Соңғы кездері жылыжай иелері тарапынан арзан көмір тапшылығы жөнінде мәселе көтерілуде. Жылыжайлар жеке бизнес субъектісі болғанымен облыс әкімдігі тарапынан осы саладағы кәсіпкерлерді қолдау, жылыжайларды қолжетімді бағадағы көмірмен қамту шаралары жоспарланып жатыр. Түркістан облысында былтыр 101 гектарға жылыжай салынып, жалпы көлемі 1625 гектарды құрады. Бұл – республикадағы жалпы жылыжайлардың 71 пайызы.
– Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан жылыжайларды бизнес субъектісі ретінде бөлек шығару жөнінде, яғни олар кен орнынан жеке өздері сатып алу керек деген ұсыныс бар. Бірақ оған қарамастан, жоспарда жеке тұрғындармен қатар жылыжайларды қамту да бар, – дейді Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Марат Байғұнысов.

Облыс тұрғындарымен кездесулерді жылыжай иелерінен түскен шағымдарға орай Түркістан облысынан сайланған сенатор Әли Бектаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында жылыжай шаруашылығымен айналысатын фермерлер коммуналдық тарифтердің қымбаттығына тап болғаны туралы мәселе көтерді.
«Бүгінгі таңда республикада 1 265 гектар жылыжайдың 844 гектары Түркістан облысында орналасқан. Олар жыл сайын 91 мың тонна көкөніс өндіріп, ел тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр. Жылыжайларда 12 мыңнан астам шаруа қожалықтары еңбек етіп жатыр.
Түркістан облысында өндірілетін өнімнің 66% Сарыағаш ауданында өседі. Ол ауданның жалпы ішкі өнімінің 30% құрайды. Бүгінде жылыжай өндірісі өңір ауыл шаруашылығының негізін құрайтын, халықты сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп отырған, сырттан келетін импорттық өнімдерге төтеп бере алатын салаға айналып келеді. Сондықтан бұл саланы қолдау – еліміздің ішкі нарығын және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді Әли Бектаев.
Депутаттың айтуынша, осы саланың дамуына теріс әсер ететін негізгі фактор – коммуналдық қызметтердің жоғары құны. Осы орайда импорттық көкөністердің бағасы төмен болғандықтан, олар сатып алушылар үшін тартымды болып тұр. Сонымен қатар, қысқы жағдайда жылыжай шаруашылығының әлеуметтік маңызын ескере отырып, оларға да қосымша көмір бөлу қажет. Сенатор қазіргі таңда жылыжай өндірісіне қатысты мемлекеттік қолдауды күшейту қажет екенін айтты.
«Әсіресе, көшет өсіріп, оларды егіп, өнім алып жатқан жылыжайларды мемлекеттік қолдау өте маңызды. Сондықтан тұқымға, көшетке, коммуналдық шығындарды төмендетуге арналған қосымша қаржы тетіктері қаралуы керек. Жылыжаймен айналысатын тауар өндірушілерді жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз ету де аса маңызды. Жылыжай өндірісін қолдау және дамытуға қатысты проблемаларды Үкімет деңгейінде арнайы қарап, кешенді шешімдер қабылдау қажет деп есептейміз», – деді Әли Бектаев.
