Білім – ешқашан шығынға ұшыратпайтын инвестиция. Оған салған барлық қаржы он, тіпті жүз есе болып қайтады. Қазіргі дамыған заманда әрбір тұлға білімді болуға тиіс, сонда ғана бәсекеге барынша қабілетті болып, өмірден өз орындарын табады. «Білген адам, білімді өмір бойы іздейді», – деп Ахмет Йүгінеки айтқандай, өмір бойы білім алып, білімді болу – қоғамда өз орнын табудың кепілі. Соңғы жылдары өмір бойы білім алу концепциясы аса үлкен танымалдылыққа ие болып отыр, себебі оқу ешқашан кеш емес, тек талпыныс болса болғаны. Қазір адамды киген киімі бойынша емес, басындағы білімі арқылы бағалайды. Білімді адам ешқашан жерде қалмайтыны бәрімізге мәлім. Әл-Фараби бабамыз «Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу қабілетіне ие болу» деп айтқан екен. Ол кісінің меңзегені білімдінің бағы мен бабы қатар шабады деген сөзі болса керек.
Сонымен қатар тарихымызда Абай, Ыбырай аталарымыз да жас ұрпақты білім алуға шақырып, білімді болуды насихаттаған болатын. Қазіргі жас ұрпаққа осы тенденцияны қалыптастыру керек деп есептеймін. Себебі – білім бұл адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі. Осындай ұғымдарды мектеп оқушыларының саналарына сіңіре бастау керек деп есептеймін. Санаға сіңіру яғни, ақыл-ой тәрбиесі әр заманда жастарға білім берудің негізгі құралы болып келеді. Мұндай орталарда білім алуға және ғылымға деген ұмтылыс халық санасының тереңінен орын алады.
Ежелден халқымыз білімнің құнын мынадай нақыл сөздермен айтып кеткен – «Ақылдан қымбат байлық жоқ», «Ақылды сатып ала алмайсың», «Ақыл — тозбас киім, білім — сарқылмас бұлақ» деген халықтың даналық сөздерінен-ақ байқауға болады. Тәуелсіздік алғалы бері жыл сайын жүргізіліп, білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар біздің болашағымызға салынып жатқан даңғыл жол деп айтуымызға болады. Өйткені, қай мемлекеттің болсын даму жолы, яғни экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей апарар жол – сол елдің білімінің дамуы болып табылады.
Егер де болашақта бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына ену мақсатымыз болса, онда сол мақсатты соңына дейін жеткізу міндеті білімді бойына сіңірген жауапты жастардың қолында болмақ. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстайтын білікті маман және ел тағдырын шешуші азамат.
Бекназар ҚҰРБАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих факультетінің 1-курс магистранты.
Толқын МУХАЖАНОВА,
ғылыми жетекшісі т.ғ.к,. профессор.