АНТОНҒА ЖЕТЕР АЗАМАТ БАР МА, АЙТЫҢДАРШЫ?

748 көрілім

Антон Лещенконы түркістандық тұрғындар мен билік өкілдері де өте жақсы біледі. Ұзын бойлы ақша жүзді, қашанда елпілдеп, қазақ тілінде еркін сайрап тұрған өзге ұлттың өкілінің риясыз қызметі мен алғаусыз әрекетін, кәсіби қызметін көріп, көзіңіз сүйсініп, ішіңіз жылиды. Ол бастапқы фотографтық қызметін «Тұран-Түркістан» телеарнасынан бастап, директордың технология жөніндегі орынбасарына дейін көтерілді. Телеарнаның өңірге танымал болуына адал қызмет етті. Одан кейін «Түркістан» газетінің фототілшісі қызметінде жүріп басшылардың да көзіне түсті.

«Түркістан-Медиа» ЖШС директоры Мәлік Дәулетовтің айтуынша, жаңаша жұмыс тәсіліне көшкен кезде киелі Түркістанда Антонға талас туған. Қала әкімі Рашид Аюпов қаладағы іс-шараларды, облыс әкімінің баспасөз хатшысы сол деңгейдегі іс шараларды Антонның түсіруін қалайды. Алайда, қалалық газеттің бүкіл суретін өзі шығарып отырған, осы газетттің тілшісі болып сол жерден айлық жалақы алатын болатындықтықтан екі емес, үш оттың ортасында қалады. Ақыры, «күштінің арты диірмен тартадының» керімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманның пәрменімен сонда қызметке кірісті.

Қазірде де қай жерде қандай қалалық шараларда алдыңғы қатардан фотоаппаратын құшақтаған Антонды көресіз. Бертін келе облыс мәртебесін алған киелі шаһар Түркістанның жаңа тарихын жасауға сүбелі үлесін қоса білді. 2018 жылы Мемлекет басшысының пәрменімен Түркістан облыс орталығы мәртебесін алған кезде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің командасында облысты дамытудың қат-қабат, қарбалас жұмыстарының күнтізбесін жасай білді.

Жақында №18 автобуста жұмыстан үйге қайтып бара жатсам, онда артқы орындықта Антон Лещенко отыр. Амандық саулықтан соң, кезінде барлық ақпарат құралдарына төгілтіп материал жазатын Ғафу Қайырбеков туралы сатирик Жарасқан Әбдірашевтің: «Газетіңді ашып қалсаң Ғафекең, теледидар қосып қалсаң Ғафекең, радионы басып қалсаң Ғафекең, мынау өзі шеттегі бір кафе екен, кіріп барсам онда отыр Ғафекең», -деген өлең шумақтарын келтірдім.

«Облыс әкімінің оң қолысың, қоғамдық көлікте не істеп жүрсің? Қызметің орнықты. Джип мініп жүретін кезің ғой»,- десем, табан астында таза қазақ тілінде: «Маған Джип мініп жүруіме бастығым кедергі келтіріп жүр. Сол кісі рұқсат бермейді»,-деп мұңайды. «Ол не қылған бастық? Аты жөнін айт сөйлесіп көрейін»,-деп күшейдім. «Міне отыр. Мынау бастығым мынау бастығымның орынбасары деп» әйелімен қасындағы қызымен таныстырды. Антонның әйелі Юлия да таза қазақ тілінде сайрап тұр.

Қаншама жылдардан бері көңілі дархан даладай, мінезі ашық баладай қаншама ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін бауырына басып, барын ауызына тосқан қазақ жұртына қоныстанғанымен әлі күнге дейін бір ауыз қазақ тілінде сөйлемек түгілі, үйренуге менмендігі мен астамшылдығы жібермейтін, өздерін үстем тап өкілдеріндей сезінетіндерге үлкен өнеге үлгі ретінде Антонды және оның отбасын ұсынар едім. Көрген кезде Антонио Гутеррис деп еркелетемін.

Ал, күні кеше ғана өмірден өткен Шарафиддин Әмір бауырымыздың өзі бүкіл Қазақстанды жаяу аралап, құқық қорғаудың қандай екендігін өз өмірімен көрсетіп кетті. Мамандығына адал болды. Алайда, бейнетінің зейнетін көре алмады. Топырағың торқа болсын асыл бауырым!

Оның алдында елдің бәрі білетін, бейнеоператорлардың шын мәніндегі ұстазы, тұңғыш президенттің жеке операторы Бақтыбай Шаханов кемі 15 киллограмдық «Бетакам» телекамерасымен шапқылап келе жатқанда, журналистер де, репортерлер де, фототілшілер де алғашқы әрі экслкюзив алуға жанталасатын.

Күні кеше ғана министр Дархан Қыдырәлі қазақ фотоқызметінің тарланы Советбек Мағзұмұлы ағамызды 75 жасқа толуына байланысты кеуде белгісімен құттықтағаны қуантты. Сонда әрбір кәсіби маманды тек мерейтойында ғана құрметтеуіміз керек пе?

Біз, міне сонда шын мәніндегі тірісінде құрметтеуге тұрарлық шығармашылық жандарымызды өмірден өткен соң ғана басқалармен салыстырмалы түрде бағалауымыз керек пе?! Осы дұрыс па?

Мемлекеттік тілді жетік білуінің, кәсіби маман ғана емес, қашанда басқаларға қол ұшын беріп, түсірген фотоларымен бөлісуге әзірлігі нәтижесінде әрбіріміздің бауырымыздай болып кеткен елгезек фотограф әріптесіміз туралы қысқаша байламым осындай. Антон қандай болса да құрметке лайық жан.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы