ТЕРЕҢГЕ ТАРТҚАН ҰСТАЗ ТАҒЫЛЫМЫ

216 көрілім

      Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.   Сондай жанның бірі-  №7   мектеп- интернатында  көп жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ел құрметіне  бөленіп жүрген  Әбдіразақ  Өтекей  пайғамбар жасы алпыс үшке толып отыр.

          Көне күндерге көз жіберсек, адамзаттың алғашқы білім ордасы болған академиялардың мыңжылдық қабырғасында «Әкең сені өмірге әкелгенімен, өмірді үйреткен ұстазың» деп қашалып жазылған тәмсіл ғасырлар өтсе де құнын жоймаған құнды сөз.

 Әбдіразақ  Өтекей  де шеберлігі мен іскерлігі  көпшілікке мәлім болған әкеден көргенін көңілге түйіп, жастайынан білімге, еңбекке құштар болды. Ержете келе көрген іске қызыға қарап, жақсыны үйренгенше тыным таппайтын еңбекқорлығының арқасында  үлкен жетістіктерге жетті.

Өзі біліп қана қоймай, көңілге түйгенін кейінгі ұрпаққа ұлағаттап жеткізу жолында қырық жылдай  қызмет атқарды. Ағамыздың сол жылдар көлемінде еткен еңбегі мен шәкірттерге берген тәлім-тәрбиесін бүкіл облыс  біледі десек артық айтқандық болмас.

Қашан да еңбектің еленбей қалған кезі болған емес. Өз кезегінде  2010 – 2013 жылдары жыл қорытындысы бойынша білім мен тәрбие саласында жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін «Жылдың үздік басшысы» аталымын жеңіп алса, 2015 жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым-2015» аталымына қол жеткізіп, қала әкімдігінің алғыс хатын алған. 2015 жылы Астанадағы Республикалық Рейтингтер орталығының шешімімен «Ең үздік жыл басшысы -2015» номинациясы бойынша «Ерен еңбегі» медалімен марапатталған.

Аталған салада 40 жылға жуық жұмысы ескеріліп, 1995 жылы «Білім беру ісінің үздігі» белгісімен, 2008 жылы ҚР Білім министрінің құрмет грамотасымен, 2016 жылы «Мәртебелі директор» белгісімен, 2017 жылы «Қазақ елінің үздік педагогі» белгісімен марапатталса, ал 2019 жылы  Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен марапатталып, еңбегі еленді.

2015 жылы «Физикадан  олимпиадалық есептерді шығару жолдары (9-сынып) әдістемелік мақаласы қазақ, орыс, ағылшын тілінде Республикалық «Хабаршы» ғылыми әдістемелік журналының №3 санында жарияланды. 2017 жылы “Samples for solving tasks in section “KINEMFTICS” on the subject of physics”тақырыбында әдістемелік кітапшасы 2017 жылы Республика көлемінде жарық көрген «Қазақ елінің үздік ұстазы» жинақ-кітабында жаңашыл ұстаздың бай тәжірибесімен  еңбектері жарық көрген. Ардагер ұстаз құрастырып шығарған мақаланың өн бойынан тағылымы мол дүниелерді тамсана оқи аласыз. Мектеп мұғалімдеріне, оқушыларға, әсіресе жас мамандарға өз ісінде шеберліктерін ұштау үшін пайдалануына көп көмегін тигізеді.

            Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнімен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұратын. Иә расында, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!  Әбдіразақ ағай –дәл осындай жан. Ғұмыр бойы білім саласында тер төгіп, сансыз шәкірт тәрбиелеп, шартарапқа қанат қақтырған ұлағатты ұстаз Әбдіразақ Өтекейдің ізгілікті істері көпке үлгі-өнеге. Әбдіразақ ағай  мұғалімдерге, оқушыларға  да ата-анамыздан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам болды. «Егер сен биікке шыққың келсе, тек өз аяғыңмен ғана шық. Басқалардың сені биікке көтеріп шығуына жол берме! Басқалардың арқасына жабыспа, басқалардың желкесіне мінуші болма» деген неміс ойшылы Фридрих Ницшенің сөзіне жүгінсек, табан ақы, маңдай терімен ғана есімі елеулі тұлғалардың қатарында тұрған біздің Әбдіразақ ағайымыз дер едік.

    Ұлағатты ұстаз дәрісті өмірлік философиямен сабақтастыра білетін, сол арқылы бізді өмірдің мәнін ұғуға  үйретті. Отбасында бақытты әке, жұбайы Жұмағұлова Ақжан да ұлағатты ұстаз. Үш ұл, бір қыз, он алты немере тәрбиелеп отырған  саялы бәйтереекте жайқалған өнегелі шаңырақ иелері.

    Қазақ білімі мен ғылымына қосқан үлесіңіз аз емес, қосарыңыз одан да көп болсын. Сіздің жарқын ісіңіз, мағыналы сан тарап ізіңіз артыңызда сайрап жатыр. Біз соған қуанамыз. Осы ісіңіздің аяқталмауын тілейміз.

Бүкіл тәрбиелеп өсірген шәкірттері құрметпен  ұстазға бас иеді! Мәртебеңіз арта берсін, Ұстаз!

                     С. Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернат ұжымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы