БІР ЖЫЛДА 100 КІТАП ОҚЫҒАН

387 көрілім

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Фараб» әмбебап кітапханасында «Кітап Travel – 2023» «Шежірелі өлкеден – рухани Темірқазыққа» атты іс-шара өтті.

«Кітап Travel – 2023» акциясын Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев ашып берді. Сонымен қатар, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы, басқарма басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы, Түркістан қаласы әкімінің аппарат басшысы Ерлан Күзембаев, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Сүлеймен Тұрсымбайұлы сондай-ақ бірқатар зиялы қауым өкілдері, әжелер алқасы және Түркістан облысы бойынша кітапханалардың директорлары шақырылған. Бұл акцияның басты мақсаты – оқырман тартуда үздік өлкелерді анықтап, кітап оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ойлап табу және жүзеге асыру, кітапханалар арасында әріптестік байланысты күшейту.

Жиын «Әдеби финал» атты семинармен басталды. Іс-шара барысында үздік кітапханашылар арасында өткен «Кітапхана.Уақыт.Біз» байқауының қорытындысына сәйкес жыл үздіктері таңдалып, арнайы марапатқа ие болды. Сондай-ақ, «Үздік оқырман отбасы», «Ең үздік аудандық кітапхана», «Үздік ауылдық кітапхана» аталым иегерлері анықталды. Ең үздік ауылдық кітапханалар аталымына ие болғандар қатарында Түлкібас ауданы Ақсу ауылдық кітапханасы, Келес ауданы кітапханасы жүлдегер атанды. Сонымен қатар, аталым иелеріне ақшалай сыйлықтар таратылды. «Әдеби финал» жобасы аясында ең үздік оқырмандар анықталды. Олар: «Алтын формуляр» иегері – Өтеген Ысқақұлы, «Үздік оқырман отбасы» – Бекнұр Нұржанұлы, «Кітапхананың тұрақты үздік оқырманы» – Шерхан Саматұлы, «Ерекше мүмкіндікке ие оқырман» – Қымбат Советханқызы марапатталды. Айта кететіні, «Алтын формуляр» аясында марапатталған оқырман Өтеген Ысқақұлы ағамыз бір жыл ішінде 100 кітап оқыған.

Ортамызда осындай кітапқұмар жандардың болуы, қоғамға үлгі болары анық. Сондай-ақ, кітапхана атынан ұйымдастырылған байқаудың жеңімпазы Әселхан Қалжанға кітапхана директорының орынбасары Жанар Жақсылыққызы сыйлыққа кітап табыстады. Жиынның ашылу салтанатында «Фараб» әмбебап кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы, кітапхананың көркеюіне қатысты біршама жоспарлар жайлы талқылады. Соның бірі, электронды сандық сирек қорды ұлғайту мәселесі. «Тарихтан жеткен аманат» – авторлық құқықты сақтай отырып өңір тұрғындарынан, кітапхана қорынан, өңірлік өлкетану музейлерімен келісімшарт жасау негізінде сирек қор жинақтап «Фараб» кітапханасының кітап сканерін пайдалана отырып сандық көшірмеге өту жайлы жан-жақты ұсыныстар тыңдалды.

Жиын соңында «Әдеби финал – 2022» қорытындысына сәйкес директорлар арасында «Директор BATTLE» сергіту ойындары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, оқырмандар арасында өткен байқаудың жеңімпазы анықталып, сыйға тартылған кітаптары табысталды, концерттік бағдарлама қойылып, сахна әсем әнмен көмкерілді.

Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы