ОРТАЛЫҚ АУРУХАНА ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

1  276 көрілім

Әр мемлекет үшін халықтың денсаулығы басты назарда екені даусыз. Дана халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаса керек. Еліміз қашанда денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл ретте Түркістан қалалық орталық ауруханасы жүйелі түрде жұмыс жасауда. Олай дейтініміз бұл орталық Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында толықтай цифрландыруға көшіп, енді қағазбастылықтан арылып отыр.

Мұнда электронды кезекке тұрып, өздерінің ауруханаға жату кезегін, лабораторияға, рентген кабинетіне, ультрадыбыстық зерттеуге (УЗИ) тексерілуге келген науқастар өз кезегін күту залындағы экраннан біле алады.

Сондай-ақ, ауруханада ақпараттық киоск (инфокиоск) жұмыс жасайтын болады. Ол арқылы науқастардың туыстары жоспарлы және жедел, өздері немесе жедел жәрдем бригадасымен келген науқастардың қай бөлімшеде қашан жатқанын біліп отырады немесе QR код арқылы тікелей аурухананың сайтына енсе науқас жайлы толық ақпарат сонда баяндалады. Тағы бір айта кетерлігі, енді қабырғада ілініп тұратын науқастар тізімі мен түрлі аурулар жайлы ақпараттар беретін суреттер мен стендтерді байқамайтын боласыз. Себебі, мұндай танымдық ақпараттар бір бағытқа тоғыстырылып, электронды түрде тек мекемедегі белгілі бір көгілдір экрандардан ғана көрсетілетін болады. Сонымен бірге, мұнда «Көмек» медициналық ақпараттық жүйесі бағдарламасымен жұмыс жасау қолға алынуда. Ол дегеніңіз, жедел жәрдем бригадасы алып келе жатқан науқас туралы толық ақпарат аурухананың қабылдау бөлімін-де көрініп тұрады. Ал, қабылдау бөлі-міндегі «SOS» бағдарламасы бар батыр-маларды басу арқылы тиісті дәрігер-лерді және зертхана маманын тез көмек-ке шақыруға мүмкіндік туып отыр.

Аурухана алдағы уақытта толықтай «Триаж жүйесі» бойынша жұмыс істейді. Онда медициналық іріктеу үздіксіз жүргізіліп, бір емделушінің жағдайын бағалау процесі 60 секундтан аспайды. Бағалау аяқталғаннан кейін ауру арнайы түрлі-түсті лента түріндегі іріктеу санатының белгілі бір түсімен белгіленеді. Мысалы медициналық іріктеуге сәйкес шартты түрде емделушілер 3 топқа бөлінеді. Олар: бірінші топ жасыл аймақ – медициналық көмекті аздап қажет ететін және одан әрі амбулаториялық емделу үшін үйіне жіберілген және жоспарлы емдеуге жатқызылған пациенттер. Екінші топ сары аймақ – қабылдау бөлімшесіндегі төсекте жатқан шұғыл немесе кезек күттірмейтін, көмек көрсетуді қажет етпейтін немесе қабылдау бөлімшесінде бірнеше сағатқа байқауға, диагнозын нақтылау мен саралауға қалдырылған науқастар болып табылады. Ал, үшінші топ қызыл аймақ – түстің өзі айтып тұрғандай қабылдау бөлімшесінде шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді қажет ететін емделушілер.

Осы күні жүргізілген құрылыс жұмыстарынан кейін аурухана ғимараты жаңаша кейіпке енген. Жансақтау бөлімі қайта жарақталып, мекеме тағы бір су жаңа компьютерлік томография қондырғысымен толықты.

– Соңғы үлгіде жасалған құрылғы адам ағзасындағы кінәратты дәл табады. Енді қала тұрғындарының бойынан дәрігерлер өңіріміздегі ең озық «Aquilion Prime SP» атты сканері арқылы ағзадағы аурудың белгілерін оңай анықтамақ. Бұл аспап 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс жасай алады және бұрынғыларына қарағанда ауруды табу ықтималдылығы жоғары әрі адам денсаулығына зиянсыз. Құрылғы 3D форматта кеңейтілген кескіндерді алуға мүмкіндік береді, – дейді аурухананың сәулелік диагностика дәрігері Нұржан Тауасаров. Медициналық құрылғыны қолдануды дәрігерлер шілде айынан бастауды көздеп отыр. Ол үшін тиісті дәрігерлер мен қызметкерлерге біліктіліктерін арттыру мақсатында шеберлік сыныбын Ресейден келген мамандар өткізіп, қыр-сырына қанықтырмақ.

Бүгінгі таңда бұл орталықта 399 маман халыққа қызмет көрсетуде. Оның 56-сы дәрігер болса, 165-і мед-бике, қалған 139-ы басқа мамандар. Мұндағы қызметкерлердің төл мерекесіне орай еткен еңбегі мен төккен тері еленді. «Nur Otan» партиясының атынан 12 маман «Құрмет грамотасымен» марапат-талса, 11 қызметкер аталмыш ұйымның «Алғыс хатына» ие болды. Осы орайда біз де ақ халатты абзал жандардың қызметіне табыс тілеп, ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз еселене берсін демекпіз.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы