ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

550 көрілім

Жаныңда жүрген жандардың қуанышымен бөлісу, қиналғанында қол созу қазақ халқына тән керемет қасиеттердің бірі. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші, көмекке мұқтаж адамға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды, мүмкіндігі шектеулі ерекше балаларды қолдауды адамгершілік борышым деп санайтын жастардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Солардың бірі Әсел Бимырзамен сөйлесудің реті келген еді.

– Әсел, алдымен сізді «Балалар жылында» ерекше белсенділік танытып, «Жылдың үздік белсендісі» атануыңызбен құттықтаймыз. Жалпы өзіңізді қаламызда қайырымдылыққа құштар жомарт жан ретінде таниды. Атқарып жүрген жұмыстарыңыз жайлы таныстыра кетсеңіз. Қайырымдылық жасауыңызға кімдер атсалысады?

– Иә, рахмет. Игілігі мол сауап істің шарапаты баршамызға тие берсін. Мен қаламыздағы №17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Ал жолдасым жиһаз жасаумен айналысады. Екі қыз, үш ұлдың ата-анасымыз. Мен он жылдан астам уақыт еріктімін. Ал қайырымдылық акциясын ниет білдірген демеушілердің арқасында жүзеге асырып келемін.

 –Кейде пендешілікпен «өз бала-шағамызға жетпей жатқанда» деген ой қылаң беретіні жасырын емес. Өзіңіз де көп балалы ана екенсіз, бұл жағы қалтаңызға салмақ түсірмей ме?

– Бұл қайырымдылық адамның бір-біріне жүректен шыққан шынайы ниетін, адамгершілігін білдіретін ықыласы мен көмегі. Ал ең ізгі қасиеттердің бірі жомарттық. Бұл керемет жақсы қасиет. Алғаш рет көмек сұраған жалғызбасты, көп балалы аналарға көмек беріп көрдік. Иә, жасырмаймын, алғашында өзіміз де пәтер жалдап тұратындықтан қиналыңқырап жүрдік . Өзіміз де жұмыссыз едік. Ниет еткен соң көмек бере алады-ау деген таныстарыма ұсынысымды айтып едім, олар келісе кетті. Әрине, ол кісілерге міндетті түрде есеп жіберіп отырамын. Осылайша қайырымдылық акциясы сәтті жолын тауып жалғасып келеді. Жақсылыққа құштар қайырымды жандарға ризамын. Сондай жандармен айналамыз нұрланып тұр.

– Бұл ісіңізге жолдасыңыз, жақындарыңыз қалай қарайды?

– Басында жолдасым: «Қайтесің шаршап, оның үстіне әр қиналған жанды көрген сайын мұңайып, жүрегіңе жақын қабылдайсың» деп жиі айтатын. Кейін менің алған бетімнен қайтпайтыныма көзі жетті ме, қолдайтын болды. Мен үшін ол кісінің қолдауы маңызды.

– Келешекте қайырымдылықпен айналыса бересіз бе? Жоспарыңыз.

– Әрине. Алла ғұмыр берсе қайырымдылық өмір бойы жалғасады. Қиналған кезімде де ұмыт болмаған игі іс болашақта да атқарылатынына сенімім мол. Қазіргі таңда әр жұма сайын тұрақты түрде көмек бергісі келетіндер қолдау көрсетіп тұрады.

– «Ақниет», «Армандар орындалады» жобаларының мақсатымен таныстырсаңыз.

– 2022 жыл «Балалар жылы» болғандықтан көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы орайда балалардың денсаулығы, әлеуметтік, отбасылық, жас ерекшеліктеріне қарай жағдайлары назарға алынды. Балалар әрдайым үлкендердің қамқорлығы мен қолдауын сезінулері тиіс. Зорлық-зомбылықсыз бақытты балалық шақты бастан өткізуі үшін қоғам болып белсенділік танытудың маңызы зор. Біздің басты міндетіміз ерекше күтімді қажет ететін балалардың қоғаммен етене араласып, олардың да өзіндік орындары бар екенін түсінулеріне, қолжетімді білім алуларына жағдай жасау, қоғаммен бірге жайлы өмір сүруге талпындыру, қамқорлықты сезіндіре отырып, балауса жүректеріне мейірім дәнін себу.

Ал «Армандар орындалады» жобасы баршаны мейірімділікке шақырған және көпшіліктің қолдауына ие болған жоба. Жобаның мақсаты үйден оқытылатын балалардың қоғамнан тыс, елеусіз қалмайтындарын ұғындыру, өмірлеріне өзгеріс енуі үшін қарапайым армандарын орындау арқылы қызығушылықтарын арттыру. Сонымен қатар үнемі жақсы дүниеге ұмтылуы үшін көмекке келетін жақсы адамдардың бар екендерін сезіндіру.

Мұнда тізімге алынған 10 ерекше баланың «Менің арманым…» деп басталатын хаттары жинақталды. Балаларға қуаныш сыйлауға ниет білдірген азаматтарға хат жеребе арқылы табысталды. Сол арқылы баламен жеке танысу басталып армандары орындалуына септігін тигізді. Аталмыш акция 5 рет ұйымдастырылып, 70 баланың арманын орындауға атсалысқан жайым бар. Ерекше баламен кездесіп қолдау білдірген Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы, генерал Мұрат Қабденовтің ізгі ниеті балақайға да, оның отбасына да үлкен үміт отын сыйлағанын қуанышпен жеткізгім келеді.

– Әкімшілік тарапынан осы ісіңізге оң көзбен қарап, қолдау көрсете ме? Олардың тарапынан ұсыныстар болып жата ма?

– Әрине, осы ретте қалалық әкімдікке алғысымды білдіремін. Алғашқы акцияны ұйымдастырарда бірінші әкімдікке бардым. Мені мұқият тыңдап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Ерекше балапандарға арманындағы дүниелерін жай тапсыра салмай, қаланың көрікті жерлерін аралатуға, «Керуен сарайы» ойын-сауық орталығынан қайықпен серуендетуге рұқсат алуға, естелікке керемет фотолар жасауға қуана қолдау білдіретіндерін айтты. Соңынан концерттік бағдарлама ұйымдастыруға Облыстық қоғамдық даму басқармасына, қалалық мәдениет бөліміне, Жастар орталығына, «Ұлы Дала Елі» музейінің қызметкерлеріне, жалпы қолдан келгенше қолдау көрсеткен барша жақсыларға алғысым шексіз! Игілікті іс-шаралар биыл облыс көлемінде жалғасын табады деген жоспарым бар.

– Сұхбатыңызға рахмет, қайырымды істің басы-қасынан табылып, елге пайдаңыз тие берсін!

Несібелі ҒАЙБҰЛЛАҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы