Жақында Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің жоспарына сәйкес балалар мен жасөспірімдер орталығында оқушылардың ой-өрісін дамыту мақсатында оқушылар арасында шахматтан турнир өтті.
Өскелең ұрпақты Отанды сүю, туған жеріне деген сүйіспеншілік, патриоттық, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа білім бөліміне қарасты 26 мектептен 26 оқушы қатысты. Жарыс барысында оқушылар турнирге жақсы дайындықпен келгендіктерін байқатты.
№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Н.Сыздықов, балалар мен жасөспірімдер орталығының әдістемелік бөлім меңгерушісі Н.Ауезов, орталықтың тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі А.Колхозов, бас төрешінің хатшысы орталықтың «шахмат-шашка» үйірмесінің жетекшісі Ж.Сабировтар төрелік еткен турнир тартысқа толы болды.
Жарыс қорытындысы бойынша Медет Қанжарбай (Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясы) І орынды, Еркебұлан Ерболатұлы (М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясы) мен Рамазан Дүйсен (№28 мектеп-лицейі) ІІ орынды иеленді. Үздік үштікті Діннұр Жарас (Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебі), Алиасқар Анарбекұлы (Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебі), Самир Амирхан (Абай атындағы №31 жалпы орта мектебі) қорытындылады.
Сондай-ақ, жарысқа ойдағыдай дайындықпен келген бір топ оқушылар ұйымдастырушылар тарапынан ынталандыру сыйлықтары және Алғыс хаттармен марапатталды.
Е.САМЕТОВ,
Балалар мен жасөспірімдер орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі.
