Өткен жылдың ІІІ тоқсанында салалар кесіндісінде ең жоғары айлық жалақы «Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу» саласында – 480 689 теңге, «Қаржы және сақтандыру қызметі» саласында – 313 099 теңге, ал ең төменгі жалақы «Сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет» саласында 102 938 теңге болып белгіленді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Гүлнар Күнтуғанова айтты.

Оның сөзінше, 2022 жылғы қаңтар-қарашада туылған балалар саны 53123 адамды құраған. Аталған мерзімде 27137 ұл және 25986 қыз туылған. Яғни, 1000 қыз балаға 1044 ұл бала туылып, бұл жерде ұл балалардың көп туылу тенденциясы сақталған. Облыс бала туу көрсеткіші бойынша республика деңгейінде алдыңғы қатарда тұр, оның үлесі 14,4% болды.
Брифинг барысында Гүлнар Темірболатқызы неке тіркелу статистикасына тоқталып, ажырасу санының азайғанын айтты.
– 2022 жылғы қаңтар-қарашада Азаматтық хал актілерді тіркеу органдарында 12260 неке тіркелді. Оның ішінде 8434 неке ауылдық жерлерде, 3826 неке қалаларда тіркелген. Ал ажырасулар саны – 610, яғни ажырасу көрсеткіші өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,6% кеміген. Одан бөлек, облысқа келген халықтың саны 27631 адам, басқа өңірге кеткендердің саны 43857 адам болды, – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар, облыс бойынша жұмыссыздар саны 43,4 мың адам болып, 5,3% құрады. Ал бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы өткен жылдың ІІІ тоқсанында 210371 теңге болды. Бұл – кәсіпкерлікпен айналысатын шағын кәсіпорындарды қоса алғандағы көрсеткіш. Осы ретте ең жоғары орташа айлық жалақы Созақ ауданында, яғни 372 298 теңге болып белгіленді. Ал ең төмен жалақы Төлеби ауданында – 163 975 теңге.
Айта кетейік, халықтың орташа бір айда жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары, бағалау бойынша, 75867 теңгені құрады. Ал табыстарының басты көзі – еңбек қызметінен түскен табыстар. Сондай-ақ, 600 үй шаруашылықты іріктеп, зерттеу деректері бойынша орташа жан басына шаққанда тұтыну шығыстары – 163256 теңге. Осы кезеңде халықтың ақшалай шығыстарының 95,8% тұтыну шығыстарына – азық түлік және азық түлік емес тауарлары мен ақылы қызметтерге тиесілі.
Азық-түлік тауарларына жұмсаған шығыстары – 100663 теңге. Оның ішінде тамақ өнімдері және алкогольсіз сусындарға жұмсаған шығыстары – 98856 теңге, сондай-ақ, азық-түлік емес тауарларына жұмсаған шығыстары – 40176 теңге.
