Түркістандық тұрғындардың назарына: Авторлық құқық бұзылса…

217 көрілім

Соңғы кездері ән ұрланғаны, ғылыми жұмыстардың қолды болғаны туралы жиі еститін болдық. Кейде аты белгілі ғалымдардың еңбектерінде плагиаттық сипат барын естігенде айран-асыр боласың. Бірақ, құқық қорғау орындарына сұрау салғанымызда авторлық құқық туралы істердің тіркелуі сирек екен. Авторлық құқық тек интеллектуалдық меншікке яғни шығармашылық жұмысқа ғана емес, қарапайым фотосуретке не видеоға да қатысты болып шығады.

Еліміз егемендік алғалы бері зияткерлік меншік құқығын қорғаудың заңнамалық базасы қалыптасты. Әдеби және көркем шығармаларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясы, Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясы, Патенттік ынтымақтастық туралы келісім, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы туралы авторлық құқық және орындаушылықтар мен фонограммалар туралы шарттар халықаралық актілерге сәйкес келтірілді. Зияткерлік меншік объектілерін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік, қылмыстық, азаматтық-құқықтық жауапкершілік қарастырылған. Десе де заң саласының ғалымы Темірлан Төлегеновтің пікірінше, бізде авторлық құқықты насихаттау іс жүзінде жоқ. Авторлар өз құқықтарын мүлдем білмейді, авторлық құқықтың дұрыстығына сенбейді. «Авторлық құқық, ең алдымен, кәсіпкерлік туралы заң екенін түсіну керек. Бұл сіздің шығармашылығыңыздан ақша табуға көмектеседі. Бұл бағытта ешкім жұмыс жасамайды. Сот практикасы авторлық құқық тұрғысынан өте аз. Адамдар заңды білмейді және сәйкесінше осы заңның арқасында, ең болмағанда, өз құқықтарын қорғауға болатынын білмейді» дейді ол.
«Әділет» заң консультанттары палатасының заңгері Дәулет Қамытбековтың айтуынша, авторлық құқықты бұзу көбінесе кәсіпкерлердің заңдарды білмеуінен болады. «Қарақшылық» деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын, зияткерлік меншік иелері орасан зор шығынға ұшырайды. Заңды бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 100-ден 15 мың АЕК-ке дейінгі зиянды өтейді.
Дегенмен соңғы кезде авторлық құқықты қорғау туралы әңгіме көбірек қозғалатын болып жүр. Мысалы, фотограф М. бес жылдан бері интернетте және одан тыс жерлерде өз фотосуреттерін заңсыз пайдаланумен күресіп келе жатқанын айтады. Ол фотосуреттерді ұрлау іс жүзінде әлемдік ауқымға ие болғанына мысал келтіреді. «Мен авторлық құқықты бұзумен күн сайын дерлік кездесемін: менің фотосуретім ең консервативті бағалау бойынша, кемінде 5500 рет ұрланған» дейді. Әрине, ондай жағдайда авторлық құқықты даулап сотқа беру керек.
Авторлық құқық туралы құжатқа келетін болсақ, оны алу өте оңай, Алексей Солодкийдің айтуынша: Ол үшін Әділет министрлігі жанындағы зияткерлік меншік құқығы комитетіне өтініш беру керек. Сонымен қатар, сіз тікелей туындының өзін және автор екеніңізді растауыңыз керек. «Егер бұл фотосурет болса, онда сізге ең болмағанда сіз осы жұмыстың авторысыз және бұл үшін жауаптымыз деген мәлімдеме керек» дейді ол. Егер фотосуреттің авторы екенін алға тартқан басқа адам пайда болса, іс сот алаңына өтеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы