау керектігін, электр энергиясының нашарлығын, электр бағаналарының ескіргенін, қаңғыбас иттердің көбейгенін, Интернет байланысының нашарлығын, ауылдық округке ауданаралық қоғамдық көліктің жоқтығын, үйіргелік жер, ауыз су, табиғи газ, ауылдық округтен келетін асфальт жолдың сапасыз салынғанын айтты. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев барлық сұрақтарға жауап беріп, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін, бұл бойынша тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Кездесу соңында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев жеке қабылдау өткізіп, ауыл тұрғыны Д.Құрманов жер, ағын су мәселесін алға тартты. Аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы тұрғындардың жеке сұрақтары бойынша тиісті бөлім басшыларына мәселені зерделеп, шешу мәселесін қарастыратынын жеткізді.

ЖІБЕК ЖОЛДЫҚТАР ЖЕРДІ ОРТАҚ ЖАЙЫЛЫМҒА ҚАЙТАРУ ЖАЙЫН КӨТЕРДІ

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2022 жылы атқарған жұмыстары жөнінде және биылғы 2023 жылы атқаратын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында Кеңес Одағы тараған тұста ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жайылымдық жерлерді елге ортақ жайылым етіп қайтару мәселесін көтерді. Себебі, малмен күн көріп отырған халықтың өрісі тарылып, теміржолдан да әрі қарай малы өте алмай отыр. Аудан әкімі бұл мәселені қоғамдастық өкілдерімен кеңесе отырып шешуге болатындығын айтып өтті.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев ашып, жүргізіп отырды. Жібек жолы ауылдық округіне барған аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың кездесуінде алдымен Жібек жолы ауылдық округінің әкімі М.Әшірбеков 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Бұдан соң, кездесудің күн тәртібіне сәйкес, ауданның 2022 жылы атқарған жұмыстарының есебі туралы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Жібек жолы ауылдық округі тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2023 жылы аудан көлемінде атқарылатын жұмыстарды баяндап өтті.

Бұдан соң, кездесу сұрақ жауапқа ұласып, тұрғындар тарапынан ұсыныс пікірлер айтылды. Атап айтсақ, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Төлепбайұлы ауылдық округтегі темір жолы өткелінен көпір салу қажеттігін және табиғи газ мәселесін көтерсе, бұдан бөлек тұрғындардан ағын су, жер құжаттарын рәсімдеу, жерлерді ортақ жайылымға қайтару мәселелерін көтерді.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы