Осыдан төрт жыл бұрын тәжтажал індеті әлемді жайлаған кезде, Түркістан облысында дәрігерлердің арасындағы сыбайластық салдарынан бұқара халыққа аса қажетті парацетамол, аспирин атты қолжетімді дәрілердің бағасы шарықтап кеткенімен қоймай, дәріханаларда тапшы болып, тамыр-таныс арқылы сатып алуға тура келген болатын.

Биылғы қыстың аса қатал болуына байланысты Түркістан облысында Шұбаркөл көмірінің тапшылығы байқалғанымен қоймай, алыпсатарлар бағасын аспандатып жіберді. Аспандағанымен қоймай, қазір базалардың өзінде көмір қалмаған. База басшылары бірер күнде көмір келетіндігін айтады. Күн суыған сайын баға да шарықтай түсуде.
Түркістан қаласының тұрғындары табиғи газды тұтына бастағалы, қала маңындағы ауылдарға жеткізу мәселесі көп қиындық келтіріп отыр. Түркістандағы көмір базасының жауапты басшысы Үмітбек есімді азамат көмір келген кезде оның бағасын 16850 теңгеден өткізіп жатқандығын айтады. Алыс ауылдардан келген тұрғындар көмірдің өтіп кеткеніне таң қалысып жүр.

Ал көмір базасының маңында тұрған Зил, Газ 53 жүк көліктері мен шағын фургондарда тиеулі көмірі бар. Ал, бірақ олар Шұбаркөл көмірінің тоннасына 24-25 мың теңге сұрап қана қоймайды. Елді мекенге жеткізіп беруін қоса есептегенде Бабайқорғанға баратын көмір бағасының тоннасы 30 мың теңгеден айналса, Майданталға 40 мың теңгеге дейін аспандап кеткен. Жылу беру маусымы қарсаңында қамданбаған қарапайым жұртшылыққа бұл өте ауыр түсіп тұр.
«Ауа-райы жылдағыдай емес, биыл қыс қатты қысып тұр «қыстың аяғы созылуы да мүмкін». Газ бармаған ауылдағы халыққа қазір көмір өте қажет. Өткенде ауылдағы ағайындар қоймай телефон соққан соң өзім демалыс күндері көмір базаларды аралап, арзан көмір таппадым. Басқа жерді қайдам, Түркістан қаласында жүк көлігі бар алыпсатарлар көмір тиеген вагон келген бойда алдын ала тоннасын 14-15 мың теңгедегі төмен бағамен сатып алады да көмір түсіретін темір жол тұйығынан (базадан) сыртына шыға сала тоннасын 24-25 мың теңгеден сатады (таразыдан да жейді екен).

Айталық, ел аузында «топбаз» аталып кеткен көмір базасының төңірегінде (Зил, Газ 53 жүк көліктері мен шағын фургондарда), көшелерде көтеріңкі бағамен көмір толып тұр. Ауылдағы ағайынның қалтасына ауырлау болып тұр бұл бағалар. Олар көмір келгенін естиді. Ауылдан келем дегенше қаланың қуаяқтары алдын ала сатып алып қойып, қымбат бағаға сатады. Сондықтан алыпсатарларды жөнге келтірсе тамаша болар еді»,- дейді абайлық Тубегі Әбдібектегі.
Жақында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Түркістан облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Полатбеков болса:
– Облыс көлемінде көмір тапшылығы жоқ. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі 658,4 мың тонна болса, бүгінде 598,7 мың тонна тасымалданды. Ал «Қазақстан Темір Жолы ҰҚ» АҚ ақпаратына сәйкес, жеке тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мақсатында облысқа Қарағанды облысынан күнделікті 20-30 вагон Шұбаркөл көмірі жеткізіледі. Сондай-ақ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстан Темір Жолы ҰҚ» АҚ, кен орындарымен үздіксіз «zoom» арқылы жедел штаб отырысы өткізілуде.
Спикердің сөзінше, темір жол тұйығы бар елдімекендерде 1 тонна қатты отынның бағасы 14600 – 18500 теңге аралығында сатылуда. Темір жол тұйықтарында жалпы 6500 тонна көмір қоры жинақталған.
