Қазақстанда тарихи себептерге байланысты қалыптасқан тілдік ахуал, орыс тілінің үстемдігі, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі ел азаматтары жиі көтеріп жүрген түйіткілді жайттың бірі.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың басын біріктіруші фактор – қазақ тілі, сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін баршамыз бірігіп көтеруіміз керек» деген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арналған жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп, қазақ тілін дамытуға қатысты өз ойымен бөлісті.
Мұны тек жекелеген азаматтар тобына емес ұлтына қарамай тұтас Қазақстан халқына бағытталған сөз деп қабылдаған жөн. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыруға арналған бірқатар маңызды істер атқарылғанымен, әлі күнге шешімін күткен мәселелер баршылық. Бұл орыс тілінің бүгінгі күнге дейін ұлтаралық, қоғамдық қатынас тілі ретіндегі рөлін сақтап келе жатқанына байланысты айтылып жүрген сын-пікірлерге қатысты.
Елдегі тіл саласындағы қалыптасқан жағдайға байланысты түрлі пікірлер бар. Кейбір азаматтар еліміздің полиэтникалық құрамын алға тарта отырып, толерантты саясатты одан әрі жалғастыру қажеттігін алға тартады.
Тағы бір топ елімізде деколонизация саясатының жүргізілмегенін сынап, мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеруде радикалды қадамдар жасаудың әбестігі жоқ екенін айтады.
Үшінші тарап, геосаяси жағдайды ескере отырып, тілдік саясатты эволюциялық жолмен жүргізуді қолдайды.
Біз де осы мақалада тіл саясатына қатысты кейбір түйіткілдерге қатысты ойларымызбен бөлісетін боламыз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикалық дағдарыспен қатар, этникалық көңіл-күй, тілдік ахуал да сын көтермей тұрғанын жақсы білеміз. Кеңес дәуірінде импершілдік саясаттың ықпалынан жаншылған қазақ тілінің тынысы тәуелсіздік жылдары қайта ашыла бастады. Тіл туралы заң қабылданып, мемлекеттік тілдің әлеуеті арта түсті.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға, 2011-2019 жылдарға және 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары қабылданып, республика көлемінде атқарылатын жұмыстар айқындалды. Бұл бағдарламалардың орындалуына қатысты, атап айтқанда мемлекеттік тілді дамытуға, іс-шараларға қатысты сын-пікірлер айтылғанымен қазақ тілінің өркендеуіне ықпал еткен тұстарын да ескеру қажет.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда үш тұғырлы тіл, яғни мультилингвизм ұстанымы қолданысқа ене бастады. Бұлар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерушілер санын арттыру. Аталған ұстаным мемлекеттік бағдарламаларда нақты индикаторлармен көрініс тауып, жүзеге асырылуда. Алайда тілдік алаңда әлі де билингвизм (қазақ және орыс тілдері) сипатының басым екенін, ағылшын тілінің азаматтар арасында енді тарап келе жатқанын байқауға болады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен 2019 жылы жүргізілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалы зерттеулерде» сарапшылардың 40 пайызы қазақ тілі мен орыс тілінің қолданыс деңгейі алдағы уақытта теңесетіні, 38,3 пайызы алдағы он жылда қазақ тілі барлық салада басымдыққа ие болады деген болжам айтады (Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалы зерттеулер, «ЮПИТЕР» Зерттеу орталығы» ЖШС, Нұр-Сұлтан, 2019, 162-бет). Яғни, сарапшылар арасында мемлекеттік тілдің дамуына қатысты оптимистік гипотеза бар.
Бұл мемлекеттік саясаттың қазақ тілін қолдау үрдісі мен елдегі демографиялық үрдістер аясында орыс тілінде сөйлейтін әлеуметтік және этникалық топтардың азайып, қазақ ұлты санының өсімен де тығыз байланысты. Шетелдегі қандастарымызды ата жұртына қоныс аудару саясаты да елдегі тілдік балансқа ықпал етті. Сондай-ақ, урбанизация үрдісі аясында ауыл тұрғындарының қалаға көшуі қаладағы қазақ тілді қазақтардың санын күн санап арттырып келеді. Бұл да мемлекеттік тілдің қолданыс ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік беруде.
Тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда титулды ұлт ретінде қазақтардың үлес салмағы жыл санап артып келеді. Бұл тілдік алаңда қазақ тілінің үстемдігін уақыт өткен сайын нығайта беретін болады. Қазіргі таңда қазақ ұлтының елдегі үлес салмағы 70 пайызға жуықтады. Бұл моноұлтты мемлекеттің қалыптасып келе жатқанын білдірсе керек.
Алайда қазіргі таңда Қазақстан халқының мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші бойынша өңірлер арасында бірыңғайлық жоқ. Бұл тиісті өңірдің географиялық орналасу ерекшелігі мен тұрғындардың этникалық құрамына байланысты. Мысалы «Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалы зерттеулерге» сүйенсек қазақ тілін меңгерген респонденттердің ең көп саны Қызылорда (97,9%), Атырау (94,7%) облыстары мен Шымкент қаласының (91,9%) тұрғындары. Қазақ тілін Қостанай облысында (24,9%), Батыс Қазақстан облысында (26,3%) және «Ақмола облысында (42,7%) меңгерген (Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалы зерттеулер, 21-бет). Бұл тиісті өңірлерде тіл саясатын жандандыру қажеттігін білдіреді.
Тіл саясатында соңғы жылдары орын алған маңызды өзгерістің бірі қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстары.
Бұл заман талабынан туындаған тарихи маңызды шешім. Қазір әлемдегі тілдердің басым көпшілігі латын әліпбиінде таңбаланады. Бүгінде ғылым мен білімнің, әлемдік коммуникацияның тілі де латын қарпінде жазылатын ағылшын тілі.
Қазақ тілі латын әліпбиіне эволюциялық жолмен, кезең-кезеңімен көшеді. Жалпы, латын әліпбиі біз үшін таңсық емес. Қазақ тілі 1929-1940 жылдары латын әліпбиінде таңбаланып келді. Сол уақытта да қаншама құнды дүниелер жазылды. Сондықтан мұны латын әліпбиіне көшу емес, латын әліпбиіне қайта оралу деуге де болады.
Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек.
Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты.
Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» деген болатын. Осыған орай, «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітіліп, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.
Кейбір сарапшылар қазақ тілі латын қарпіне көшу арқылы біртіндеп кирилл қарпіндегі орыс тілінің ықпалынан ажырап, өзінің дербес тіл ретіндегі күшіне мінеді дегенді алға тартады. Сондай-ақ, қазақ тілінің төл дыбыстарын қалпына келтіру, яғни кірме дыбыстардан арылту, шет тілдерінен енген сөздерді қазақ тілінің заңдылықтарына сай қайта атау жұмыстары қолға алынады.
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты кездесетін түйіткілдер аз емес. Аталған мәселелерге жеке-жеке сипаттама бере кеткенді жөн көрдік.
Олай болса, қазақ тілінің қолданыс әлеуетін арттыруда кездесетін практикалық түйіткілдердер келесідей.
Бірінші – жалпы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін ең алдымен «Тіл туралы» заңға өзгерістер енгізу керек.
Бұл мемлекеттік тілдің дамуына негізгі кедергі деуге болады. Кез келген мекеме немесе жеке және заңды тұлға «қажет болған жағдайда» (немесе орыс тілінде) деген сөзді сылтау қылып тек орыс тілінде хат алмасуды, іс-шара өткізуді қалыпты жағдайға айналдырған. Көп азамат орыс тілінің мемлекеттік тілмен ресми түрде тең қолданылады дегенін орыс тіліне заңдық тұрғыдан ресми статус береді деп жаңсақ ойлайды. «Қажет болған жағдайда» деген тіркесті алға тарта отырып, көптеген елішілік шаралар орыс тілінің басымдығымен ұйымдастырылып келеді. Тәуелсіздік жылдары елдегі заң шығарушы орган саналатын Қазақстан Республикасының Парламентінде заң жобалары тек (мемлекеттік тілде дайындалған бір-екі заңды айтпағанда) орыс тілінде дайындалып, талқыланып, кейіннен заңның мәтіні қазақшаға аударыла отырып күшіне енуде. Мұндай мысалдар өте көп.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке орналасуда заңнама бойынша тесттен өту талап етіледі. Тест тапсырарда қазақ тілінен де сұрақтар қойылып, балл беріледі. Бірақ бұл жалпы тесттен өтуге әсер етпейді. Қазақ тілінен жиырма сұрақтан жалпы 1 балл алсаңыз да мемлекеттік қызмет атқаруға құқық беріледі. Бұл мәселе көптеген азаматтардың сын садағына ілініп те жүр. Біраз әзірге өзгеріс жоқ. Сондықтан осы норманы қайта қарастырып, кандидатқа мемлекеттік тілді білуге қатысты нақты талап қойылуы қажет.
Осыған ұқсас ойды күні кеше елімізге белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы да өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазған болатын. Ол «Өзімізге қажет болмаған тіл басқаға керек пе? Мемлекеттік қызметке тек қазақ тілін жетік меңгергендерді ғана алу керек. Президент бастамасымен жасақталған резервтік 300 кадр іріктелді. Бірақ тағы да қазақ тілін білу талабы жоқ. Тіл болмаған жерде ұлттық идеология туралы сөз қозғау өзімізді алдау. Бос әурешілік» деп мемлекеттік басқару саласындағы азаматтарға мемлекеттік тілді білу туралы талап қойылмайтынын сынап өтті.
Екінші – аралас мектептер мәселесі және мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардағы тілдік ахуал.
Аралас мектептердің кезінде отарлық саясаттың бір құралы ретінде пайда болғаны тарихтан белгілі. Орыс тілін оқитын балалардың үзілісте өзара қазақша сөйлесетінін көрген сол заманның идеологтары аралас мектеп ашу ісін жолға қояды. Ол өз нәтижесін де берген.
Бүгінде тәуелсіздік алғанына 33 жылға жуықтаған елімізде әлі күнге дейін аралас мектептер санының азаймай отырғаны идеологиялық кемшілік ретінде сыналып жүр. Бұл жөнінде елдегі зиялылар, аралас мектептегі ата-аналар жиі көтеруде. Аралас мектептерде қазақ сыныптары болғанымен, мекеменің ішіндегі шаралар (тәрбие жұмысына қатысты т.б.), жиналыстар «өзгелерге де түсінікті болсын» деген «себеппен» негізінен орыс тілінде өтеді. Ішкі құжаттардың көпшілігі орыс тілінде толтырылады, қазақ тіліндегі толтырылған құжаттардың сапасы да сын көтермейді.
Сондай-ақ, көптеген жеке меншік бала-бақшада іс-шаралар негізінен орыс тілінде өтеді. Мысалы балабақшада он топ болса, оның екеуі ғана орыс тобы болғанына қарамастан орыс тіліне басымдық беріледі. Бұл үрдіс аралас мектептердің бастауы балабақшада жатқандығын көрсетеді.
Халқымызда «Бұлақ басынан тұнады» деген жақсы сөз бар. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тірегі. Олай болса, келешегіміздің кепілі саналатын жастарымыздың бойында ұлттық тәлім-тәрбие дарыту, олардың төл құндылықтарымызды бойға сіңіруін, мемлекеттік тілді меңгеруін бүгіннен бастап қолға алу қажет.
Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен кішкентай бүлдіршіндерге арналған тақпақтар мен материалдардың сапасы сын көтермейді.
Үшінші – интернеттегі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілді контенттің саны мен сапасын арттыру.
Бүгінде технология дамыған заманда баспасөздің рөлі әлсіреп, интернет сайттар мен жеке блогтардың маңызы артып келеді. Тіпті республикалық деңгейдегі маңдайалды газеттеріміздің таралымы мен әлеуметтік желілердегі танымал азаматтардың жазылушылары арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Әрине басымдық соңғыларының еншісінде. Бұл интернет қолданушылар санының соңғы уақытта күрт артып келе жатқанына байланысты.
Сондықтан интернеттегі қазақ тілді контенттің дамуына мемлекет те, азаматтық қоғам институттары да бірлесе атсалысқаны жөн.
Өкінішке орай, интернеттегі қазақ тілді ақпараттың саны өте аз. Бұдан бөлек, көптеген ақпараттық сайттарда, ақпарат тарататын құзырлы органдардың ресми сайттарында әлі күнге дейін ақпарат бірінші орыс тілінде жарияланып, аудармасы сәл кешігіп қазақ тілінде шығып жататыны жасырын емес. Қай тілде ақпарат ең бірінші шықса, сол тілдің ықпалы басым екенін, сайттың да дәл сол тілдегі нұсқасының беделі биік болатынын жақсы білесіздер. Бұл екінші тараптан қазақтілді БАҚ өкілдерінің жедел жұмыс атқаруына кедергі жасап, қосымша күш-жігер талап етенін де айта кету керек.
Төртінші – қазақ тілінің дамуына қатысты сол тілді меңгермеген және меңгеруге құлқы жоқ азаматтардың ықпалы.
Мұндай азаматтар аз емес және түрлі салаларда еңбек етіп жүр. Олар өздерінің «комфорт аймағынан» шыққысы келмейді және өздеріне үйреншікті тілде тәрбиелеген балаларының болашағына алаңдайды.
Ал белгілі экономист, саясаттанушы Петр Своик елімізде әлі де орыс тілінің ықпалы басым екенін, оған орыс тілді ықпалды топтар мүдделі деген көзқарасын білдіреді. Ол ресейлік Ақпараттық-талдау орталығына берген пікірінде «Бүгінгі Қазақстан билігі түгелдей қазақтардан тұрады. Саясатты, заңды, атқарушы және орындаушы билікті, экономиканы, білімді, ғылымды, мәдениетті, ақпаратты, әлеуметтік саланы – қазақтар билеп-төстеп отыр.
Алайда бұдан қазақ ұлтына қайыр жоқ.. … Шындығында мұндай Қазақстанның мемлекеттік тілі – орыс тілі. Қазақ билігі орыс тілімен қатар, қазақ тілін де қолдануға тырысады. Бірақ бұл әншейін көзалдау, ырымын жасаған болады. Қалада тұратын қазақтың көпшілігі – орыстілді немесе екі тілді де жетік меңгерген.
Тағы бір назар аударарлық мәселе мынада. Қазақстанда халық арасында әлі күнге дейін идеялық тұрғыдан ескірген мерекелерді тойлау, соған сәйкес бірін-бірі құттықтау (тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген жастар арасында да жиі кездеседі) үрдісі байқалады. Мысалы күні кеше, яғни 23 ақпанда Отан қорғаушылар күнімен құттықтаған жазбалар әлеуметтік желілердің қазақстандық контентінде, WhatsApp топтарда жиі байқалды. Бұл халықтың ескі құндылықтарды әлі де теріс көрмейтінін байқатады. Тілдік мәселеде де осыған ұқсас жағдай, яғни өзіне ыңғайлы, үйреншікті тілде қызмет көрсету (немесе алу) тенденциясы әлі жалғасып келеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілдің өркендеуіне өзіндік кері ықпалын тигізіп келеді.
Осы сияқты тағы бір мысал, көлігіңіз соқтығысып немесе қандай да бір жайсыз жағдайға тап болсаңыз полиция қызметкерін шақырсыз. Ол әдетте хаттаманы өзіне ыңғайлы, үйреншікті орыс тілінде толтырады. Сол сияқты қандай да бір іске қатысты сотқа жүгінерде адвокат жалдай қалсаңыз ол да өзіне ыңғайлы орыс тілінде талап-арыз жазғанды жөн көреді. Осы сәттен бастап тергеу жұмыстары, сот отырысы т.б. хаттама толтырылған тілде жүреді.
Бұл жөнінде Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қ.А. Касимов «Жергілікті соттарда мемлекеттік тілде қаралған істердің жалпы саны әлі төмен. Мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа ұйымдармен кәсіпорындардан сотқа жүгінгенде талап арыздар мемлекеттік тілде емес, яғни, дауласушы тараптардың басым бөлігі сотқа талап арыздарды орыс тілінде беруде. Мемлекеттік органдардың, адвокаттардың, заңгерлердің басым көпшілігі арыздар мен басқа да ресми құжаттарды жазуда түрлі сылтаулармен қазақ тілінен айналып өтуге тырысады. Заң қағидасына сүйене отырып мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа ұйымдар мен кәсіпорындардан талап арыздарды сотқа мемлекеттік тілде тапсыруды сұрайтын уақыт жетті» деген болатын.
Бесінші – азаматтардың өздеріне тиесілі тіл таңдау құқықын талап ету мәдениетін, іс жүзіндегі белсенділігін қалыптастыру қажет.
Ел азаматтарының көпшілігі тілдік мәселеде өз құқықтарын талап етуде белсенді емес. Белсенді дегендерінің өзі әлеуметтік желіде сын-пікір жазумен, тиісті құрылымдарды сынаумен ғана шектеліп жатады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жекелеген азаматтар өз құықықтарының бұзылғанына байланысты сол жерде талап етіп, мәселені шешуіне болады немесе тікелей сотқа жүгініп өз құқығын қорғай алады. Мұндай азаматтардың шоғыры қалыптасса, біліп және білмей тілдік дискриминация жасаушылардың ісінде оң бетбұрыстың болары анық. Бұл екінші жақтан, мемлекеттік тілге деген сұраныстың артуына себеп болады. Азаматтық қоғам қалыптастырудың бір жолы осында болса керек.
Алтыншы – тілдік нормаларға қатысты заңбұзушыларды жауапқа тарту мәселесі реттелмеген. Яғни, қолданыстағы заңнамада тіл нормаларын бұзған жеке және заңды тұлғаларды жауапқа тарту талаптары болғанымен, оны іске асыру механизмдері соңына дейін жетілдірілмеген.
Мысалы, қолданыстағы заңнамаларда «Тіл туралы», «Жарнама туралы» заңдардың талаптарын бұзған жеке және заңды тұлғаларды жауапқа тарту үдерісі күрделендірілген. Қазақстан Республикасы «Кәсіпкерлік кодексі» 138-бабының 108-тармақшасы (деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру бөлiгiнде Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасының сақталуына) 2018 жылғы өзгерістер мен толықтырулар кезінде алып тасталған. Яғни, кәсіпкерлерге тіл нормаларын бұзған жағдайда айыппұл салуға болмайды.
Ал, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 455-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес жарнамада тіл нормаларын бұзғандарға айыппұл салынады деп жазылған. Сондай-ақ, орталық деңгейдегі уәкілетті орган бекітіп беруі тиіс хаттама мен тексеру парағының үлгісі жоқ. Осындай қайшылықтар жергілікті атқарушы органдардың жұмысына кедергі.
Сонымен қатар әдепсіз жарнамаларға шек қою мәселесі жетілдірілмеген. Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» 2003 жылғы 19 желтоқсандағы Заңында, «Елді мекендерде сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 121 қаулысында және жоғарыда аталған шешімде әдепсіз суреттері бар жарнамаларды ілуге тыйым салу туралы нақты талап жазылмаған. Бұл өз кезегінде, көшелерге ілінетін кейбір жарнамаларға келісім беру үдерісінде қиындық туғызуда. Аталған сипаттағы жарнамалар елді-мекеннің өзіндік бейнесі мен әдеп нормаларына қайшы келеді және халық тарапынан наразылық туғызуы мүмкін.
Сондықтан қолданыстағы заңнамаларға әдепсіз жарнамаға қандай жарнама жататынын (оның критерийлері нақты жазылмаған, әркім әрқалай түсінеді) айқындау немесе аталған мәселе бойынша түсіндірме берілгені жөн болады.
Тіл саласындағы құқықбұзушылықтың азаймай отыруының негізгі себебінің бірі заңның жұмсақтығы.
Бұл Қазақстан азаматтарының тіл таңдау құқығын өрескел бұзу болып саналады. Егер жекелеген азаматтар аталған банкті сотқа берсе де заңды тұлғаға салынатын айыппұл көлемі мардымсыз. Яғни, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 75-бабының 5-тармағында «Жеке тұлғалардың тiл таңдау құқықтарын шектеу, тiлдік белгілері бойынша кемсiту – лауазымды адамдарға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» деп жазылған. Дәл осындай тіл таңдау құқығын шектеу фактілері өзге де банктер мен қызмет көрсету компанияларында да орын алып отыр. Қолданыстағы заң талаптарының әлсіздігі осындай сәттерде айқын көрініс табады.
Жетінші – нысан атауларын заңдық тұрғыдан реттеу.
Елімізде ономастика комиссиялары мемлекеттік нысандарға атау беру мәселесімен айналысады. Ал жеке меншік нысандардың атауларына мемлекеттік реттеу тетіктері қарастырылмаған. Елімізде нысан атауын таңдауда тиісті меншік иесіне еркіндік берілгендіктен елімізде шет тіліндегі атаулар азаймай отыр. Бұл ретте, жеке меншік нысандарға ат қоюда қандай да бір құжатпен заңдастырылған шектеу болып, шет тілдерден келген атаулар белгілі бір мөлшерден аспауы тиіс.
Елді-мекендерде атауы өзге тілдерде жазылған сауда үйлері, қонақ үй, мейрамхана т.б. нысандар жиі ұшырасады. Жергілікті атқарушы органдардың оларды алып тастауға немесе өзгертіп жаздыруға құқықтары жоқ. Өйткені олардың ресми тіркелген атаулары осындай.
Бұл атауларды тілдік нормаларға сай тәртіпке келтіру мәселесі әлі күнге өз шешімін таппай отыр. Яғни, заңды тұлғалар әділет органдарында ресми тіркелер кезде атауларын өзі немесе ұжым болып таңдайды. Ал оны уәкілетті органмен келісу міндеттелмеген. Осыған сәйкес, атаулары түсініксіз, қате және шет тілдегі заңды тұлға атаулары көбейіп кетті. Бұл мәселені жекелеген тұлғалар бірнеше жыл көтеріп келе жатқанымен әлі күнге өз шешімін таппай отыр.
Әділет органдарының да өзге тілдегі атауларды тіркеуден бас тартуға құқықтары жоқ. Сондықтан Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» 1995 жылғы 17 сәуiрдегі N 2198 Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет.
Сондай-ақ, ономастикалық жұмыстарды одан әрі жандандырып, жер-су атауларын ұлттық сипатта қайта атау үрдісін жалғастыру қажет. Идеялық тұрғыдан ескірген атаулардың саны еліміздің орталық, солтүстік және шығыс аумақтарында әлі күнге азаймай отыр. Бұл атаулар визуалды түрде халықтың санасы мен тілдік ахуалға ықпалын тигізетіні анық.
Сегізінші – сыртқы жарнама мен деректемелердегі тілдік мәселе. «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 508 Заңының 6-бабының 2-тармағында «Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама (мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-ресурстарды, ақпараттық агенттіктерді қоспағанда) қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады» деп жазылған. Заң бойынша кез келген жарнама беруші тұлға қаражатын төлеп еліміздің маңызды қалаларының көшелеріне жүздеген жарнамасын орналастыра алады. Мысалы, жарнамада қазақ және орыс тілдерімен қатар Қытай Халық Республикасы, Армения немесе өзге бір елдің тілінде де жарнама орналастыруға заңдық мүмкіндік бар. Бұл келешекте Қытай сияқты алпауыт экономикасы бар мемлекеттің тауарларын жарнамалаған иероглифше жарнамалардың да көбеюіне алып келуі мүмкін. Осындай ықтимал қауіптердің алдын алу үшін заңға тиісті өзгерістер енгізуді қазірден ойластырған жөн.
Сондай-ақ, «Жарнама туралы» заңға биыл жыл басында өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Алдыңғы редакцияда жарнама беруші тұлға алдын ала жергілікті атқарушы органдармен жарнама нобайын келісуі тиіс болатын. Соңғы редакцияда бұл талап алып тасталған. Осы арқылы орфографиялық, стилистикалық кемшіліктерге толы жарнамаларға заңдық тұрғыдан жол беріп отырмыз.
Тоғызыншы – қазақ тілінде сөйлеуді халықтың, оның ішінде жастар арасында сәнге айналдыру. Бұл да тілдік ахуалды шешуде үлкен ықпалға ие. Оны азаматтардың бойына патриотизмнің дәнін себу арқылы да іске асыруға болады.
Ресейде империясында ХІХ ғасырда француз тілін білудің сәнге айналғанын, орыс дворяндарының орыс тілін менсінбей, француз тілін білуді «ақсүйектіктің белгісі» ретінде қабылдағанын тарихтан жақсы білесіздер.
Қорыта келгенде, Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесін, оның құзыретін іс жүзінде нығайту мәселесі, өкінішке орай, әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл шындығында бәрімізге артылған жауапкершілік жүгі, барша қазақстандықтардың ортақ ісі. Отбасындағы тәрбиеден бастап, ел басындағы азаматтарға дейін өз ісінде осыны естен шығармауы тиіс.
Жоғарыда баяндалған бірқатар себепке байланысты мемлекеттік тілдің әлеуеті уақыт өткен сайын арта беретінін анық болжауға болады. Бірақ, бұл үрдісті жеделдетуге қолымызда бар ресурстарды, мүмкіндікті пайдалана отырып, баршамыз атсалысуымыз қажет.
Сәкен Есіркеп