ЖАҢАРҒАН ҒИМАРАТТАҒЫ ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ

332 көрілім

Күні кеше Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында Карло Гоццидің «ТУРАНДОТ ХАНШАЙЫМ» комедиясының премьерасы өтті. Қойылым премьерасына облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев және өңірдегі зиялы қауым өкілдері, театрсүйер көпшілік қатысты.

Театр ғимаратына өткен жылы облыстық бюджеттен қаржы қаралып, күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Осы себеппен араға біраз уақыт салып театр ұжымы өз көрерменімен қайта қауышып отыр. Сахна саңлағы Райымбек Сейтметов есімін иемденген, түркістандықтар үшін театр өнерінің ізашары, сахна мәдениетін ала келген бұл өнер ордасының орны ерек. Жарқыраған жаңа ғимаратта театр кең тыныспен шығармашылық жұмысын жалғастыра бастағанына көзайым болып, көңіліміз көтерілгені анық. Театр соңғы жылдары Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері, танымал режиссер Қуандық Қасымовпен шығармашылық ынтымақтастық орнатқан. Бұған дейін бірнеше драманы сәтті сахналаған режиссердің бұл жолғы қойылымы – «Турандот ханшайым».

Қойылымда Қытай билеушісі Альтоумның қызы Турандот ханшайымның ұзақ уақыт тұрмысқа шыққысы келмей, тәкаппарлық және қатыгездікпен талай жанның басын алып обалына қалады. Турандот жер бетіндегі барлық ер адамға сенбейді,олардың бәрі өтірікші деп ойлайды. Сонда да оған күйеу болғысы келгендер сапқа тізіліп, үміттерін үзбейді. Қыңыр қызының кесірінен әртүрлі елмен соғысуға мәжбүр болған әкесінің күмәнін сейілту үшін ханшайым қулыққа барады. Қолын сұрап, жүрегін ұсынған ханзадалар Турандот жасырған 3 жұмбақты шеше алса ғана ханшайымның жары болуға лайықты. Ал егер шеше алмаса өлім жазасына кесіледі. Осылайша хан ордасы қан сасып, кесілген басқа толады. Сонда өлімнен қорықпаған ханзада Калаф «не Турандот ханым, не өлім – екінің бірі» деп батыл шешіммен хан ордасына бағын сынауға келеді. Әрі қарай түрлі оқиғалар шиеленісе өрбіп, көрерменге ой салып, әрі күлкі сыйлады.

Қойылымда басты рөлдерді Турандот ханшайымды –Гүлзада Айтбаева, Калаф ханзаданы – Ғалымжан Жақыпов сәтті сахналады. Альтоум (Т.Қарынбаев) Панталонне (Ш.Амантұров), Труфальдино (Н.Ізтаев) айшықты образдар қатарында атауға болады. Эпизодтық қана көріністе сахнаға шықса да Темір, Барақ бейнелері де ұтымды сомдалған кейіпкер ретінде көрінді.

Атақты драматург Карло Гоцидің бұл туындысын белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев аударған. Ал қойылымның қоюшы режиссері. – Қуандық Қасымов. Режиссері – Айдар Наурызбаев.

– Осы залға бес жыл бұрын келген едім. Ол кезде қаладағы жалғыз мәдени орын еді. Ұжым сондай жақсы өнер көрсеткенімен, ғимарат жұпынылау, жағдайы қиындау болатын. Өткен жылы облыс басшылығының қолдауымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Театрға деген қамқорлық, көмек Райымбек ағамыздың әруағына құрмет деп білем. Бүгін жаңа ғимаратта 2023 жылдың алғашқы қойылымын жасап жатыр. Түркістанда қазір жаңа мәдени-рухани орталықтар салынып, көптеген ғимараттар ашылып жатыр. Дегенмен бұл театрдың орны бөлек. Бұл Түркістандағы рухани орталықтың қара шаңырағы. Сіздер осы қара шаңырақтың қадірін қашырмай, абыройын асырып жүрген қадірлі ұжымсыздар. Осы еңбектеріңізге табыс тілеймін. Бүгінгі премьераға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Түркістан жай ғимараттармен рухани қала бола алмайды, рухани бай адамдармен еліміздің мәдени ордасы бола алады. Бұл бағытта бірлесе жұмыс жасаймыз, – деді, премьераны көріп, әсерімен бөліскен облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев.

Өз тілшімізден.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы