Үйіңізге полицей келсе не істеу керек?

762 көрілім

Түркістан қаласының тұрғындарының назарына керек кеңес айдамызда полицейлердің құқығы жайында мәліметтерді ұсынамыз.

Есікті біреу қағып, полиция өкілі екенін айтқанда, оның шынымен құқық қорғау органының қызметкері екеніне көз жеткізіп алу керек. Негізі олар заң бойынша: Аты-жөнін, қызметтік шенін айтуға; Қызметтік киім киіп жүруге; Қызметтік куәлігін көрсетуге;Келген мақсатын айтуға міндетті.

Егер оған қатысты қандай да бір күмән-күдігіңіз болса, ішкі істер басқармасына телефон шалып, анық-қанығын біле аласыз. Заңгер бұны полиция қызметкеріне есік ашпай тұрып біліп алуға кеңес береді.

Полицейді үйге кіргізу керек пе?

Міндетті емес. Нақты бір салмақты себеп болмаса, полицейдің үйіңізге кіруге құқы жоқ. Онымен есікті ашып, подъезде сөйлесе беруіңізге болады. Тіпті тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркелгенін, пәтерден шығып жатқан айқай-шуды тексеруге келген полицейдің де үйге кіруге өкілеттігі жоқ. Дегенмен уақытша тіркеудің болмауы мен қоғамдық тыныштықты бұзу әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылуы мүмкін. Ол үшін көршілердің жазбаша түрдегі арыз-шағымы болуы керек. Сонда ғана полицей үйге кіре алады. Оның өзінде сіздің рұқсатыңызбен ғана.

Егер пәтеріңізге үстіңгі қабаттағы көршілерден су кетіп жатса да, ешбір құқық қорғау саласының қызметкері ПИК (КСК) өкілдері мен көрші-куәгерлерсіз үйіңізге кіруге құқылы емес.

Ал келген полицей сізге қандай да бір жағдайдың куәгері болуды ұсынса, оған ешкім міндеттемейді. Келісу-келіспеу туралы шешімді өзіңіз қабылдайсыз.

Полицей қандай жағдайда үйге рұқсатсыз кіре алады?

ҚР «Ішкі істер органдары туралы» заңға сәйкес, полицейлер үйіңізге төмендегі жағдайларда ғана рұқсатсыз кіре алады:жеке адамдардың қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған деп күдік келтірілген, қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын орындаудан және өтеуден жалтарып жүрген адамдардың ізіне түсу кезінде;сол жерде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасалағанда немесе жасалу кезінде;жазатайым оқиға болды деп санау үшiн жеткiлiктi мәлiметтер болған кезде;дүлей зілзалалар, апаттар, авариялар, эпидемиялар, эпизоотиялар және жаппай тәртiпсiздiктер кезiнде жеке адамдардың жеке басының қауiпсiздiгi мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн кіру. Бұдан басқа жағдайларда полицей үйге баса-көктеп кіре алмайды.

Полицей қандай құжаттарды сұрауы мүмкін?

Полицейдің тек жеке бас куәлігін ғана сұрауға құқы бар. Одан өзге азаматтық-құқықтық келісімдерді, сату-сатып алу, жалға алу құжаттарын сұрау оның өкілеттігіне кірмейді.

Уақытша тіркеу жоқ. Айыппұл сала ма?

Полицей тек тұрғылықты жер бойынша тіркеу туралы сұрай алады. Оны тек мекенжай анықтамасымен дәләлдеуге болады. Бірақ ол анықтама тек 10 күнге жарағандықтан, полицей келгенде оның заңдық күші жойылып кетуі мүмкін.

Оны тексеру үшін де көршілердің пәтер нөмірін көрсетіп, онда біреудің заңсыз тұрып жатқанын дәлелдейтін жазбаша арызы керек. Осы бойынша құқық қорғау саласының өкілі бірінші рет келгенде тек ережелерді түсіндіріп, тіркеуге тұрудың міндетті екенін түсіндіреді. Ол екінші рет келгенде (30 күннен кейін) де тіркеу болмаса, 7 АЕК (16 835 теңге), қайталанса 13 АЕК (31 265 теңге) айыппұл салынады. Бұндай жағдайда үйін жалға берген адам да жазаланады: жалға алушы адамдардың 10 күннен астам тіркеусіз тұрғаны үшін 10 АЕК (24 050 теңге), қайталанса 20 АЕК (48 100 теңге) айыппұл төлейді.

Полицей қандай жағдайда үйді тінте алады?

Үйге тінті жүргізу үшін прокуратураның немесе соттың шешімі керек. Егер ол полицейдің қолында болмаса, тінту жасап кеткен соң 24 сағат ішінде сол шешімді пәтер иелеріне беруі керек.

Полицейдің құқық бұзғаны жөнінде қайда шағымдануға болады?

Егер полицей сізбен дөрекі сөйлессе немесе ақылға сыйымсыз талаптар қойса, аудандық ІІБ немесе қалалық ІІД басшысына, прокуратураға, сотқа арыздана аласыз.

Полиция қызметкері қандай жағдайда адамға оқ ата алады? Қай заңға қару керек?

Маманның айтуынша, қазақстандық полицейлердің жүріс-тұрысын, әдебін, жұмыс тәртібін “Құқық қорғау қызметі туралы” Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-ІV Заңы реттейді.

“Осы Заңда құқық қорғау органдарындағы қызметтің құқықтық негізі, құқық қорғау қызметінің принциптері, кадр қызметі, қызметкерлердің құқықтық жағдайы толығымен көрсетілген. Дәлірек тоқталатын болсақ, полицейлер жоғарыда аталған заңға сәйкес құқық қорғау органының қызметкері болып саналады. Яғни, полицейлердің жүріс-тұрысын, әдебін, жұмыс тәртібін аталған заң реттейді”, – дейді адвокат.

Ал егер осы заңда қызметкерлердің жұмыс тәртібіне байланысты кейбір мәселелер көрсетілмеген жағдайда аталған мәселелер ҚР Еңбек кодексі арқылы реттеледі екен.

Қару қандай жағдайда қолданылады?

Ал полицейлердің оқ атуына, қандай жағдайда тапанша қолдана алатынына қатысты сұрағымызға маман былай деп түсінік берді:

“Жоғарыда аталған заңның 59-бабына сәйкес қоғамға қауіпті әрекеттерді тоқтату, құқықбұзушылықтардың сипаты мен нақты ахуалдарды ескере отырып, оларды жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткізу мақсатында қолданылады. Қолданылатын қару ретінде – атыс қаруы және өзге де қару, арнаулы құралдар және дене күші көрсетілген. Қызметкерлердің осы Заңда атыс қаруын және өзге де қаруды қолдану рұқсат етілген барлық жағдайда дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар”.

Осы заңның 61-бабының 1-тармағына сәйкес қызметкерлердің атыс қаруын және өзге де қаруды мына жағдайларда қолдануға құқығы бар:

– жеке адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда оларды қылмыстық сұғушылықтан қорғау, сол сияқты кепілге алынғандарды босату;

– қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне, қоғамдық тәртіпті қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі қызметтік немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылға тойтарыс беру;

– құқық қорғау органының атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы көлік құралын тартып алу әрекеттерінің жолын кесу;

– жеке тұлғалардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететін объектілерге, мемлекеттік ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылға тойтарыс беру, қызметтік немесе әскери нарядқа жасалған шабуылға тойтарыс беру;

– қарсылық көрсететін не қылмыс жасау кезінде үстінен түскен, қамаудан қашқан адамдарды ұстау;

– егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрсе, көлiк құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату;

– адам өміріне немесе денсаулығына іс жүзінде қатер төндірген жағдайларда хайуанаттардың шабуылынан қорғану;

– қару қолдану ниеті туралы азаматтарға ескерту, дабыл сигналын беру немесе көмекке шақыру үшін;

– қажетті қорғаныстың және аса қажеттіліктің барлық өзге де жағдайларында.

Полицей бөтен қаруды қолдана ала ма?

Маманның айтуынша, бұл заңның 62-бабының 3-тармағына сәйкес қажетті қорғаныс және аса қажет жағдайларда немесе қылмыс жасаған адамды ұстаған кезде қызметкер өзінде қажетті арнайы құралдар немесе қару болмаған кезде қолда бар кез келген құралды пайдалануға, сондай-ақ осы Заңда белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен жарақтандыруға тұрмаған өзге де қаруды қолдануға құқылы.

Cондай-ақ, полицейлер қару қолданған жағдайдағы талаптар мен жауапкершіліктер бұл заңның 62-бабының 4- тармағының 1-тармақшасынла қарастырылған екен. Оған сәйкес, полицей қару қолдану алдында ескерту жасауға және талаптарды орындауға жететін уақыт беруге міндеттеледі.

“Бұл бап бойынша, атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолдану кезінде қызметкерлер кешіктіру азаматтардың, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін, өзге де ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін жағдайда қару қолдану ниеті туралы ескертуге, бұл ретте оларды қолдану көзделіп отырған адамдарға өзінің талаптарын орындау үшін жеткілікті уақыт беруге міндетті”, – деп түсіндіреді маман заңды.

Полицей қаруды негізсіз қолданса қалай жазаланады?

Алайда бұл ескерту мен уақыт орынсыз немесе мүмкін емес жағдайларда берілмейтін де жағдайлар бар. Бірақ адвокат осы баптың 6-тармақшасына сәйкес қызметкерлердің атыс қаруын өкілеттігін асыра пайдалана отырып қолдануы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.

“ҚР ҚК-нің 362-бабына сәйкес билiктi немесе лауазым өкiлеттiктерін асыра пайдалану, яғни мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның құқықтары мен өкiлеттiктерінің шегінен анық шығатын және азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заң бойынша қорғалатын мүдделерiне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан әрекеттер жасауы қылмыс ретінде сараланып, оны жасаған тұлғаға қатысты осы бапта белгіленген жаза түрі көзделген”, – деді маман.

Ал полицейдің қаруды елімізде жиі қолданбауына себеп ретінде адвокат заңда мұндай жауапкершілік қарастырылмағанын атады. Яғни қазақстандық полицейлерге керек болған жағдайда қаруды қолданбағаны үшін жауапкершілік арқаламайды екен.

“Қазақстан Республикасының заңдарының шеңберінде “қаруды қолданбаудың жазасы” туралы мәселе қарастырылмаған. Сол себепті ондай жаза жоқ деген тұжырымға келуге болады”, – деді Жанна Таженова.

АҚШ-та коптар қаруды неге жиі қолданады?

АҚШ полицейлерімен салыстырып көрсек, ол елде полицейлердің қаруды көп қолданатынын байқаймыз. Бұған маманның жауабы да дайын – АҚШ-та тек қызметкерлер емес, бейбіт тұрғындарға да қару алып жүруіне рұқсат бер.

“Менің естуім бойынша, АҚШ-та оқ қаруларының түрлерін қолдануға тек қызметкерлерге ғана емес, қатардағы азаматтарға да рұқсат етілген. Ал, біздің мемлекеттің заңнамасы бойынша қатардағы азамат тұрмақ, лауазымды құқық қорғау органы қызметкерінің өзі заңда көрсетілген ерекше жағдайларда ғана қолдануға құқылы. Қару қолдану кезінде белгілі бір салдар тууының жауапкершілікке әкеп соқтыру мүмкіншілігі біздің мемлекетіміздің құқық қорғау органының қызметкерлерінің қаруды сіз айтқандай қолдануға жүрексінуін туындатады деген ойдамын”, – дейді ол.

Назарларыңызға рақмет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы