ТҮРКІСТАН: ШЕШІМІН КҮТКЕН ШАРУАЛАР ШАШ-ЕТЕКТЕН

583 көрілім

Қаңтар айының 10-11 аралығында Түркістан қалалық мәслихаты сектор тұрғындармен кездесіп, 2022 жылы атқарған жұмыстары жайлы есеп берді. Кездесу «Бірлік», «Яссы», «Сауран», «Шауғар», «Отырар», «Бекзат» секторы тұрғындарымен өткізілді. Жиын барысы тұрғындардың көкейдегі мәселелері мен шешімі табылмай жүрген сұрақтарына жауап алумен жалғасты. Тұрғындар өз секторларында болып жатқан маңызды мәселелерді жеткізді.

Жиын барысында мәслихат төрағасы Мақсат Асылбекұлы қалалық мәслихаттың 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы есебін баяндады. Басқосуға қалалық мәслихат депутаттары Сакен Мырзанұлы, Айгүл Өтегенқызы, Сүлеймен Тұрсымбайұлы мен Ардақ Үсенұлы және де қала әкімінің орынбасарлары Ерлан Бақытжанұлы мен Талғат Байжанұлы қатысты.

Мәслихат төрағасының есебіне қарасақ, Түркістан қалалық мәслихаты 2022 жылы тұрақты комиссиялардың отырысын 23 рет, сессия отырысын 9 рет өткізген. Онда 53 шешім қабылдаған. Қабылданған шешімдер: әлеуметтік экономикалық көрсеткіштердің қарқынын қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, шағын және кіші кәсіпкерлікке қолдау білдіруден тұрады. Бюджетке қатысты 4 шешім қабылданған.

2022 жылға арналған бюджетте жалпы кірістер саны 105599280 нақтыланған түрі 132487737 ал айырмасы 26888457 пайызы 125.5 тең. Өзіндік кірістерге келсек 46978127 нақтыланған бюджет 52854335, айырмасы 5876208 пайызы 112.5 тең. Шығыстарға тоқталсақ нәтижеге сәйкес 105 599 280 нақтыланған бюджет 132487737 ал айырмасы 26888457 пайызы 125,5 құрап отыр.Сайлау комиссиялары 6, онамастика комиссиясы бойынша жұмыс 1, мәслихат жұмысына байланысты мәселелер саны 12, 3 нормативтик-құқықтық актілер қабылданған.

Сондай-ақ қаламызда орналасқан 6 мөлтек аудандардың тұрғындарымен жыл басынан бастап 49 рет кездесу өткізген. Ал қоғамдық және жеке қабылдауларды 119 рет өткізген. Онда 475 азаматтың өтініштері қаралған.

Қалалық мәслихат депутаттары қоғамдық іс-шаралардан бөлек қайырымдылық шараларына да қатысып келеді. Атап айтар болсақ, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Түркістан филиалының «Зекет» қорына да депутаттар үлкен үлес қосып тұрғын үйге мұқтаж жандарға қолдау көрсетті. Сонымен қатар «Құрбан айт», ораза айы мерекелерінде депутаттар көптеген демеушілерді тарта отырып мұқтаж жандарға азық-түлік пен заттай, қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Әлеуметтік сала, білім саласы, жастарды қолдау, бұқаралық спортты қолдау, арнайы қоғамдық ұйымдармен байланыс, қоғамдық белсенділікке қатысты біршама іс-шаралар атқарылған.

«Бірлік» секторында жағдай тұрғындардың айтуынша аса мәз емес: газ, олар жол тіпті байланыс жүйесінің нашарлығын алға тартты. «Бірлікте» шамамен 100 шақты үйге газ құбыры тартылмаған. Мәслихат төрағасы бұл сұраққа жоспарда бар деп жауап берді.

Сонымен қатар Бірлік секторының Үржар көшесіндегі 100 шақты жаңа қоныстанған үйлерде ауыз су мәселелері тағы бар. Секторда газ және оның төлемі үлкен мәселе, тұрғындардың айтуынша ай сайынғы төлем әр үйге әрқалай келетін көрінеді. Сектор ақсақалы, газдың төлемінен қарағанда көмір алып жаққаным артық деп айтып қалды. Ал «ҚазТрансГаз» мамандары «ол үйдің үлкен немесе кішілігіне байланысты екендігін айтып, бұл мәселені базадан қарап, коэффициентті есептеу керек» деп жауап берді.

Бұл мәселені «ҚазТрансГаз» маманы басшылығына жеткізіп,өтініштерін қарауға уәде етті. Сондай-ақ газ мәселесінде алаяқтық орын алып жатқаны да белгілі болды. Сектор ақсақалының айтуынша, газ орнатып беремін деп тұрғындардан 100-200 мың тіпті 1 млн- ға дейін ақша жинап, алдап кеткендер болған. Тұрғындардың айтуынша, алаяқ топтар бұрын газ саласында жұмыс істеген ( жұмыстан қуылған) адамдар болып шыққан. Осы мәселе төңірегінде «Бірлік» секторының учаскеслік полицейі, аға лейтенант Ербол Баймұратов тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін айтты.

Кезекті кездесу «Яссы» секторы тұрғындарымен №2 Хамза орта мектебінде жалғасты. «Яссы» секторында да газ мәселесі, интернет «Қазақтелеком», сондай-ақ көшенің атауы мен нөмірлері сәйкес келмейтіні жайлы айтулы мәселелер қозғалды. Тұрғындардың айтуынша көшелерде жарықтар жоқ, жолдағы кәріз көздері ашық. Кәріз көздерінің ашық болуы тұрғындардың үлкен мәселесіне айналып отыр. Себебі көшелерде жарықтың болмауынан балалар, тіпті егде адамның өзі түсіп кете ме деп қорқамыз дейді сектор тұрғындары.

Маңызды мәселенің бірі ол қоғамдық көлік қатынасы болып отыр. «Яссы» секторына қарасты Юсупов көшесіне маршрут мүлдем қатынамайтын болып шықты. Қоса кетсек, Мөңке би көшесі, Саурық батыр, Жылаған ата көшелерінің жолдары өте нашар, лай батпақтан ол жолдың бар жоғы көрінбейді», деді сектор тұрғыны.

Тұрғындар қоғамдық көлік мәселесінен үйіне жете алмай жолда қалғандарын қынжыла жеткізді. Бұл мәселеге қала әкімі орынбасары Талғат Байжанұлы: биылғы жылдан бастап қоғамдық көліктер саны көбейетінін, бірақ көліктер 3 айдан кейін пайдалануға берілетінін айтты. Сонымен қатар, «Отырар» секторы тұрғындарының талап-тілегі тұрғын үй мәселесінен басталды.

– ПИК (КСК) қызмет ақысын сұрайды, бірақ соған лайық қызмет көрсетпейді, жүйесіздіктен шаршадық. Қала әкімі тарапынан мүгедектер мен көп балалы аналарға 50% жеңілдік қарастырылды деген еді. Бірақ ол жеңілдікті пайдаланған емеспіз. Сонда ол сөз өтірік болғаны ма? –деп, сектор ақсақалы тұрғындардың жан айқайын жеткізді.

Кездесудің басты мақсаты тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, орындау болатын. Осы тұрғыда қалалық мәслихат депутаты Сүлеймен Тұрсымбайұлы секторға су құбыры жүруіне қатысты жол жөндеу жұмыстарының тоқтап тұрғанын айтты. Алайда, жол бөлімінің сектор меңгерушісі Ұлан Жамбылұлы көктем айында жол жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз деп уәде берді.

Сонымен қатар қолөнермен айналысатын сектор тұрғыны кәсібін дөңгелету үшін мәслихат депутаттарынан көмек сұрады. Кәсіпкерлікке құштар жандарды депутаттар қолдаймыз деп қуантты. Нәтижесінде әлсіз топтар мен жалғыз басты аналарға тұрғын үй беру мәселесі қарастырылады деп уағдаласты. Сонымен қатар жарық мәселесі де аяқсыз қалмайтын болды.

Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ,

Азамат ӘЛІБЕК,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы