Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың қала тұрғындарына есеп беру жиыны өтуде. Аталмыш жиналыста шаһар басшысы «Яссы» секторының тұрғындарына өткен жылда атқарған жұмыстарына есеп беріп, жаңа жылдың жұмыс жоспарымен таныстырды.
Әкімнің баяндауынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Яссы» тұрғын үй алқабында төрт кездесу өткізілген. Жалпы тұрғындармен кездесу барысында 118 мәселе көтеріліп, олардың 112-і толық орындалғанын алға тартты. Ал қалған 6 мәселе орындалу үстінде деп қысқа қайырды.
«Яссы» тұрғын үй алқабына қарасты 11,55 шақырымды құрайтын 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, 44,5 шақырымды құрайтын 38 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

2023 жылы орташа жөндеу жұмыстары 26,8 шақырымды құрайтын 17 көшеге жүргізілетінін жеткізді. Ал жарықтандыру жұмыстары бойынша 76 шақырымды құрайтын 64 көше жарықшамдары толығымен іске қосылды. Қала тұрғындарына үлкен мәселеге айналып тұрған тағы бір проблема аялдама және қоғамдық көліктер болды. Шаһар басшысы бұл сұрақтарға да жалпы шолу жасап, жауап беріп өтті. Түркістан қаласы бойынша 2022 жылға жоспарланған 150 аялдама орнату және 64 шақырымды құрайтын 54 көшеге аяқжол салу жоспарланғанын және оның ішінде «Яссы» секторына қарасты 20 орынға аялдама нысаны орнатылғанын айтып өтті. Сондай-ақ аяқ жол салу 6,7 шақырымды құрайтын 7 көшеде іске асырылды.
– Бұдан бөлек, өткен жылы тасымалдаушы мекемелер тарапынан 36 дана сыйымдылығы жоғары заманауи автобустар алынып, №6,10 бағытындағы автобустар жаңартылып, №17, 20 жаңа бағытындағы қоғамдық көліктер іске қосылды. 2023 жылы Түркістан қаласындағы тасымалдаушы мекеме есебінен 46 жаңа автобус алу жоспарлануда. Жаңа автобус алынған жағдайда жаңадан №16 бағыты ашылып, №9, 9а, 5, 5а бағытындағы шағын автобустар сыйымдылығы жаңа автобустарға ауыстырылатын болады, – деді қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Әкім өз кезегінде қалада салынып жатқан воркауттар, балалардың ойын алаңдары және бүлдіршіндердің әткеншектерін бүлдіру оқиғалары жиі кездесетінін, соған орай, қоғамдық ұйымдармен пәтер иелерінің кооперативтері белсенділік көрсетіп, осыларды сақтауға барынша тиімді пайдалануға атсалысуларын сұрады. Сонымен қатар, қалалық полиция басқармасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Түркістан қауіпсіз қала» бағдарламасына да қатысуға шақырды.
Ержан СМАҒҰЛ,
“Түркістан”.
