НАЗЕРКЕ – АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ

716 көрілім

Жалпы Түркістан өңірі қасиеттілігімен қоса дара да дана тұлғаларымен, талантты спортшыларымен ерекшеленеді. Осы күнге дейін спорт саласында жеткен жетістіктеріміз бір төбе. Жақында тағы да бір үлкен қуаныштың куәсі болдық. Сауран ауданындағы Майдантал ауылдық округінде туылған батыр қызымыз Назерке Бектемір кикбоксингтен Тайландта өткен Азия чемпионатында алтын медальды иеленіп, барша жерлестерін қуанышқа бөледі.

Жастайынан спортқа бейім, еңбекқор, оқуда озат болған Назерке «Майдантал» жалпы орта мектебін бітірген. Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің дене шынықтыру және спорт факультетін қызыл дипломмен аяқтаған Назеркенің спорттағы жетістіктері дәл осы университетте басталыпты. Осы күнге дейін ол 60 келі салмақта 2021 жылы кикбоксингтен Қырғызстан Президентінің кубогында І-ші орынды, 2022 жылы ерлер мен әйелдер арасында ҚР чемпионатында ІІ-ші орынды, 2022 жылы Қырғызстанда өткен Халықаралық турнирде 2 рет І-ші орынды, Өзбекстанда өткен Халықаралық турнирде І-ші орынды иеленіп спорттағы жетістіктерін еселей түсті.

– Жалпы Тайландта өткен Азия чемпионатына 22 мемлекеттен 600-ден астам спортшылар қатысты. Тартысқа толы өткен турнирдің ақтық сынында үнді қызымен бірінші орын үшін таластым. Шынын айту керек, алтын медальды иелену оңайға соққан жоқ. Жалпы бапкерлерімнің нұсқауларын өз деңгейінде орындадым деп ойлаймын. Алда, ҚР чемпионаты өтеді, соған дайындықты бастап жібердім. Ел біріншілігінде чемпион атансам, әлем чемпионатына жолдама аламын,-дейді бізбен сұхбатта  Назерке Нұрболатқызы.

Жаңа жыл қарсаңындағы нәзік жанды бұрымдымыз Назеркенің қуанышы құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін дейміз!

Бақытжан ТҰРДЫ,

Түркістан қаласының құрметті азаматы. Майдантал ауылдық округі, Ынталы елді мекенінің тұрғыны.

КЕЗ КЕЛДІ НАЗЕРКЕМЕН МАҚТАНАТЫН

Ауылымыздың қызы бар батыр келген,

Мақтанамыз Бектемір Назеркемен.

Атаныпты Азия чемпионы,

Жарыс түрі жекпе-жек кикбоксингтен.

Жарыста ел-аралық  бермей алдын,

Бәрінде жеңіп алған күміс алтын.

Кім екен білемісің ағайындар,

Қызыңды Назеркедей жүрген қалпын.

Бауырлас өзбек, қырғыз, түріктермен,

Бәрінде оза жеңіп алдын келген.

Намысын қазағымның алтындаумен,

Назерке күш-қуатқа ерік берген.

Қызымыз қуандырып  Майданталдан,

Қарағым құтты болсын  алтын медаль.

Жүреміз әрқашанда тілеулес боп,

Әлемдік жеңісіңді күтіп алдан.

Бауырым, құтты болсын Бектемірім,

Өрлесін өркендесін еккен гүлің.

Көтеріп ауылымның атын көкке,

Атансын жұлдызы боп бұл әлемнің.

Кез келді Назеркемен мақтанатын,

Ауыл ел қуануда атап атын.

Келеді көтеріліп жарық жұлдыз,

Рухы демегендей бабалардың.

Аманкелді МІНДЕТБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы